Газетіміздің өткен санында хабарлағанымыздай, сенбі күні облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың жұмыс сапары Сырдария ауданында жалғасты. Өңір басшысы алдымен Тереңөзектегі 18 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы мен жаңа шағын ауданға жүргізілген инфрақұрылыммен танысты.
Бұл жерде электр желілері толық жүргізілген. Газ құбыры мен ауыз су желілерін салу бойынша жұмыстар жүруде.
– Кент орталығындағы 2,2 гектар жерге тоғыз тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. 2018 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында екі көпқабатты тұрғын үй берілсе, биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» негізінде 42 пәтерлі екі тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Бұл үйлер жыл соңында аудандағы баспана кезегінде тұрған азаматтарға пайдалануға берілмек, – дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арнұр Нұрмағанбетов.
Тереңөзек кентін газдандыру құрылысы өткен жылдың тамыз айынан басталған болатын. Жобаның жалпы құны 2 млрд, 150 млн теңге.
– Жобада қаралған 96 шақырым газ құбырының 86 шақырымы аяқталды. 6 газ реттегіш пункттері толық орнатылып бітті. Енді 2 мыңнан астам жеке үйлерге есептегіш құралы қондырылып, тамыз айының соңына дейін бұл жұмыстар толық бітеді, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының міндетін атқарушы Ерлан Жоламанов.
Сонымен қатар, аудан әкімдігінде өңір басшысының төрағалығымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған мәжіліс өтті. Облыс әкімі жыл басынан бергі атқарылған жұмыстарға тоқталып, бірнеше салада көрсеткіштердің төмендегенін айтты.
– Аудан бойынша бірқатар көрсеткіштер өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда біршама төмендеген. Атап айтқанда, ауданда негізгі капиталға салынған инвестиция 6,9, құрылыс жұмыстарының көлемі 19,2 процентке азайған, – деді облыс басшысы.
Жыл сайын аудан кәсіпорындары күріш өнімдерін шетелдік нарыққа экспорттауда. Елімізден экспортталған күріш өнімдері қайта өңделіп, бірнеше есе бағада өзімізге импортталады. Осыған байланысты облыс басшысы күрішті қайта өңдеу және «даладан сөреге дейін» қағидаты бойынша өз өндірісін құру қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлікке қолдау көрсету және мемлекеттік бағдарламаларды халық игілігіне пайдалану өте маңызды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінген қаржыны тиімді пайдалану қажет. Бүгінгі күні осы бағдарлама аясында Сырдария ауданына 1,8 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Енді ауданға тиесілі қаржы өз орнымен жұмсалуы тиіс. Облыс әкімі осы мәселеде бірқатар тапсырма жүктеді.
Сонымен қатар, өңір басшысы аудан орталығындағы И.Тоқтыбаев атындағы №35 мектеп-лицейдің жұмысымен танысты. Одан соң Қалжан ахун ауылдық округіндегі №126 мектепте болып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын көрді.
Облыс әкімі Ақжарма ауылдық округіндегі спорттық сауықтыру кешенінде және «Ақжарма и К» фермерлік қожалығының күріш ақтау цехында болды. Тәулігіне 40 тонна күріш ақтайтын зауыт 15 адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Шаруашылықтың негізгі бағыты – егін өнімдерін өндіру. Оның ішінде мал азығын да қосымша дайындаймыз. 130-дан астам жұмысшы бар. Биыл 1550 гектар күріш, 272 гектар жаңа жоңышқа егілді. Сондай-ақ, шаруашылық қаражатынан ауылға жаңа мешіт, монша, әлеуметтік дүкен салынып, орталық алаңды абаттандыру сияқты жұмыстар жүргізілді. Қосымша егіннен бөлек, мал шаруашылығымен де айналысады, – дейді қожалық директоры Қайрат Нұрсейітов.
Мұнан соң өңір басшысы Болат Нұрсейітов атындағы орталық алаңда ардагерлер кеңесінің өкілдерімен кездесіп, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Бағдарлама шеңберінде биыл 4 көшеге жарық, 9 көшеге орташа жөндеу жұмыстары мен 3 көшеде арық жүйелері салынатын болады.
Гүлшара Әбдіқалықова «Шаған» ауылдық округіндегі «Бал бөбек» балабақшасының жұмысын көрді. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында ауылдағы екі көшеге салынатын балаларға арналған ойын алаңдарының жобасымен танысты. Өңір басшысы құрылыстың барлық талапқа сай, сапалы салынуы қажеттігін ескертті.
Сырдария ауданы Н.Ілиясов ауылындағы «Мағжан и К» ЖШС-ның астық тазалау қырманының жұмысы да назардан тыс қалған жоқ. Зауыт сағатына 5 тонна күріш тазалайды. Ал екі ауысым бойынша 40 адам жұмыспен қамтылған.
Облыс басшысы Бесарық ауылындағы салынып жатқан жол құрылысы жұмыстарын көрді. Былтыр республикалық бюджеттен Сырдария ауданындағы «Қызылорда-Әуежай-Қоғалыкөл-Шіркейлі» жергілікті маңызы бар автомобиль жолының 0-8, 13,5-18 шақырымы және Бесарық ауылына кіреберіс автожолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал, алдағы жоспар бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Қызылорда-Әуежай-Қоғалыкөл-Шіркейлі» автожолының 33-39 және 41-47 шақырымы мен «Самара-Шымкент-Жаңадария» автожолы жөнделеді. Мұнан бөлек, осы ауылдағы «Абай-Дәулет» ЖШС-ның елді мекенді абаттандыру жұмыстарын көріп, шаруашылықтың бүгінгі тынысымен танысты. Облыс көлемінде ірі күріш өндіруші компания қазіргі кәсіптерін әртараптандырып, мал шаруашылығымен де айналысып, алма өсіруді де қолға алған. Осылайша, ауыл азаматтарын тұрақты жұмыспен қамтып, халықтың әлеуетін көтеруге атсалысуда.
– Біздің жұмысымыздың негізгі басымдықтары – жұмыс орындарын ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру. Мемлекет басшысы біздің алдымызға қойған негізгі міндеттер осындай және біз оларды орындауымыз керек. Оған толық мүмкіндігіміз бар, – деді облыс әкімі Бесарық ауылындағы кездесуде.
Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында облыс әкімі Айдарлы ауылдық клуб үйінде ерікті жастармен кездесіп, ауылдан құрылған жастар бригадасының жұмысымен танысты. Айта кету керек, өткен жылы Айдарлы ауылдық округінің жастары Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Туған жер» кіші бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысқан. Сондай-ақ, көп балалы отбасына көмек көрсетіп, үй салып берген.
– Мемлекет бізге не береді деп емес, біз мемлекетке қалай үлес қосамыз деген мақсатпен жұмыс істеп жатырмыз. Ауыл жастары қайырымдылық жасауда белсенді. Аз қамтылған отбасы балаларын керек-жарақпен қамтып отырамыз. Оған қоса «Орда» шаруа қожалығы жанынан жастар бригадасын құрып, 80 гектар жүгері егіп, жақсы өнім алдық. Жастар жұмыссыздығының алдын алу үшін биыл да мұндай шаралар көптеп қолға алынады, – дейді ауылдық әкімдіктің жастар ісі жөніндегі маманы Өмірзақ Есболатов.
Өңір басшысы белсенді жастардың атқарып жатқан жұмыстарына ризашылығын білдіріп, оларды қолдап, өзгелерге үлгі етіп көрсету қажеттігін атап өтті.
Ержан Қожасов,
«Сыр бойы».
Қызылорда-Сырдария-Қызылорда.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<