Қазына қазаны ортаймаған Қазалы

832

1

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық белесі – өткенге көз жүгіртіп, жеткен жетістіктерімізді, бағындырған белестерімізді бағамдайтын мерейлі мезет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: «Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы» деген еді.

Президент атап өткендей, Тәуелсіздіктің 30 жылында еліміз биік белестерді бағындырып ғана қойған жоқ, талай өткелдерден өтті. Қазалы ауданы да ел егемендігімен бірге есейіп, өңіріміздегі өзге де аудандармен қатарласа, қанаттаса көркейіп келеді. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бұл ілгерілеудің бәрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға бағытталып жатқанын айтады.

– Қазалы ауданы жаңа жетістіктер мен әлеуметтік жаңару жолында алға қарай қадам жасауда. Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындауда бірқатар оң өзгерістерге қол жеткізілді. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде аудан экономикасы тұрақты дамып, аудан бюджетінің кірістер бөлігі көбейді. Тәуелсіздік жылдарында ауданда 70-тен астам әлеуметтік нысандар салынды. Оның ішінде мектептер мен балабақшалар, мәдениет орындары бар. Аудан орталығы мен ауылдар абаттандырылып, көріктене түсті, – деген аудан басшысы бұл жасалған жұмыстардың барлығы тәуелсіздік тартулары, жұдырықтай жұмыла білген халқымыздың ерен еңбегі екенін атап өтті.

Шынында Қазалы өлкесі Тәуелсіздіктің 30 жылдық тойына толымды табыстармен жетіп отыр. Жыл басынан бері өзекті мәселелердің түйіні тарқатылып, бірқатар шаруаның шешімі табылды.

– Президент Жолдауы елдің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарына арналды. Онда айтылған экономиканы барынша әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібі өнімінің экспортын арттыру сынды нақты қадамдар ел дамуына жаңа мүмкіндіктер әкелетіні сөзсіз. Агроөнеркәсіп кешенінде қордаланған проблемалар өз алдына бір төбе. Бұл орайда, Президент әкімдердің мал шаруашылығын жайылыммен қамтамасыз ету, қолайсыз ауа райының болуы мүмкін зардаптарының алдын алу, ауыл шаруашылығы нарығында баға белгілеу, аграрлық саясаттағы сабақтастықты жолға қою мәселелеріне тоқталып, нақты тапсырмалар берді. Бұл ретте аудан экономикасы жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, жыл басында аудан бюджеті 21,6 млрд теңге болып бекітілсе, он бір айда 22,9 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде өз кірістеріміз 1,9 млрд теңгені құрады, – дейді Мұхтар Оразбаев.

Негізінен, аудан бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайтудың бірден-бір көзі – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Осы орайда, жыл басынан бері өнеркәсіп кәсіпорындарында 15,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Өнеркәсіптің басым бөлігі өңдеу өнеркәсібінің үлесінде. Биылғы 11 айда бұл салада 13,3 млрд теңге көлемінде өнім өндірілді.

Бүгінгі күнге дейін кәсіпкерлік субъектілерінің саны 5512 бірлікті құрады. Он бір айда 1047 кәсіпкер тіркелді. Бұл 2020 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 390 кәсіпкерге артық. Жалпы тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің ішіндегі жұмыс істеп тұрғаны 5188 бірлікті құрап, кәсіпкерлердің белсенділік көрсеткіші 94,1 процентке жетті. Осы жылдың он бір айында түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында 804 адам 3,2 млрд теңге қайтарымсыз грант пен несие алды. Жыл басынан бері аудан аумағында 13 кәсіпкерлік нысан пайдалануға беріліп, 63 адам жұмыспен қамтылды. Жаңа өндіріс орындарын көбейту мақсатында ашылған «Өндірістік аймақта» жалпы құны 152 млн теңгені құрайтын алты жоба жүзеге асырылуда. Тағы бір жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. «Өндірістік аймақ» аумағына жетіспейтін инфрақұрылым түрі – газ желісінің жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, сараптамадан өткізуге аудандық бюджеттен 1,7 млн теңге қаржы бөлінді.

Сәл шегініс жасасақ, пандемияның аймақтардың қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайына әсері экономиканың барлық саласында бірқатар проблемаларды ашты. Бұл облыста экономиканың барлық саласы мен әлеуметтік салаға, азық-түлік, азық-түлік емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің негізгі түрлерін өндіру және тұтыну теңгеріміне ауқымды талдауды жедел жүргізуге себеп болды. Талдау қорытындысымен агломерациялық тәсіл негізінде қызмет түрлері бойынша саралау арқылы бизнеске 4600-ден астам тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін жалпы сомасы 270 млрд теңгеден асатын 265 жобаны іске асыру ұсынылды. Осылайша, былтыр облыс әкімінің тапсырмасымен «Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі даму жоспары» әзірленген болатын. Жоспарға сәйкес, Қазалы ауданы ауыл шаруашылығы саласына негізделген топқа іріктелді.

