Су – тіршілік көзі. Қазіргі ғылыми-техникалық өркениет заманында суды тұтыну көздері толассыз көбейіп, шығыны да ұдайы өсіп тұрған кезде су проблемасы өзекті және күрделі болып барады. Бүгінгі күні Қызылорда өңірінде суармалы жер көлемі 185 мың гектарды құрайды. Әрине, мұның бәрі Сырдария өзеніне тәуелді.
Кеңес үкіметі тараған кезден бастап, мемлекетаралық су көздері, атап айтқанда, Сырдария өзенінің суы қыста молдығынан тасқын елді мекендерге қауіп төндірсе, нағыз егінге қажет кезеңде судың жетіспеуі шаруаларға әбден қиындықтар туғызды. Қырғызстандағы ең ірі су қоймасы Тоқтағұлдың сыйымдылығы 19,5 млрд текше метр. Сол қоймадағы су электрстанциясынан халық шаруашылығына қажетті электр жарығын өндіру мақсатында қыс мезгілінде 700 млн текше метр суды төменгі ағысқа тастаса, егінге қажетті көктем, жаз айларында 290-300 млн текше метр су босатылады. Сырдария – мемлекетаралық, трансшекаралық өзен. Оның төменгі ағысы Тәжікстандағы Қайраққұм су қоймасында 3,8 млрд текше метр су жиналып, қыс мезгілінде 708 млн текше метр, жаз айларында 250-300 млн текше метр су жіберіледі. Өзбекстанның келесі ірі су қоймасы – Әндіжан, оның сыйымдылығы – 1,75 млрд текше метр, қыста 7-10 млн, ал жазда 100-130 млн текше метр су жіберіледі. Сондай-ақ Шарбақ су қоймасынан қыста 150 млн, жаз айларында 100-120 млн су босатылады. Қазақстандағы екі облысты қамтамасыз ететін ірі Шардара су қоймасының сыйымдылығы – 5,7 млрд текше метр. Көксарай су реттегіші 1,5-1,7 млрд текше метр көлемде су жинауда. Көксарайдың атқаратын қызметі жаз айларында Қызылорданың егінін қосымша сумен қамтамасыз ету еді. Көксарай екі облыс аралығында орналасуына байланысты, Түркістан облысы да осы суды көкөніс-бақша шаруашылығын дамыту, суармалы егін көлемін арттыру мақсатында пайдаланып отыр. Алайда, өзеннің төменгі ағысындағы Қызылорда облысына судың жіберілу мөлшерінің жылма-жыл кемуі су тапшылығын тудырып келеді.
Бүгінде Қызылорда су торабы эксплуатациялық мерзімінің келуіне байланысты күрделі жөндеуді қажет етуде. Түркістан облысының суармалы жер көлемі – 530 мың гектар. Қызылорда облысында 241 мың гектардың инженерлік жүйеге келтірілгені – 185 мың гектар. Бұл арнайы күріш ауыспалы егісіне бейімделіп жасалған. Су тапшылығын жою мақсатында облыс басшылығы тиісті мамандармен бірлесе отырып көптеген жобаларды іске асыруда. Жаңақорған, Шиелі аудандарының суармалы егіншілік жерлері теңіз деңгейінен биік. Осыған орай екі ауданда Сырдария өзеніне үрлемелі тоспа қойылды.
Соңғы жылдары өңірде күріш көлемін азайту туралы үлкен сұрақтар туындап отыр. Өңірдің егіндік жер жағдайы негізінен шөл және шөлейт аймақтарда орналасқан. Күріштің экологиялық дақыл екендігін ғалымдар да жан-жақты түсіндіруде. Тіпті базбіреулер дәйексіз түсінікке май құйғандай болып отыр. Қысқасы, ертең сан соғып қалмайтындай әрекетті бүгіннен ойластырмасақ болмайды. Өңірдегі күріш алқабының көлемін 70-80 мың гектардан кемітпеу, біріншіден, арнайы инженерлік жүйеге келтірілген жерлерді сақтап қалу, жердің тұзданып, сортаңданудан қорғау, сонымен қатар әртараптандыру мәселелеріне терең талдау жасап, ғылыми пікірлерге мән берілмесе, кеш болады.
