Халықтың алғысына бөленіп, еңбектің шынайы бағасын алған жандардың бірі – Ажаркүл Алдажарова. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ІІІ дґрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері, Қазалы ауданының құрметті азаматы Ажаркүл Сейділдақызы биыл 70 жасқа толды.
Саналы ғұмырын еңбекке арнап, еліміздің дамуына үлес қосқан ол 1950 жылы 25 қаңтарда Қазалы ауданы, Майлыбас ауылдық Советіне қарасты Ленин колхозында дүниеге келген. 8 сыныпты бітірісімен анасына көмекші болып, шаруашылықтың сан түрлі жұмыстарына араласады. 18 жасында алғаш рет «Қаратүбек» деген жерге күріш егіп, 40 центнерден өнім алды. Мұнан соң 1976 жылы Қызылту совхозында бірінші рет инженерлік жүйеге келтірілген жерге күріш егіп, онан 70-99,6 центнерден өнім жинайды. Бұлай мол өнім алу оңай шаруа емес. Сол уақыттағы қиыншылық Ажаркүл апаның әлі есінде.
– Еңбекке ерте араластым. Ол кезде қазіргідей техника жоқ, барлық жұмысты қолмен атқарасың. Бізге қойылатын талап та бөлек болатын. Әуелгіде алдыңғы буын аға-апаларымыз Пернегүл Фархатова, Үрзия Егізбаева секілді күрішшілерге еріп, 20 гектардай жерге егін салдым. Кейін жыл сайын егін көлемін көбейтіп отырдым. Таңның атысынан күннің батысына дейін атыз жағалап, су кешіп жүрдік. Қас қарайғанда үйге келіп бала-шағаммен қауышамын. Таң атпай тұрып солардың тамағын дайындап, нанымды жауып қайта кетемін. Күнделікті жұмысым осылай өрбитін, – дейді диқан.
Осындай еселі еңбегінің арқасында ол III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің алтын медалімен марапатталды. Облыстық Советтің депутаты болды. Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, бірнеше жыл бойы социалистік жарыс жеңімпазы атанды.
Ол 45 жасында республикалық дәрежедегі зейнет демалысына шығады. Зейнетке шықса да, күріш егіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағына ие болды. Бұл туған жерінің, халқының Ажаркүл апаға деген құрметі мен шынайы алғысы болатын.
Ажаркүл Алдажарова жұбайы Ержігіт Қараманов екеуі алты бала тәрбиелеп өсірді. Көпбалалы ана олардан 22 немере, 14 шөбере сүйіп отыр.
Еңбекпен шыңдалып, қиындыққа төзіп, бақытын тапқан Ажаркүл апаның өмірі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Ер мінезді қайсарлығы, қажырлы еңбегі мен тынымсыз ізденісі бүгінде оны парасат биігінен көрсетуде.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<