Облысқа жұмыс сапары кезінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов облыстық жедел жәрдем станциясының жұмысымен танысты. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мобильді қызметті іске асыру нәтижесінде шақыртулар төмендегенін жеткізді.
Эпидемиологиялық ахуал күрделі уақытта шақыртулар саны тәулігіне 2500-ден асып, жүктеме 2 есе артқан. Дегенмен, қазіргі таңда ахуалдың тұрақталуына байланысты шақыртулар саны азайып отыр.
Маусым айындағы шарықтау шегімен салыстырғанда 52,7 процентке азайғаны байқалады. Соңғы 2 аптада 39 процентке төмендеді. Оның ішінде тыныс алу жолдарының аурулары – 74%-ке, жедел респираторлық вирусты инфекция – 82,5, пневмония 60 процентке төмендеген.
Пневмония жағдайларымен шақыру көп кезінде науқастардың 85 проценті стационарға жатқызылса, қазіргі таңда 45,3 проценті тасымалданып, көрсеткіш 79,3 пайызға түсті. Яғни ауыр түрдегі науқастар азайды.
Вице-Премьер жедел жәрдем стансасының оперативті іс-қимылын, шақырту қабылдайтын диспетчерлік бөлімдегі сall орталықтың жұмыс процесін бақылады. Әр диспетчер күніне 150 қоңырау қабылдап келген.
Вирус індеті басылған кезде шұғыл қоңыраулар азайған. Шақырыс көп кезде 1-3 санаттылық бойынша бір жедел жәрдем тобына 30-35 шақыру, қазір тәулігіне – 16-18, 4 санатты жедел жәрдем тобына 20-22 шақырудан түсуде.
Жедел жәрдем қызметінің науқастарға уақытылы жетуін іске асыруда жеңіл және орташа дәрежедегі науқастарға емханалар жанынан құрылған мобильді топтар көмек бөруде. Бүгінгі күні облыс бойынша 161 мобильді бригада жұмысын жүргізуде.
Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен
қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<