Қызылорда облысында ауыл тұрғындары полиция қызметкерін ұрғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шиелі кентінде полицейлер «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасы кезінде көліктің алдыңғы бөлігінде мемлекеттік белгісі жоқ «Daewoo Nexia» автокөлігін тоқтатуға әрекеттенді. Алайда жүргізуші оған бағынбай Алғабас ауылына қарай қашып кетуге тырысты. Полиция қызметкерлері оған «Көкшоқы» елді мекенінде аталған көліктің тоқтауын тағы талап еткен болатын. Бұл сәтте көлік жүргізушісі қызметтік автокөліктің алдыңғы оң жағындағы бамперіне соғып, сол күйі тоқтамастан өзінің тұрғын үйдің ауласына дейін қашып келген. Ол полиция қызметкерлеріне құжатын беруден бас тартқан.
«Алғабас ауылының бірнеше тұрғыны оқиға орнында полиция қызметкерлерінің әрекеттеріне заңсыз араласты. Олардың біреуі полиция қызметкерін күш көрсетіп, оқиға орнынан қашып кеткен. Кейіннен үш күдікті қамауға алынды. Қазіргі таңда оларға қатысты сот қаулысымен «кепіл» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Онда билік өкіліне қатысты күш қолдану жағдайы көрсетілген. Сараптамалар тағайындалды», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Ведомсто мәліметінше, автокөлік жүргізушісіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабы 1-бөлігі, 611-бабының 2-бөлігімен хаттама толтырылып, ол аудандық сот қаулысымен бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<