Қазалыда егінге алғашқы орақ түсті. Диқанның жаз бойы төккен терінің өтеуін таразылайтын шақ келді.
Аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі – «РЗА-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Ү.Түктібаев ауылындағы егін алқабына алғашқы орақ түсті. Танап басындағы басқосуда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай көрсеткіштер мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімдеді. Серіктестіктің бас агрономы Нұрлан Наурызбаев шаруашылықтың егін орағына дайындығы туралы айтты.
«Тоғызарқан» учаскесінде аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, Қазалы ауданының құрметті азаматы Айтбай Көшербайұлы, еңбек ардагері, Ү.Түктібаев ауылының тұрғыны Бағзалбай Қалышев диқандарға сәттілік тіледі.
«РЗА-Агро» ЖШС өндіріске жаңа технологиялар енгізуге баса назар аударады. Бұл күні рәсімге қатысушылар жер тегістейтін итальяндық «Мара» лазерлік агрегатының қарқынды жұмыс процесіне куә болды.
Осы жылы Қазалы ауданында 17 675 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Негізгі дақыл – күрiш 6496 гектарды құрайды.
Әртараптандыру бағытына мән берудің нәтижесінде жаздық бидай 140, арпа 108, тары 4, сүрлемдік жүгері дақылы 200 гектарға артық егілген. Биыл картоп, көкөніс, бақша дақылдарының өндірістік негіздегі көлемі де артқан.
Мәселен, Сарыкөл ауылдық округіндегі «Данияр» шаруа қожалығы мен Ақжонадағы «Дүзбаев Әсет» шаруа қожалығы картоп пен көкөніс, бақша дақылдарын егіп, өз өнімдерін өткізген. Жалпы ауданда күзгі шешуші маусымды ойдағыдай атқару шаралары қызу жүріп жатыр.
Жұмабек Табынбаев,
«Сыр бойы»
Қазалы ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<