Өткен жылдың қазан айынан бері «Қызылорда» су торабында қайта жаңғырту жұмыстары жүруде. Бас мердігер – «CaspianContrctorsTrust» ЖШС. 1956 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген тоспадағы құрылыс жұмысы бүгінде қауырт.
Аталған тоспа қаладағы Тасбөгет кентіне қарасты аумақта орналасқан. Салыну мақсаты – Сырдариядағы су ағынын реттеу, сондай-ақ егістік пен жайылымдық жерлерді суландыру.
Құрылыс басында жоба жетекшісі Қайрат Ибраевпен кездестік.
– Жобаның құны 2 млрд 600 млн теңге. Былтыр қазан айында бастадық, 2022 жылдың аяғында барлығын бітіру басты жоспарда. Өздеріңізге белгілі, биыл қыс ерте түсті, оның үстіне суық жел де бар. Сонда да жұмысты тоқтатпауға тырыстық. Мұнда 70-ке жуық жұмысшы болса, оның барлығы қызылордалық жігіттер. 15 техника бар. Бірінші кезеңде 80 мың гектар жерді суландыруға қауқарлы «Шіркейлі» арнасына түсетін су тоспасын жөндеуді бастағанбыз. Үш аптадан соң бұны да бітіріп, каналға су жіберіледі. Өйткені, егістікке кедергі келтірмеуіміз керек, – дейді Қ.Ибраев.
Айта кету керек, жөндеу жұмыстарына қолданылып жатқан құрылыс материалдарының 90% – жергілікті жердің өнімі. Алдағы уақытта дарияның өзіндегі тоспа мен гидроқондырғы да жөндеуден өтеді. Жоба жетекшісінің айтуынша, басты мақсат – тоспаны жөндеуде сапасын жоғалтпау, мерзімінде тапсыру және жұмысшылар құқығын сақтау.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<