Сыр елінде «Қазақ радиосы» атына көше берілді

882

0

Бүгін Қызылорда қаласында Қазақ радиосының 100 жылдық мерейтойы аясында және 1 қазан «Радио күні» мерекесіне орай Қазақ радиосының құрметіне көше берілді.


Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, «Қазақ радиолары» ЖШС Бас редакторы – «Қазақ радиосының» директоры Дулат Абибуллаев, «Қазақ радиолары» ЖШС Стратегиялық дамыту қызметінің жетекшісі Мұхамедияр Рашай, облыстық мәслихаттың депутаты, «Қоғам ТВ» телеарнасының құрылтайшысы Шәкизада Әбдікәрімов, облыстық «Qyzylorda» теларнасының директоры Жағыппар Қарабала және Сыр елінің зиялы қауымы қатысты.


Облыс әкімінің орынбасары Қазақ радиосының тарихын тізбектеп, ғасырлық мерейтойға орай құттықтауын жеткізді.

  • Сіздерді Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген Қазақ радиосының 100 жылдық мерейтойы және Радио қызметкерлері күні мерекесімен құттықтаймын.
  • Өткен ғасырдың басында астана Орынбордан Қызылордаға көшкенде, Қазақ радиосы Қызылорда қаласына қоныс аударып, ұлтымыздың рухани дамуына сүбелі үлес қосты. Ұлт руханиятын көздің қарашығындай сақтап, радио тарихының алтын шежіресін жасаған барша қызметкерлердің еңбегі орасан зор деп білемін. Бүгін облыс орталығында Қазақ радиосына көше беріліп отыр. Бұл – Сыр елінің төл радиоға деген үлкен құрметі, – деді Серік Ахмет.

  • Сонымен қатар Дулат Абибуллаев Сыр елімен Қазақ радиосының тағдыры тарих парақтарында тоғысқанын айтып, Қазақ радиосының құрметіне көше беру үлкен сый екенін жеткізді.

  • Ал, Шәкизада Әбдікәрімов Тәуелсіздіктің таңы атып, егемендікті еншілеп, еңселі ел атанған Қазақстанның Қазақ радиосы халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тілі, діні, әдебиеті мен мәдениеті жайында тәулік бойы хабар тарата алатын нағыз ұлтжанды ақпарат көзі екенін айтып, мерейтойға және «Радио күні» мерекесіне орай құттықтау лебізін арнады.

  • Айта кету керек, салтанатты шарадан кейін атаулы мерекелерге орай елордадан келген қонақтар Қызылорда қаласының тарихы музейіне «Қазақ радиосының шежіресін», «Қазақ радиосының антологиясын» табыстады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<