«Сырдария балығы жеуге жарамсыз» деген рас па?

2515

0

Әлеуметтік желіде Сардоба апаты салдарынан Сырдария өзенінің суы ластанып, содан балықтың жеуге жарамсыз күйге түскені туралы хабарлама тарады. Осыған орай «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Арал филиалының директоры Тынысбек Барақбаев түсінік берді.


Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының жарылуына байланысты топан су Қазақстанмен шекарада орналасқан Түркістан облысының Мақтарал ауданындағы бірқатар ауылын шайып кеткені белгілі.


– Ол су басқан ауылдардан шамамен 20-25 шақырым қашықтықта орналасқан. Қойма жарылғандықтан су өзінің жолындағы егістік бар, оған шашылған тыңайтқыш бар, тұрмыстық қалдық бар – соның бәрін басып келді. Осылайша ластанды. Бірақ әлеуметтік желідегі лас судың Сырдарияға түскені туралы ақпарат қисынға келмейді. Өйткені Өзбекстанмен шекарадағы ауылдар Сырдария өзені мен «Шардара» су қоймасынан 60 шақырымдай аулақ жерде орналасқан, – деді ол.


Т.Барақбаевтың айтуынша, Садобадан ағып келген су егістік пен жайылымға тараған.


– Ол маңайда халықаралық, республикалық маңызды қандай да бір су айдыны жоқ. Су айдынына түскені туралы дерек те тіркелмеді. Мына нәрсені ескеру керек: Өзбекстандағы жарылған су қоймасынан балық келуі мүмкін. Екі ортада кішігірім көлдер болса, су соларға жетіп, балық осылай ағып келуі де мүмкін, – деді серіктестік филиалының директоры.


Ал Сырдариядағы балықтың адам денсаулығына зияны туралы хабарламаға байланысты «ветеринариялық зерттеу жүргізілмегендіктен әзірге кесіп айту қиын» деп қайырды.


– Сондықтан өзеннен ұсталған балықты зерттеу қорытындысы шыққанға дейін тұтынбаған жөн. Өйткені қалдық су болғасын оның құрамы бұзылатыны анық. Тағы бір мәселе, әуесқой балықшылар өздері ұстаған бірнеше балықтың арасынан біреуінің терісі немесе бүйірі қызарғанын көріп, дереу әлеуметтік желі арқылы халыққа таратып үлгеруде. Бұл жерде балық уылдырық шашатын уақытта олардың бүйірі үлкейетіні – табиғи заңдылық. Өйткені уылдырығын немесе шәуетін шашуы тиіс. Маман болмаған соң анық-қанығын білмей көпшілікті дүрбелеңге салуға болмайды, – деді ол.


Айтуынша, балық шаруашылығы инспекциясының өкілдері Сырдария өзенінен ұсталған су маржанының сынамасын алды. Енді тек қорытындысын күту керек.

Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<