Жыл аяқталуға жақын. 2020 жыл әлемді шарпыған дағдарыспен ерекшеленіп, ол бүкіл еліміздегі сияқты облыс тынысына кері әсерін тигізгеніне қарамастан, аймақта бірқатар макроэкономикалық көрсеткіштерді оңды сипатымен қорытындылауға негіз бар. Бұған үстіміздегі жылдың 9 айының қорытындысы дәлел бола алады.
Макроэкономика
Өңдеу өнеркәсібінде өнім өндіру осы жылдың 9 айының қорытындысымен 3,5 процентке, ауыл шаруашылығында 3,1 процентке артты. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5,4 процентке өсіп, олардағы нәтижелі еңбектің үлесі біршама артқанын атап өткіміз келеді.
Аймақта аталған кезеңде 485 мың шаршы метрден астам тұрғын үй алаңы пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда біршама артық.
Өткен жылға қарағанда инвестиция көлемі төмендеді. Себебі өткен жылы бірнеше ірі инвестициялық жобаларды іске асыру кезеңі аяқталды. Олардың үлесіне жылдық инвестициялар көлемінің шамамен үштен бірі тиісті екенін ескерсек, енгізілген шектеулерге байланысты жалпы экономикаға инвестициялар көлемі қысқарғанын объективті себеп ретінде бағалуға болады. Оның құрылыс жұмыстарына да кері әсері болды.
Өнеркәсіпті өркендету шаралары қолға алынды
Облыста, сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған кен орындарының сарқылуына байланысты мұнай өндіру көлемінің азаю үрдісі сақталып отыр. 9 айда 750 мың тоннадан астам өнім кем өндірілді. Жер қойнауын пайдаланушылар болжамына сәйкес, жыл қорытындысы бойынша 1 млн тоннадан астам мұнай кем өндіріледі деп күтілуде. Осыған орай облыста “Шу-Сарысу” шөгінді бассейнінің жер қойнауын зерттеу бойынша жұмыстар басталды.
Облыста индустрияландыру картасы бойынша 554 млрд теңгенің жобалары жүзеге асырылуда. Олар толық аяқталғанда 7 мың жұмыс орны ашылатын болады. Арал ауданында балықты терең өңдейтін цех іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы бір балық зауыты, сондай-ақ кварц құмын байытатын комбинат пайдалануға беріледі. Алдағы жылы жеті жоба, оның ішінде шыны зауыты пайдалануға берілетін болады. Облыс бойынша маңызды жоба калцийленген сода өндірісі іске қосылмақ.
Агроөндіріс кешенінің үлесі артты
Өндірістің өсуі ауыл шаруашылығы саласында да байқалады. Соңғы 5 жылда жалпыөңірлік өнімдегі агросектордың үлесі 4 процентке дейін ұлғайды. Бұл инвестициялардың өсім қарқыны мен жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты өріс алғанын атап өткіміз келеді.
Мысалы, 2019 жылы агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына 6,7 млрд теңге инвестицияланса, тек 9 айда көрсеткіш 8 млрд теңгеден асты. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты шамамен 12 процентке өсті, оның түгелге жуығы қайта өңделген өнім үлесіне тиеді. Алғаш рет Ресейге мұздатылған көкөніс пен жаңа піскен қызанақ жеткізілді. Германияға алғашқы 420 тонна қамыс жіберілді. Жалпы, биыл әлемнің 17 еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің 11 түрі экспортталды.
Күріш өсірушілеріміз гектарына 61,8 центнер өнімнен 550 мың тоннадан астам күріш жинап, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Су тапшылығына орай оны аз талап ететін дақылдардың егістіктерін кеңейту жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Мәселенің маңыздылығын ескеріп, көлемі 2,3 миллиард текше метрді құрайтын 6 су қоймасын салу жоспарлануда. Сонымен бірге облыста «Қызылорда», «Әйтек» су тораптарын қайта жаңғырту, «Жиделі» су қоймасын жөндеу, Жалағаш ауданындағы ирригациялық дренаж жүйесін жетілдіру бойынша ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жұмыстары басталды. Өңірде 143 мың гектар алқаптың ирригациялық және дренаждық жүйесін, 29 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру және айналымға енгізу жобалары ауыл өндірісіне жаңа серпін беретін болады.
Сыр өңірінде сондай-ақ заманауи суару жүйелеріне ерекше мән берілуде. Атап айтқанда, пилоттық режимде Жаңақорған ауданында күздік бидай себілген 80 гектар жерге аквагель қолданылды. Бұл гектарына орта есеппен 18 центнерден өнім жинауға мүмкіндік берді.
Өңірде төрт түлік саны біршама өсті.
Қазір жайылымдардың тиімділігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ол үшін пайдаланылмаған жайылымдардағы 452 су көзін жөндеу жоспарланды. Осы мақсатта шамамен 7 миллион гектар жерді пайдалану көзделіп отыр.
Облыста мал шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу бойынша жалпы сомасы 10 миллиард теңгеден астам 33 жоба жүзеге асырылуда.
