Сенім шеннен жоғары

1073

1

Елімізде төтенше жағдай кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау мен карантин шараларын қамтамасыз ету мақсатында қарқынды жұмыс жасалды. Әсіресе, блок-бекеттерде ішкі істер органдары мен  медицина саласының қызметкерлері үздіксіз қызмет атқарды.  Халықтың  қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп, қызметтік міндетін адал орындағандардың бірі – Сырдария аудандық полиция бөлімінің кадр саясаты тобының инспекторы, полиция капитаны Айдос Алматов.

Қиындыққа толы, құқық қорғау саласында жүрген ол «елге болысу, барынша адал қызмет көрсету  – азаматтық міндетім» деп санайды.

Айдос Аханұлы 2006 жылдан бастап ішкі істер органында қызмет жасайды. Еңбек жолы Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы патрульдік полиция батальонында басталған. 2011 жылы өзінің туған жері Сырдария ауданына келіп, онда уақытша ұстау изоляторының полициясы болды. 2016 жылдан бері аудандық полиция бөлімінің кадр саясаты тобының инспекторы қызметін атқаруда.

Полиция қызметкері болу оның бала күнгі арманы еді. Әуелгіде заң колледжін тәмамдап, онан соң әскер қатарына алынады. Әс­кери борышын өтеп келген соң «Болашақ» университетіне түсіп білімін толықтырды. Оқып жүріп, еңбекке араласты.

Өзінің тынымсыз еңбегімен көзге түскен тәртіп сақшысы карантин уақытында да күн-түн демей жұмыс істеді. Блок-бекеттерде тұрып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

–       Тәулік бойы жұмыс істеу, отбасы­нан жырақ жүру кімге де болса оңай емес. Бірақ қоғам­дық тәртіпті сақтау – біздің басты парызымыз. Төтенше жағдай уақытында әр елді мекен­дерде, кенттің ішінде 4 блок-бекет болды. Олардың барлығында екі ауысымда 60-тай қызметкер қызмет атқарды. Кейбір азаматтар тарапынан түрлі түсініспеушіліктердің орын алуы, сақтық шаралардың орындалмауы кездесті. Бар­лығымен сөйлесіп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қазірдің өзінде күшейтілген режимде жұмыс жасалуда. Мәселен, аудан әкімдігі учаскелік полиция­мен бірлесіп дүкен, шаштараз секілді қоғамдық орындарды аралап, карантин режимінің сақталуын қадағалаудамыз. Блок-бекеттердің алынғаны қауіп толықтай сейілді дегенді білдірмейді, – дейді полиция капитаны.

Тәртіп сақшысы болу қашанда үлкен жауапкершілік пен әділдікті, қырағылықты  талап етеді.  Айдос Аханұлы  – бұл талаптар үдесінен шыға білген өз ісінің маманы. Ол мінсіз қызметі үшін ішкі істер органының 10,15 жылдығына арналған медалі мен ІІ дәрежелі төсбелгісімен марапатталды.

– Әркім өз ісіне адал болғанда ғана берекеміз мен бірлігіміз артатыны сөзсіз, – дейді Айдос Алматов.

Өз қызметіне шынайы берілген азамат  үшін мансап пен шеннен бұрын абырой мен сенім қымбат. Сол сенімге селкеу, абыройға дақ түсірмеу оның өмірлік ұстанымы болып қала бермек.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<