Сонау бір кезеңдегі саясаттың салқынына ұшырап, туған жерінен ауа көшіп, табиғаты бөтен, тұрмыс-тіршілігі бөлек қазақ жеріне қоныстанған Пак әулетінің қызы Лилия кішкентайынан қазақ балаларымен қатар өсті. Әлі есінде, өзі құралпы қазақ қыздарымен бірге ойнап жүріп, шоққа піскен ып-ыстық тапа нанды таласа-тармаса бөлісіп жейтін. Сондайда қариялардың қабағынан жылылық көріп, маңдайынан сипаған алақанынан мейірім шуағын сезінетін.
Қиыр Шығыстан Қазақстанға келгенде (1932 жылы) анасы Ким Лира небәрі он үш жаста болған екен. Ашаршылықтың азабынан өздері әзер күнелтіп жатқан қазақ жұрты тағдыры тартысқа түскен корей отбасыларына қамқор пейіл танытты. Қатарға қосып, қолындағы азғантай асын бөліп ішті. Осылайша бойжеткен Лира аудандық денсаулық саласында ұзақ жыл абыройлы еңбек етті. Жары Андрейден ерте айырылып, жалғыз қызы Лилияны қатарға қосуға барын салды.
Қазақ халқының ортасында өскесін, талап бірдей, тәрбие тіні сабақтас, бірте-бірте тілі де түсінікті болып кетті. Жалағаштың жайсаң жұртынан ешқандай жаттық көрген жоқ, қайта қамқорлығы мен қолдауы ерекше болды. Ол үнемі қызына халыққа жақын болуды, адал еңбек етіп, ар-ибасын сақтауды айтып отыратын. Анасының ақылымен Лилия да қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрпына, танымы мен тәрбиесіне құрметпен қарауды жастайынан жадына түйіп өсті.
Аудан орталығындағы №31 орта мектептен орта білім алып, 1972 жылы Қызылорда медициналық колледжін үздік оқып бітірген Пак Лилия аудандық өкпе аурулары ауруханасынан еңбек жолын бастады. Ең алдымен емделушілерді дер кезінде қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге ден қойды. Алдына келген науқастың талап-тілегіне мұқият қарайтын. Содан болар, дертіне дауа іздеген жабырқау жандар оның кәсіби қызметінен бөлек, жылы сөзінен де жұбаныш табатын. Өз ісін талапқа сай тиянақты атқаратын маман қоғамдық және санитарлық ағарту жұмыстарына да белсене араласты. Арада жылдар өте келе абыройлы қызметімен ауыл-аймақтың алғысына бөленді. Еңбек жолының соңғы жылдары аудандық орталық ауруханада аға мейіркеш қызметін атқарды. Бас-аяғы қырық екі жыл денсаулық сақтау саласында қызмет еткен Пак Лилия Андрейқызы Елбасының Құрмет грамотасын, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіндегі үздік қызметі үшін» төсбелгісін, тағы басқа көптеген марапаттарды иеленді.
Аяулы жары Пак Мирон ағаймен бір шаңырақта 50 жылдан астам бақытты ғұмыр кешіп, үш бала тәрбиелеп өсірді. Мирон ағай аудандық электр тарату жүйесі мекемесінде ұзақ жыл абыройлы еңбек етті. Бүгінде олар ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-шөбере сүйіп отыр. Айта кетейік, Пак отбасының екі келіні қазақ, сондай-ақ, немере қызы да қазақ отбасына келін боп түсті. Аудан халқымен бірге араласып, біте қайнасып келе жатқан Пак әулеті «Атамекен, құтты қонысымыз – Қазақстан», – дейді. Соның айғағы болар, олардың «Беташар», «Қыз ұзату», «Бесіксалар», «Тұсаукесер» тойлары да қазақы дәстүрге сай аталып өтеді. Құда күтіп, сый табағын тартады. Сондай-ақ, Наурыз, Айт мерекелерінде қазы-қартасын асып, бауырсағын пісіріп, дастарханын дәмге толтырып, қонақ күтеді.
Бірде Жалағашқа барғанымда Лилия апайды кездестірдім. Қазақша зерленген, көздің жауын алатын әдемі қамзол киіп алыпты. Әдеттегі әйел затына тән қызығушылықпен:
– Лилия апай, мына керемет қамзолды қайдан алдыңыз? – деп сұрадым.
– Құдалардың кигізген киті. Жақында немеремді ұзатып едім. Сонда кигенім ғой. Мынадай білезігі тағы бар,–деп ақ көңіл апайымыз жаңалығын жайып салды.
– Құтты болсын! Балалар бақытты болсын!
– Иә, ең бастысы, балаларымыз бақытты болсын! Алған-бергенде тұрған ештеңе жоқ,– дейді Лилия апай. Расында, ол кісі қазақ халқының жөн-жоралғысын жақсы біледі, ырым-тыйымдарын да ұстанады. Баяғы біздің әжелеріміз сияқты ол да «көз тимесін» деп немере-шөбересінің омырауына түйреуіш қадап қоятыны бар. Осындай тамаша табиғи болмысы, кең пейіл, көпшіл қасиеті кез келген адамды өзіне баурап алады.
– Лилия апай, аға буын өкілі, еңбек ардагері ретінде бүгінгі жастарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– Бүгінгі жастардың талпынысы бөлек, таңдауы биік. Жан-жақты білім алып, қарым-қабілетін танытуына толық мүмкіндігі бар. Ал жақсы табыс тапқан адамның тұрмысы да жайлы болады. Сондықтан барынша білімге құштарлық қажет, – дейді ол.
Иә, сол бір қысылтаяң шақта кең құшағына сыйдырған қазақ халқының арқасында емін-еркін өсіп-өніп, бейбіт те берекелі өмір сүрген Пак әулеті бұл күнде қазақпен мың жылдық құда-жекжат болып, татулық тамыры тереңдей түскен.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<