Қызылорда облысында көгершін өсіретін азаматтар баршылық. Құстың бұл түрінің ерекше қасиеттері жөнінде қызықты деректер жайында кеңінен ой бөліседі.
Қармақшы ауданының тұрғыны Гәжденбек Әлекеев жарты ғасырдан астам уақыттан бері көгершін баптаумен айналысады. Алғашқыда көрші үйден жалғыз құсты асырауға алады. Содан бастап оны күтіп-баптауға қызығушылығы оянады. Оның айтуынша, аталған құстарға қарап көптеген ізгі қасиеттерді байқауға болады. Адалдық пен тыныштық, сабырлылық пен төзімділік – көгершінге тән құбылыс. Құстардың ұшқанына қарап миың сергіп қалады. Ол адамның көру қабілетін арттыра түседі. Мойынға жиналған тұзды кетіруге де олардың оң әсері бар.
Аталған ауданда тұратын Сарман Қайырбаев та бала жасынан көгершін өсірумен әуестенген. Содан бері байқағаны бұл құс жұбымен ұшуға әуес. Аналығы жоқ болса аталығының да жағдайы болмайды, барған ортасына сіңісе алмайды, яғни бір-бірінсіз өмір сүруі қиын. Олардың кейбірі тоқтамастан 2-3 сағатқа дейін ұшады. Тіпті, көкте 8 сағатқа дейін қалықтайтыны кездеседі.
Әлемде Германияда көгершін өсіруді кәдімгі үлкен кәсіп түрі етіп бекітіп, тұрақты айналысады. Олар арнайы үй салып, сонда ұстайды. Ерекше бағалайды.
Қазалы ауданының орталығы – Әйтеке би кентінде тұратын Бақытбек Сайболсынов көгершін өсіруге бала кезден жақын болған. Бүгінде 37 жасқа келіп қалған ол олардың санын 100-ден асырған сәті болған екен. Кейіннен таныстарына көбісін сыйға тартып жіберген. Оның айтуынша, аталған құстың күтімі жақсы болса, екі аптада бес мәрте екі-екі жұмыртқадан туады. Көгершіндер мезгіл таңдамастан ұша беретін көрінеді. Десе де мекенінен алысқа ұшып кетпейді. Қыс айларында құлашын кеңге жазып, ерекше ықыласпен самғайтын көрінеді. Меншікті мекенін таңдап алғаннан кейін оған өзге құстарды жолата бермейді. Бір қызығы, одан ұрлап кеткен кейбір көгершіндер өзінің байырғы мекеніне қайтып келген екен.
Бұдан бұрын Қызылордада танымал тұлғалармен есімі де, тегі де ұқсас азаматтар бір ауылда тұратынын хабарлаған едік.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<