Көшбасшылар форумы: шабыт, тың идеялар, жаңа бастамалар

75

0

Қызылордада NIS оқушыларының өзін-өзі басқару ұйымы көшбасшыларының «Lead to Inspire: шабытқа жетелеңіз» атты форум аяқталды.

Еліміздің түпкір-түпкірінен 44 мектеп Президенті мен оның орынбасары Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мекпте бас қосты. Екі күн бойы делегаттар мотивациялық кездесулер, тренингтер, өзара талқылаулар мен әртүрлі танымдық шараларға қатысып, басқарушылық дағдылары мен көшбасшылық қасиеттерін дамытты.

«Мен және менің мотивациям» пленарлық отырысына өңіріміздің танымал тұлғалары қатысып, оқушыларға шабыт сыйлады. «Qyzylorda» телеарнасының директоры Нұрбек Амиша өз өмір жолын мысалға ала отырып, өзін-өзі дамыту арқылы жетістікке жетуге болатынын көрсетті. Ол ересек жасында ағылшын тілін меңгеріп, Ұлыбританияда магистр дәрежесін алғанын айтып, қатысушыларды жігерлендірді. Ал Kyzylorda Hub технопаркінің басшысы Жанарыс Түбекбаев қазіргі заманғы көшбасшыға тән негізгі қасиеттерді атап өтті: шабыт бере білу, командада үйлесімді жұмыс істей алу және стандарттан тыс шешімдер қабылдау шеберлігі. Сондай-ақ жасанды интеллект (ЖИ) саласының сарапшысы Нұрлан Құлмырзаев оқушылардың өзін-өзі басқару жүйесіне ЖИ технологияларын енгізу туралы идеяларды ұсынды. Спикердің бұл бастамасы форум қатысушыларының ерекше қызығушылығын оятты.

– Бұл форум барлығымыз үшін нәтижелі әрі сапалы білімге бай шара болатынына сенімдімін. Нағыз көшбасшыға сай қасиеттерін дамытып қана қоймай, мектеп жүйесіне өзгерістер енгізу арқылы басқа оқушыларды қарқынды түрде тартуға негіз болары анық, – деп атап өтті «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ өкілі Әсел Бабажан.

Шара барысында жас көшбасшылар төл жобаларын таныстырып, оқушыларды ынталандыру, волонтерлік қызмет, әлеуметтік жауапкершілік және мектепте жайлы орта қалыптастыру бойынша пікірлері мен идеяларын ортаға салды.

Ал тренингтерде қатысушылар көшбасшылықтың негізгі қағидаларын, шабыт көздерін қайдан және қалай табуға болатынын, сондай-ақ мектеп жобаларын әлеуметтік желілерде тиімді жүзеге асыру тәсілдерін меңгерді. Бұдан бөлек оқушылар үшін түрлі жағдайлық кейстерді талқылау алаңы ұйымдастырылып, күрделі мәселелердің тиімді шешімдері қарастырылды.

Көшбасшылар форумы мектептегі өзін-өзі басқару жүйесінде жаңа жетістіктер мен табыстарға жету үшін ынтымақтастық, қолдау және тәжірибе алмасудың аса маңызды екенін көрсетті.

«Форум өте мазмұнды болды. Бір минутта да бос уақытымыз болмады. Әртүрлі глобалды мәселелерді талдап, алдағы уақытта жұмысымызды қалай үйлестіретінімізді талқыладық. Форум маған эмоциялар, жаңа білім мен тәжірибе берді», –дейді Астана қаласындағы (IB) NIS-тің көшбасшысы Әділет Абзалиев.

Форум аясында делегаттар Қазақстанның жетекші күріш және тұз өндіруші компаниялары – «Абзал и К» және «Алтын орда» кәсіпорындарында болып, өндіріс процесімен танысты. Ал «Абай-Дәулет» көпсалалы компаниясында түйеқұс, жылқы, қой, тауық пен қаздарды өсіру процесін көріп, аймақтың экономикалық дамуындағы маңызын байқады. Бұл сапар оқушыларға өз жобаларын жасауға шабыт беріп, болашақ көшбасшыларды қалыптастыруда бизнес пен білімнің ынтымақтастығын көрсетті.

«Бұл форумды бір сөбен сипаттайтын болсам, жан-жақты деп айтар едім. Әртүрлі лидерлер келген, оның әрқайсысы әртүрлі тұлға, бойында санаулан қасиеттер бар, оны көре отыра, адамдардың қаншалықтыжан-жақты бола алатынын түсінесін. Сол арқылы сен өзіне мотивация аласын, шабыттанасын», – дейді Ақтау қаласындағы NIS-тің көшбасшысы Қарақат Нұрмұхамет.

Жатақхана тәрбиешілерінің ұйымдастыруымен бірнеше қызықты шеберлік сыныптар өткізілді: гипстен сәнді қобдиша, икебана жасады және йога терапиясы мен командалық тимбилдингте көңілді уақыт өткізді.

Форумының жабылу салтанатында әрбір қатысушыға арнайы сертификаттар табыс етілді. Және «Абзал и К» мен «Абай-Дәулет» компанияларының демеушілігімен күріш сыйға берілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<