Отанды қорғап, күні–түні көз ілмейтін шекарашы мехнатын кез келген адам түсінбес. Жүректілікпен қатар, жылдамдықты қажет ететін бұл қызметті жігіттің жігіті атқаратыны анық. Темірдей тәртіпке шыдайтындарға ғана орын бар. Мұнда «істей алмаймын» деген сөз жоқ. Бұйрық талқыланбайды, орындалады. Қару–жарақты пайдаланудан бөлек, небір ұрыс тәсілдерін игеру, техникалық құралдар мен көлік жүргізу… Бесаспап болу қажет. Тіпті, ас пісіруде де.
Құрылу тарихына көз жүгіртсек, жиырма жылдан асқан әскери мекеменің ел үшін маңызы зор. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 1999 жылғы 15 қыркүйектегі бұйрығына сәйкес, оңтүстік бағыттағы мемлекеттік шекараны нығайту мақсатында және ҚР ҰҚК шекара қызметінің даму бағдарламасына сай тұрақты жұмыс жасап келеді. Департамент сол жылдан бастап Өзбекстанмен арадағы шекараны нығайту, елдің саяси және экономикалық мүдделерін қорғау, заңсыз көшіп-қонудың алдын алу, қазақ еліне қару-жарақ, оқ-дәрі, есірткі және радиоактивті заттарды заңсыз кіргізбеу міндеттерін мінсіз орындап жүр.
Жуырда ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты облыстық шекара қызметі департаментінде болып, капитан Нұржан Күнтілеумен аз-кем сөйлестік.
Қарапайым отбасында дүниеге келген кейіпкеріміз жасынан спортқа құмар болған. Дзюдодан спорт шебері. Қаладағы Жалаңтөс баһадүр атындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында тәрбиеленген. Ал жоғары білімді Қорқыт ата атындағы университеттен алған.
Нұржан қалай шекарашы болды? Аз-кем шегініс жасасақ, ол мектеп қабырғасынан бөлек, жоғары оқу орнында да дзюдодан ұлттық құрама сапында еді. Халықаралық жарыстарда жүлдегер болып, Қазақстан чемпионы атанған ол Азия чемпионатында үшінші орынға тұрақтаған.
– Әкем әскердегі қызықты кездерін жиі еске алатын. Бала күннен әскери адам болуды қатты армандадым. Оқу бітіргеннен соң шекара қызметінен ұсыныс түсті. Мұнда мықты, спортшы жігіттер қатты қажет болды. Есімде, ең алғашқы жарыста бірінші орын алып, барша әріптес жігіттер қатты қуанған. Шекараға жұмысқа тұрып, осында өз аймағымыздың атынан талай спорттық жарыстарға қатыстым. Одан бөлек, барлаушы болып қызмет еттім. Келісім-шарт негізінде, үш жыл десанттық шабуылдаушылар заставасында істедім. Шекара қыметінің намысын біраз жылдар бойы түрлі жарыстарда қорғап келемін, – дейді Нұржан.
Спорттық жетістігі мол жігіт 2012 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара қызметінің академиясын оқып бітірген. Он бір жылдан астам қызмет істеген Нұржан көп қылмыстың ізіне түсіп, шекара бұзушылардың жолын кесіпті. Үш баланың әкесі. Әкеден жалғыз болса да, әскери өмірге ата-ана қарсылғына қарамастан келген. Өйткені, олар баласын қиын мамандыққа әу баста жібергісі келмеген. Нұржан тұрған жерін қорғауға атсалысып жүргенін мақтан тұтады.
Жалпы шекараны күзету кезінде жергілікті тұрғындардың да көмегі зор. Шекара аймағында тұратын халық шекара бұзушыларды ұстауда ерекше қырағылық танытып, әскерилерге ұдайы көмек көрсетеді. Әскери бөлімнің қорғау нысаны Арал ауданының әкімшілік аймағынан бастау алып, Жаңақорғанға дейінгі аралықты қамтиды. Құрылғаннан бастап біздің шекарашылар елге заңсыз өтпек болған келімсектерді ұстап, контрабандалық тауар тасушының жолын кескен. Ел қазынасының ортаймауына орасан үлес қосқан.
– 2010 жылы Сарыағашқа іссапарға бардық. Күз еді. Түнгі он екі-бірлердің кезінде шекарада жатырмыз. Бізге алдын ала тапсырма түсті. Таңға жуық шекара бұзушыны бір орнында тапжылмай күтіп отырып, құрықтадық. Олар да өте әккі екен. Тіпті, сенің аңдып отырғаныңды алдын ала сезетіндері кездеседі. Тырп етпей, дыбысыңды білдірмей, кірпік қақпай отыру – аса қиын. Шекара қызметі қырағылықты талап етеді, – дейді Нұржан Нартайұлы.
Иә, олар 1999 жылдан көрші Өзбекстан республикасымен арадағы мемлекеттік шекараны қадағалап келеді. Күзетуден бөлек, заңсыз көшіп-қонудың алдын алу, елдің аумағына қару-жарақ, оқ-дәрі, есірткі және радиоактивті заттардың кірмеуін қадағалайды. Контрабанда, есірткі бизнесі секілді заңсыз іс-әрекеттер шекара аумағында жиі болатыны белгілі.
«Шекара мәселесінде ұсақ-түйек деген мүлдем болмайды. Біз үшін ата-бабамыздан қалған атамекеннің әр пұшпағы аса қымбат» дейді ел шебіндегі азаматтар.
Бауыржан ҚОЖАНТАЙ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<