Қанатымен су сепкен қарлығаштай

1634

0

Дәл қазір ауруханалардағы басты қиындықтың бірі – оттегі баллондарының жетіспеу­шілігі. Өйткені, коронавирус­тан бөлек, пневмония мен тұмаудың көбеюі екі өкпесі қабынған, жағдайы ауыр науқастардың санын көбейтті. Иә, биылғы шілде бұрынғыдай болмай тұр. Жаздың бел ортасы, десе де жан-жағымыз жөтелген адам. Түшкірген кісіге үрке қарайтындай деңгейге жетсек те, сырқаттардың еміне сеп болсақ деген ізгі ниетті жастар ауруханаларға оттегі баллондарын тасып, үй-үйді аралап, дәрі үлестіріп жүр.

Осы айдың басында ­«Ел-Арай» қоғамдық қорының жетекшісі Асхат Байдәулетов Facebook әлеуметтік желісінде ауруханаларға оттегі баллондарын тасу үшін волонтер керегін жазған еді. Хабарландыруға белсенді жігіттер бірден үн қосты. Облыстық жастар ресурстық орталығының жанындағы еріктілер штабының мүшелері де сөзден іске көшіп, уәделі уақытта жұмысқа кірісті. Тіпті орталықтың автобусы баллон тасу үшін берілетінін де жеткізді. Айта кету керек, волонтерлар  баллондарды көпбейінді қалалық аурхана, көпбейінді облыстық ауруханадан бөлек,  басқа да емдеу нысандарына жеткізді.

Негізі бұл жұмысты арнайы жауапты мекеме атқаруда. Бірақ уақытпен санаспайтын, жоспарға қарамайтын осындай күрделі мезет туғанда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірігу керегі белгілі. Волонтерлар мұны жақсы түсінді әрі науқастарға көмек көрсетудің өзге де жолын қарастыруда.

Күні кеше облыстық жастар ресурстық орталығы жанындағы әлеуметтік дүкеннің бағыты өзгерді. Енді мұнда сырқаттарға көмектесу үшін тұрғындар мерзімі өтпеген дәрі-дәрмектерін өткізе алады.

– Әлеуметтік дүкен бұрын тұрмыстық заттар қабылдап келсе, бүгіннен бастап өздеріңізден артылған, пайдалануға жарамды, мерзімі өтпеген дәрі-дәрмектерді қабылдап, сұраныс жасаған, нақты қажет ететін жандарға үлестіруді қолға алды. Егер, өзіңізден артылса, өзгеге пайдасы тисін десеңіз, қолыңыз­дағы дәрі-дәрмекті жастар орталығы жанындағы әлеуметтік дүкенге өткізсеңіз, дәрігер нұсқамасы көрсетілген жандарға жастарымыз үлестіруге дайын. Бір-бірімізге көмек қолын созайық, қиын сәтте бірге болайық, – деді әлеуметтік желіде облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов.

Орталық мамандары өткізуге болатын дәрінің тізімін де жариялады. Олардың қатарында цефазолин-акос, тиа­мина гидрохлорид, грипго, тайлол фен хот, мукалтин, ампицилин, стрептоцид, аспирин сынды аса қажетті дәрілер бар.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<