Қызылордада Чернобыль құрбандарын еске алды

984

0

Биыл Тәуелсіздігін жариялап, еліміздің егемен ел атанғанына 30 жыл толды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басқан Қазақстан үшін биылғы жыл толымды істерге толы болуы тиіс» – деп атап өтті. Осыған орай бүгін Қызылорда қаласындағы Тағзым алаңы аллеясында Чернобыль радиациялық апат құрбандарын еске алу күніне арналған митингі және гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Қызылордада Чернобыль құрбандарын еске алды

Шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Әбжәліұлы Ахмет, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалары, «Чернобыль ардагерлері», «Ару-Ана» қоғамдық бірлестігінің мүшелері қатысты. Адамзатқа орны толмас зор қасірет әкелген әлемдегі ең ірі ядролық техногендік апатқа биыл 35 жыл толды. Апаттың салдарынан 5 миллионнан астам халық зардап шекті. Оны залалсыздандыруға 600 мыңға жуық адам қатысты. Химиялық қорғау полкі құрамында 32 мың қазақстандық болды. Қызылорда облысынан апаттың зардабын жоюға 1000-ға жуық азамат қатысса, бүгінде оның 300-дейі ғана ортамызда.

– Сіздердің әрбіріңіздің Тәуелсіз еліміз бен Сыр өңірі үшін орындарыңыз бөлек. Ел мерейін еселеп, тәу етер Тәуелсіздігімізді баянды ету Сіз бен біздің қолымызда екендігін ешқашан ұмытпауымыз қажет. Халқымызда «Ерлік – жан дүниенің ұлы қасиеті» – деген сөз бар. Өмірінің өлшеулі бір бөлігін, жауқазын жастық шағының сүбелі үлесін қиыншылық пен қасіретті кезеңде өткізсе де бүгін ортамызда жүрген рухы биік, батыл жандармен жүздесу – біз үшін үлкен ғанибет.Баршаларыңыздың дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық тілеймін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз әрқашан еңселі болсын, – деді облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет.

Еске алу шарасының жалғасы ретінде өңіріміздегі барлық білім беру ұйымдарында онлайн ашық тәрбие сабақтары, музейлер мен кітапханаларда «Чернобыль АЭС апатына 35 жыл» тақырыбында онлайн көрмелер ұйымдастырылуда. Жалпы залалдың зардабын жоюға атсалысқан азаматтардың мүддесін қорғайтын Қызылорда облыстық және қалалық «Чернобыль ардагерлері», «Ару-Ана» Кеңес Армиясы, Чернобыль және Ауған жесірлерінің одағы» қоғамдық бірлестіктері жұмыс жасайды.

Қызылордада Чернобыль құрбандарын еске алды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<