«Ұйқыдан ауырмай тұрудың өзі – жарты бақыт». Журналист Бейсен Құранбектің бұл сөзін аурухана палатасында күн өткізген жандар жақсы түсінеді. Мұндайда дәрігердің емі де, мейірбикенің күдікті үмітке жеңдірген сөзі де шипалы.
Мейірбике Гүлжазира Зиятова мұны студент кезінен-ақ ұқты. Қызылорда медициналық жоғары колледжінде оқыған уақытта зейінділікті талап ететін мейірбике жұмысы тынымсыз екенін білсе де ерекше қызықты. Осылайша бала кезінен ақ халат киіп, ата-әжемді емдесем деген арманы мыңдаған адамнан алғыс алуына жол ашты.
№3 қалалық емханада еңбек жолын бастаған ол бүгінде науқастар іздеп тұратын мейірбикеге айналды. Үлкен мен кішінің көңілін тез табатын мінезі, науқасты өзіне жақын тартатын қамқор көңілі кәсіби міндетіне мұқият Гүлжазираны үздік маман атандырды.
Жыл өткен сайын тәжірибе жинақтап, білімін басқалардың игілігі үшін пайдалана білген ол қазір мамандандырылған көмек көрсету бөлімінде қызмет етеді. Сондай-ақ, індетке қарсы екпе жүргізетін вакцинатор.
– Адамдағы үміт оты сөнбегенін, жүзіндегі қуанышты көру – айтып жеткізгісіз керемет сезім. Ауруханаға келген әр адамда іштей мазасыздық, алаңдаушылық, уайым болатыны белгілі. Сондайда пациенттің алаң көңілін басып, бәрі жақсы болатынына сендіріп, міндетімді шын ықыласпен атқаруға тырысамын. Тіпті, әр дәріні берген сайын «ем болсын» деген сөзіме ата-әжелердің шын жүректен рақмет айтып, палатадан шығарда бата бергені, ізгі-тілектері ешнәрсемен өлшенбейді, – деді ол.
Расында, өмірде ақшамен өлшенбейтін дүниелер бар. Әр науқасты танымаса да күліп қарсы алып, туысындай қамқор болатын мейірбике адамдардың шын ниетін осылай бағалайды. Білімі терең әрі қағылез маманның мерейі үстем болатыны белгілі. Былтыр Гүлжазира «Үздік мейірбике» номинациясымен марапатталды. Бірақ нағыз маманның марапатқа марқайып, тоқмейілсімейтіні белгілі. Бізбен аз-кем әңгімеден соң ол қауырт қызметіне кірісіп кетті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<