Облыс орталығындағы қоғамдық көліктерге электрондық билет жүйесі енгізілді. Бүгінде қаладағы 89 қоғамдық көлікке аталған жүйенің терминалдары мен валидаторы орнатылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтылды.
– Қазіргі таңда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша шаһарда жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көліктерде электронды түрде жолақысын төлеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Биылғы қыркүйектен бастап қалалық машруттарда сараланған тариф енгізіледі. Қолма-қол төлем 120 теңге, ал электронды төлем 90 теңгеге тұрақтамақ, – дейді облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Мұрат Тілеуімбетов.
Сала басшысы өз сөзінде «Қызылорда-Ташкент» бағытына халықаралық 1 автобус маршруты, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Ақтөбе және тағы басқа қалаларға облысаралық 13 автобус маршруты ұйымдастырылғанын айтты. Аталған машруттарда әр түрлі сыйымдылықтағы 1303 автобус қызмет көрсетуде. Оның 109-ы облысаралық, 266-ы ауданаралық, 292-сі ауданішілік, 636-сы қала және қаламаңына қатынайтын автобус.
Бұған қоса, облыс және аудан орталықтарынан шалғай орналасқан, жолаушылар ағымы аз және жол сапасы төмен елді мекендерге әлеуметтік мәні бар маршруттар ұйымдастырылды. Оларға облыстық бюджет есебінен субсидия қаралған. Жолақысы халыққа тиімді әрі төменгі деңгейде.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<