– Биыл жоспар аясында ауданда іске асырылатын жалпы құны 979 млн теңгені құрайтын 18 жоба жоспарға енгізілді. Бүгінде ұсынылған 18 жобаның ішінде 15-і жүзеге асырылды. Қалған үш жоба жыл соңына дейін толығымен іске асырылады деп жоспарлануда. Жыл аяғына дейін 1,1 млрд теңгенің жобалары қаржыландырылып, 30-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деген жоспар бар, – дейді аудан басшысы.

Жолдауда атап көрсетілгендей, ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімімен қамтамасыз ету. Жер кодексіне қазақстандық инвесторларды ауыл-аймақтарды дамыту үшін қаржы салуға ынталандыратын түзетулер енгізілді. Бұл өзгерістер ауыл шаруашылығы жерлерін толық экономикалық айналымға түсіруге мүмкіндік береді.

Шын мәнінде, осындай шешімдердің барлығы агроөнеркәсіп секторына оң ықпал етері сөзсіз. Келешекке сенімді қадам жасауда ауылшаруашылық саласын жолға қоюдың маңызы зор. Себебі табиғи ресурстар мен пайдалы қазбалар таусылған уақытта, халық ауылшаруашылық өнімдері арқылы нарықтан кешеуіл қалмайды. Бұл – қазіргі таңда әлемдік ғалымдар мен саясаткерлер айтып жүрген тұжырым. Сол себепті ауданда ауылшаруашылық саласын жетілдіру үшін біршама тың жобалар қолға алынып, бүгінгі таңда өз нәтижесін беруде.

Қазалы ауданы – ауыл шаруашылығына бейімделген аймақ. Сала мамандары көктемдегі құрғақшылық пен Сырдария өзеніндегі су тапшылығына қарамастан, жылды табысты қорытындылап отыр. Қазалылық диқандар уақытты тиімді пайдаланып, ұйымшылдықпен астықты ысырапсыз жинап алды. Қырман қызылға толып, елдің ырысы артты. Биыл 6587 гектар күріштің әр гектарынан 44,9 центнерден өнім жиналып, ел қамбасына 29,5 мың тоннадан астам астық құйылды. Бұл – зор жетістік, үлкен нәтиже, барша аудан халқының ынтымақты тірлігінің жемісі.

Аудан жыл қорытындысымен облыста жеңімпаздар қатарынан көрініп, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуде жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін биыл екінші рет қатарынан «Озат аудан» номинациясымен марапатталды. Ал, Медеу Есқожаев басқаратын «Агро Өркен» ЖШС егін егу маусымында мол өнім алған күрішшілерге екі су жаңа автокөліктің кілтін табыстады. Одан бөлек, екі диқанға 500 мың, бір бригадирге 1 млн теңге ақшалай сыйлық тапсырды.

Салада өнім көлемі бойынша өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,3 процент өсім қалыптасты. Жыл басынан бері бұл салаға 403,2 млн теңгеден астам субсидия төленіп, 519,7 млн теңге инвестиция тартылды. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласында жаңбырлатып суару әдісі өз маңыздылығын көрсетті. Осыған орай, «РЗА» АҚ-ның су үнемдеу технологиясы арқылы малазықтық дақылдар өсіру жобасы қолға алынып, 87 гектар жерге сүрлемдік жүгері орналастырылып, өнім жиналды.

Мал шаруашылығына келсек, төрт түліктің барлық түрінде өсім бар. Қазір аудандағы мал басының басым бөлігі, яғни 65,2 проценті жеке тұлғаларда, 2,5%-і ауылшаруашылық кәсіпорындарында, 32,3%-і шаруа қожалықтарының үлесінде. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында он бір айда 50 жеке кәсіпкер 169,9 млн теңге несиеге 448 бас мал сатып алды. Сонымен қатар 54 шаруа қожалығы 706 млн теңге несие алып, 4570 бас мал сатып алды.

Ел Президенті «Адамдар – инфрақұрылымға» қағидатының сақталуы айрықша маңызды екенін де атап көрсетті. «Болашағы бар ауылдарды дамытуға баса назар аудару керек. Басты мақсат – олардың Өңірлік стандарттар жүйесіне сай болуын қамтамасыз ету» деді Мемлекет басшысы. Бұл ретте, аудан әкімі инженерлік-инфрақұрылымды дамыту мәселесі басты назарда екенін айтты.

– Себебі жер кезегінде тұрған тұрғындар саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Бүгінгі күні инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген учаскелерден 306 адамға жер берілді. Аудан бойынша 11018 тұрғын жер алу үшін кезекте тұр. Он бір айда 42483 шаршы метр тұрғын үй салынып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 106,2 процентке орындалды. Баспана мәселесін шешу үшін көптеген жобалар қолға алынған. Биыл аталған мәселені шешу үшін жалға берілетін үйлерді сатып алуға 388 млн теңге қаржы қаралды. Бұған көлемі 60 шаршы метрден кем болмайтын 35 тұрғын үй сатып алу жоспарлануда, – деді Мұхтар Оразбаев.

