Қызыл кітапқа енген өсімдікті жұлғаны үшін ШҚО-ның үш тұрғыны бас бостандығынан шектелді, деп хабарлайды Егемен Қазақстан Polisia.kz.-ға сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласының жергілікті тұрғындары Қызыл кітапқа енген өсімдікті жұлғаны үшін сотталды. Риддер орман шаруашылығы аумағында Разлеванка өзенінің жанында үш дос жойылып кету қаупі бар өсімдіктерді кесіп тастаған.
– Қызыл кітапқа енгізілген өсімдіктерді заңсыз өндіргені үшін сот Риддер қаласының тұрғындарына қатысты айыптау үкімін шығарды. Жалпы алғанда сотталғандар Қызыл кітапқа енген өсімдіктердің 250-ден астам сабағын кескен, – деді Риддер қалалық пробация қызметінің бастығы Альмира Майылханова.
Сотталғандардың айтуынша, олар «ұсақ пияздан» салат жасамақ болған. Алайда, өсімдіктің бұл түрі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген. ШҚО Риддер қалалық сотының үкімімен жігіттер ҚР ҚК – нің 339-бабының 2-бөлігі 2-тармағымен қарастырылған-сирек кездесетін және Құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдік түрлерімен, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен заңсыз қарым-қатынас жасағаны үшін сотталды.
– Сотталғандар үш жылға бас бостандығынан шектеу жазасына сотталып, пробация қызметіне есепке қойылды. Қазіргі уақытта есепте тұрған сотталғандармен профилактикалық жұмыс жүргізілуде және бұдан әрі пробация қызметінің бақылауында болады, сондай-ақ қайта құқық бұзушылық жасаған жағдайда сотталғандардың бас бостандығын шектеу түріндегі жазасы неғұрлым қатаң – бас бостандығынан айыруға ауыстыруы мүмкін. Бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу ережелері сотталғандарға түсіндірілді, – деді Риддер қаласының пробация қызметінің бастығы Альмира Майылханова.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<