Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев жергілікті және облыстық БАҚ өкілдерімен кездесті. Онда көпшілік көкейіндегі сан сауалдарға нақты жауап берілді.
Мәселен, журналистер тарапынан қозғалған ауыл тұрғындарын мазалаған жайылымдық жерлердің ахуалы, Сырдария өзеніндегі су тапшылығы, елді мекендерді газдандыру бағыты, көшелерді жарықтандыру, жол мәселесі, өзге де сұрақтарға аудан әкімі толыққанды жауап қайтарды.
Әуелі шартарапты дүрбелеңге салған пандемияның жайы сөз болды.
– Осы жылы көптен бері шешімін таппай келе жатқан Әйтеке би кентіндегі емхана құрылысын қаржыландыруға қол жеткізілді. Соның нәтижесінде ауысымына 250 келушіге арналған емхана құрылысы басталды. Ол үшін облыстық бюджеттен 505 млн теңге бөлінді. «Жол картасы» бағдарламасы аясында аудандық емхана мен аудандық ауруханаға қарасты жұқпалы аурулар бөлімінің ғимаратына, оған қоса, 6 дәрігерлік амбулатория, 7 медициналық пунктке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Әлемді дүрліктірген жұқпалы індет біздің жерлестерімізге де оңай тиген жоқ. Сындарлы сәтте дәрігерлер күндіз-түні науқастардың жанынан табылды. Аянбай еңбек етті. Қиын кезде барлық медициналық көмекті көрсетті. Ауданда пневмония диагнозы бойынша жалпы 499 адам есепке алынған. Оның 443-і ауруынан жазылып шықты. Біз азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктірдік. Коронавирус инфекцияның алдын алу, емдеу мақсатында жұқпалы аурулар бөлімінен 35 провизорлық, 20 инфекциялық төсек-орны жасақталған. Эпидемиологиялық ахуал кезінде бұрынғы туберкулезге қарсы диспансер ғимаратынан 150 инфекциялық төсек-орын бейімделді. Аудандық бюджет есебінен және демеушілік жолмен емдеу мекемелеріне барлығы 32 оттегі концентраторы алынып берілді. Әлі де болса, бізге 10 дана ИВЛ аппараты мен қажетті қорғаныс құралдары жетіспейді. Соған орай, облыстық бюджеттен 797,9 мың теңге бөлу жөнінде ұсыныс берілді, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Айтуға тиіспіз, пандемия кезінде ел ағалары бастап, қалың көпшілік қоштап, сырқат жандарға қолұшын созғандар аз болған жоқ. Елдің елдігі сынақта білінді. Мұндай игі істен мекеме ұжымдары, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар мен жекелеген азаматтар да қалыс қалмады.
Кездесуде аудан әкімі әлеуметтік салалардағы негізгі басымдықтарды сөз етті. «Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету де күн тәртібінен түскен емес. Аудандағы барлық ауылға таза ауызсу жеткізілген. Дегенмен, 3 ауылда сервистік желі тартылмаған болатын. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Бекарыстан би ауылында жалпы құны 845,8 мың теңгені құрайтын 17 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде ауылға сервистік ауызсу желісін тарту, мектеп ғимаратына күрделі жөндеу, 7 көшеге орташа жөндеу, 8 көшені жарықтандыру жұмыстары қаралған. Қараша айы туысымен Жанқожа батыр және Майдакөл ауылдарында құрылыс жұмыстары басталып кетті. Байқожа локалды су құбырын қайта жаңғырту үшін облыстық бюджеттен 35,8 млн теңге бөлініп, жоба-сметалық құжаттары әзірленуде» деп бір ширатып өтті аудан басшысы.
Жасыратыны жоқ, жоғарыда айтылған 3 ауылды сервистік желіге қосу көптің көңілін 2013 жылдан бері күпті еткен мәселе болатын. Содан бері қаншама уақыт өтіп, бірнеше әкім қызметін жаңартты. Тіпті, дайындалған жоба-сметалық құжаттары мерзімі өтуіне байланысты бір мәрте қайта жасалыпты. Бұл туралы БАҚ беттерінде дабыл қаққан мақала да жарияланды. Ендігі жерде мәселе шешімін табуға бет бұрса, неге қуанбасқа?!
«Газ келді дегенше, жаз келді десейші». Осы сөздің қазалылықтардың санасына сіңгелі біршама жыл болды. Оңтүстік өңірлерге қарағанда аталған ауданның өзіндік табиғи ерекшелігі бар. Қысы қытымыр әрі шұбалыңқы келеді. Облыстың солтүстік беткейінде орналасқан, екі күннің бірінде қарлы дауылы көз аштырмайтын Арал, Қазалы аудандарында жылудың маңызы өте жоғары. Сақылдаған сары аязда үйіңді қолдан от жағу тәсілімен жылыту да оңайға соқпайды. Ал газдың өзіндік орны бар.
Қазалы ауданында бұл төңіректе толымды тірліктер тындырылған сынды. Әйтеке би кентіндегі тұрғын үйлердің 85 пайызы табиғи газ желісіне қосылған. Енді көгілдір отынның таралу аймағын аудан көлемінде ұлғайтуға нақты қадам жасалуда.
– Биыл «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасымен Ғ.Мұратбаев ауылына газ апаруға 239,5 млн теңге қаралды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал Қазалы қаласын газдандыру жұмыстарын бастауға аудандық бюджеттен 3,7 млн теңге бөлінді.
Сонымен қатар, Жалаңтөс батыр мен Қ.Пірімов ауылдарын газдандыру үшін жоба жасауға 16 млн теңге бөлініп, жеңімпаз мекеме анықталып, жобасы әзірленуде, – деді ендігі сөзінде Мұрат Нәлхожаұлы.
Қазалы ауданы – ауыл шаруашылығы саласына бейімделген өңір. Қырында төрт түлік төлдетіп, Сыр беткейінде егін салған аудан жұртшылығы өзге де кәсіптің қыр-сырына қанық.
Дерекке жүгінсек, Қазалы ауданында 9 айда салаға тартылған негізгі инвестиция көлемі 906,3 млн теңгені құрады. Есепті кезеңде 10 млрд 948,9 млн теңге көлемінде өнім өндіріліп, 718,6 млн теңге субсидия төленген.
Биыл 17 675 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Әртараптандыру бағытына мән беріліп, нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда аталған дақылдар көлемі 452 гектарға артты.
Мал басында да өсім бар. Төрт түліктің 68,3 пайызы жеке тұлғалар, 29 пайызы ауылшаруашылық кәсіпорындарының, 2,7 пайызы шаруа қожалықтарының үлесінде екен. Ал биылғы «Алтын дән» мерекесінде «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында 9 айда 297 млн теңге несиеге 2026 бас мал алынған.
Қазалы облыста өңдеу саласы бойынша «Озат аудан» атанды.
Аудан басшысымен кездесуде өңірдің дамуы мен өзге де шешімін күткен мәселелер талқыға салынды.
Қазалы ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<