Өңірде 2030 жылға дейінгі балық шаруашылығын дамытудың бағдарламасы жасалды. Оны іске асыруға 28 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл тауарлы балық көлемін 34 есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді, ал балық өнімдерінің экспорты қазіргі 4,2 мың тоннадан 8,5-ке дейін артады. 55 тауарлы балық аулау фермасы, 10 тоған, 4 торлы ферма салынады.
Тұтыну нарығы тұрақталды
Облыста бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында шаралар қабылдануда. Осының нәтижесінде тұтыну бағаларының индексі, соның ішінде тамақ өнімдері орташа республикалық көрсеткіштен төмен деңгейде сақталуда. Үстіміздегі жылдың 6 айының мәліметтері бойынша халықтың нақты жалақы және ақшалай кірістер индексінің өсуі байқалады. Жұмыссыздық 4,9 деңгейінде сақталуда.
Жыл басынан бері 19 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды, оның 14 мыңы тұрақты. Коронавирус дерті шағын бизнестің жұмысын шектеді. Осындай ауыр кезеңде көптеген кәсіпкерлерге салық жеңілдіктері берілді. Жыл аяғына дейін осындай жеңілдіктер бірқатар кәсіпкерлерге берілетін болады. Пандемия қызмет саласына залалын тигізді. Осыған орай мейрамханалар қазір өз мақсатын басқа бағытқа жұмылдырып отыр. Бизнес қауымдастық жалпы құны 270 млрд теңгеден астам жобаларды жүзеге асыратын болады. Бизнеске көпбалалы аналар тартылуда.
Тұрақты табыс пен халықтың өмір сүру сапасы – бұл біздің ең маңызды басымдықтар.
Құрылыс және инфрақұрылым – халық игілігі үшін
Осы жылға арналған Жұмыспен қамтудың Жол картасы аясында жалпы сомасы 38,9 млрд теңгеге 277 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру көзделген, бұл 9,5 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтиды.
Биыл облыста 1946 пәтерлік 98 көппәтерлі тұрғын үй салынуда, оның 969 пәтерлік 74-і жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Келесі жылы Байқоңыр қаласында Қазақстан азаматтары үшін тұрғын үй салу жалғасын табады. Өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 30 жылда алғаш рет 250 пәтерлік бес тұрғын үй салынды.
Кезекте тұрған 1300-ден астам қазақстандықты ескере отырып, Байқоңыр қаласында тағы да елу пәтерлік 5 үйдің құрылысын 2021 жылы бастау туралы шешім қабылданды.
Үкіметтің қолдауы нәтижесінде инженерлік коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселелері де шешімін табады деп күтілуде.
Бүгінде облыс халқының 97 проценті орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген және халықтың 63 проценті табиғи газды тұтынады.
Үстіміздегі жылдың маусым айында Арал ауданының Жақсықылыш кентіне газ орнатылды. Келесі жылы газдандырылмаған жалпы саны 50 мың халық тұратын 5 елді-мекенге, оның ішінде 3 аудан орталығына «көгілдір отын» бармақ. Нәтижесінде, жыл соңына дейін облыс халқының 70 проценті табиғи газ игілігіне қол жеткізеді.
Су құбыры және кәріз желілерін қайта жаңартуға жалпы құны 4,2 млрд теңге болатын 28 жобаны іске асыру жұмысы жүргізілуде. Бұл 101 мыңдай тұрғынды таза ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қызылорда қаласында 15 шақырым жылу желісін жаңарту жұмыстары жүргізілді. Бұл жылу желілерінің тозуын едәуір азайтуға негіз қалап отыр.
Облыста 498 шақырымнан астам көлік жолы, көшелер мен көпір өткелдері жөнделді. Әлеуметтік салада 30 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілді.
Облыста коронавирустың екінші толқынына дайындық жүргізілуде. Кезінде жіберілген кемшіліктерден тиісті шаралар жасалды. 3200 төсек-орынды 21 стационар құрылысы аяқталуда. Аймақтың басқа да өңірлерінде тиісті шаралар қабылданды. Дәрі-дәрмек қоры толық жасақталды.
Оқушыларға қашықтан оқытуға қажет мектеп теңгеріміндегі 14 мыңнан астам компьютер берілді. Бюджет қаражаты мен демеушілер есебінен 27 мыңға жуық компьютерлік техника сатып алынды. Олар тұрмысы төмен отбасының балаларына табысталды.
Апатты мектептерді жою бағытындағы жұмыстар жалғасуда. 140 орындық бір мектептің құрылысы аяқталды, тағы бір мектептің құрылысы жалғасуда. Келесі жылы үшінші мектептің құрылысын бастаймыз. Облыста жекеменшік мектептердің құрылысы бойынша инвесторлармен жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өткіміз келеді.
Биыл жоғары оқу орындарында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан дарынды ауыл балалары үшін берілетін грант саны 150-ге дейін өсті.
Облыс бюджеті соңғы деректер бойынша 360 млрд теңге көлемінде қалыптасады деп күтілуде. Бұл облыстың 2020 жылға арналған әлеуметтік міндеттемелерін толық жүзеге асыруға негіз қалайды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<