Сондай-ақ, өткен жылы республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, Әйтеке би кентінен бірқабатты төрт пәтерлі 10 тұрғын үй салынды. Қазіргі таңда ауызсумен, газбен, электрмен жабдықтау жұмыстары толығымен аяқталған.

Сонымен қатар, биыл «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй сатып алу үшін 280 млн теңге қаралды. Бүгінгі күнге дейін бағдарлама шеңберінде 65 маманға, оның ішінде білім саласынан 32 маманға, денсаулық саласынан 26 маманға, спорт саласынан төрт маманға, агроөнеркәсіп кешені бойынша үш маманға тұрғын үй сатып алынды.

Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Биыл Жанқожа батыр және Майдакөл ауылдарындағы тұрғын үйлерге сервистік ауызсу желісі қосылды. Егер қаржы мәселесі шешімін тапса, Әйтеке би кенті мен Байқожа елді мекені аралығында 63 шақырым магистральдық желі тартылып, жол бойындағы алты елді мекенге ауызсу барады. Қазалы ауданы бойынша Әйтеке би кенті мен Ғ.Мұратбаев ауылы «көгілдір отынның» игілігін көруде. Қазіргі таңда Қазалы қаласын газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ендігі кезекте Жалаңтөс батыр, Қашақбай Пірімов және Басықара ауылдарын газдандырудың жоба-сметалық құжаттарын дайындап, сараптама қорытындысын алу үшін 22,6 млн теңге бөлінді.

Ауыл арасындағы жолдар мен елді мекен көшелерін жақсартуға да көңіл бөлінуде. Биыл бөлінген 3,1 млрд теңгеге аудандық маңызы бар 50 шақырым жол мен 40 көше жөнделуде. Әйтеке би кентіндегі 19 көше мен Қазалы қаласындағы 10 көшеде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, ауылдық елді мекендегі 11 көше жөндеуден өтуде.

– Сонымен қатар, өткен жылдан бастап қала мен кенттің екі аралығындағы жолды кеңейту жұмыстары басталды. Қазіргі таңда екі темір-бетон көпір мен екі су өткізгіш құбырлар қайта жаңғыртудан өткізіліп, жолдың негізгі қабаты күшейтілуде. Бұл үшін бюджеттен 1 млрд 341,8 млн теңге қаржы бөлінді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Әйтеке би кентінде екі көше қайта жаңғыртудан өтуде. Сонымен қатар, «Аймақаш» шағын ауданынан автомобиль жолы салынуда. Ең бастысы, осыдан үш жыл бұрын басталған, Кәукей ауылына баратын автомобиль жолын жөндеу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, Қарлаң көпірінен Қожабақыға дейінгі, Қазалы қаласы мен Әлсейіт көпіріне дейінгі жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, Отгон мен Тасарық, Әйтеке би кенті мен Басықара, Бекарыстан би – Майдакөл – Түктібаев және Бекарыстан би мен Жаңақұрылыс елді мекендеріне тиесілі 64 шақырым жолды жөндеу үшін бес жоба дайындалып, қаржыландыру үшін автомобиль жолдары комитетіне бюджеттік өтінім тапсырылды. Осындай нәтижелі жұмыстардың арқасында жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы сапасын жыл қорытындысымен 75,6-дан 80,3 процентке жеткізу жоспарланып отыр, – дейді аудан басшысы.

Ауданда салауатты өмір салтын ұстанатын жандар мен жастардың қатарын көбейтуге, бұқаралық спортты дамытуға көңіл бөлінуде. Тұрақты түрде спортпен шұғылданушылардың саны 23743 адамға жетіп, жалпы халық санындағы үлес салмағы 30,4 процентті құрады. Биылғы он бір айда 113 спорттық іс-шара өткізілді. Аудан спортшылары бір Қазақстан Республикасының спорт шебері, үш спорт шеберлігіне үміткер, екі І разрядты спортшы нормативтерін орындады. Спорт түрлері бойынша қазалылықтар халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарға қатысып, 47 алтын, 53 күміс, 74 қола медальға қол жеткізді.

Әлеуметтік саланың дамуын жеделдету – ең негізгі міндеттердің бірі. Жыл басынан бері экономиканың түрлі саласында 2581 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 1196-сы – тұрақты жұмыс орны. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі 5 процентке тұрақтады. 109 адам жастар тәжірибесіне, 1159 адам ақылы қоғамдық жұмысқа жіберілді. Жыл басынан бері 10 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкеге 267 жұмыссыз қатысып, 101 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді.

Бүгінде аудан халқының 23,7 проценті – жастар. Биыл жастар саясаты саласындағы өңірлік бағдарламаларды iске асыруға 21,5 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл жастар арасында мәдени, спорттық шаралар, акциялар мен семинар-тренингтерді көптеп ұйымдастырумен бірге, жастар арасындағы жұмыссыздық пен қылмысты азайтуға бағытталды.

Қорыта айтқанда, ауданда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Алда күтіп тұрған іс те, жұмыс та жетерлік.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<