Кеше облыс ґкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Құрылысшы күні» кґсіби мерекесіне орай сала қызметкерлері мен ардагерлерін қабылдады. Мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Құрметті құрылыс саласының қызметкерлері мен ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Аймағымыздың өсіп-өркендеуіне, жаңаша серпін беретін құрылыс индустриясын дамытуда үлкен үлес қосып келесіздер. Өздеріңізге белгілі, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары табысты жүзеге асырылуда, – деді облыс әкімі.
Соңғы жылдары Сыр өңірі қарқынды құрылыс алаңына айналды. Биыл облыста «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1406 пәтерді құрайтын 87 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұл тұрғын үйлер жеке компаниялар есебінен жүргізілуде. Жыл соңына дейін 698 отбасы сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлермен қамтамасыз етіледі. Ал, 115 отбасына кредиттік тұрғын үй табысталатын болса, жеке компаниялар есебінен 156 пәтерлік 4 тұрғын үй ел игілігіне берілмек. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалар аясында жыл аяғына дейін 969 пәтерлі 74 көпқабатты үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша әлеуметтік аз қамтылған отбасыларын тұрғын үймен қамтуға биылғы жылы республикалық бюджеттен 3,1 млрд қаржы бөлінген. 2020 жылдың қорытындысымен барлығы 391,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, 45,3 шақырым жерге инженерлік-инфрақұрылымдық желілері жүргізіледі.
Облыс әкімі карантин уақытында да өңірде құрылыс жұмыстары тоқтамағанын айтты. Өз кезегінде сала ардагерлері Құралбай Базарбаев пен Манарбек Еспенбетов өңірдегі құрылыс саласының қарқыны жайында айта келе, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.
Жиында мерекеге орай бірқатар құрылыс мекемелерінің басшылары облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында «Промстройсервис-Е» ЖШС, «Астана Сервис ЛТД» ЖШС, «Авангард ПГС» ЖШС, «Интегрострой» ЖШС және «Стандарт Строй Сервис ЛТД» ЖШС құрылыс мекемесі бар.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<