Мемлекетаралық Сырдария өзенінің суын реттеу, әрине, үш мемлекет президенттерінің өзара келісім-шарттық негізінде шешілетіндігі белгілі. Қыс мезгілінде Сырдария өзеніне жоғарыдан түсетін су елді мекендерге тасқын қаупін әкелуде. Осындай қауіптерге тосқауыл қою үшін, Тоқтағұлдан суды қыс мезгілінде аз жіберу үшін, Қазақстан тарапынан өтініш жасалады. Сондай-ақ Шардара су қоймасынан тасталатын артық суды Арнасайға жіберу үшін де Өзбекстанға өтініш жасауға тура келеді. Шардара су қоймасына күрделі жөндеу жүргізіліп, суды сақтау деңгейі артқан жағдайда, екі облыстың да суармалы егіншілігіндегі су тапшылығын жою мүмкіндігі арта түскен болар еді.
Ескеретін және бір маңызды мәселе бар. Қазіргі кездегі су қорларының жетіспеушілігі мен суармалы алқаптардың мелиоративтік жағдайының нашарлауы күріш өсіруші шаруашылықтардың ахуалын төмендетіп, ғылыми негізделген технологияларын толық қолдануға кедергі келтіріп отыр. Ауыл шаруашылығы саласындағы экономикалық қатынастардың қалыптасқан жағдайында, егін шаруашылығында ауыспалы егіс жүйесінің бұзылуы, күріш өсіру технологиясы мен су режимінің дұрыс сақталмауы орын алуда.
Қазіргі кезде облыстағы суармалы алқаптардың жағдайы өте төмен. Күріш атыздарының тегістігі талаптарға сай емес (+- 50 см-ге дейін ауытқиды), суару және қашыртқы-кәріз желісі көміліп, жақтаулары құлап, қамыс басып, гидротехникалық құрылыстар істен шыққан. Бұндай жағдайда егін алқаптарында суды үнемді пайдаланып, өсірілетін дақылдардан жоғары өнім алу мүмкін емес.
Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен Дүниежүзілік Даму банкінің қаржыландыруымен іске асырылып жатқан «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру» (ПУИД-2) жобасының екінші кезеңі аясында облыстағы суармалы жерлердің тұздану дәрежесін болдырмау үшін Жалағаш ауданының Аққұм, Бұқарбай батыр, Мәдениет жөне Таң елді мекендеріндегі егін алқаптарының 15123 гектарында ирригациялық және дренаждық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны өте маңызды. Дегенмен, бұл жұмыстар тек қана суару каналдары мен қашыртқы-кәріз желілері, ондағы құрылыстарды қалпына келтіру іс-әрекетін ғана қамтиды. Ал су қорларын тиімді пайдалану мен күріш және ауыспалы егістегі басқа да дақылдардың өнімділігін арттыру үшін атыз бетінің тегістігінің орны ерекше. Осы бағытта институт ғалымдарының ұсыныстарымен облысымыздың ірі күріш өндіруші шаруашылықтары лазерлі тегістегіштерді алып, күріш атыздарының тегістігін талаптарға сәйкестендіріп (+-5 см), гектарына 80 центнерден жоғары өнім алуға болатындығына көз жеткізіп отыр. Бірақ, көптеген шаруашылықтардың қаржылық-экономикалық жағдайы лазерлі тегістегіштерді сатып алуды көтермейді. Сондықтан, осы ғылыми негіздемені ескере отырып, экономикалық тиімділікке қол жеткізу үшін арнайы бағдарлама жасау қажет. Оның түрлі жолдары бар. Мысалы, арнайы мамандандырылған механикалық серіктестіктер құру, тегістелген жерлерге кеткен шығындарды субсидиялау және басқа амалдарын қарастыру.
Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдары су ресурстарын үнемдеу мақсатында, суды аз талап ететін, вегетациялық қысқа кезеңдегі күріш сорттарын шығарып, өндіріске енгізумен қатар, ауыспалы егіс жүйесінде күріштің үлесін азайтып, әртараптандыру дақылдарын орналастыру жөнінде де ұсыныстар жасауда.
Қазіргі уақытта барлық ауыл шаруашылығының өндірістік салаларында жоғары өнімді техникалар қолданысы үлкен сұранысқа ие. Оның ішінде, әсіресе, суармалы жүйедегі судың ағынын реттеудің маңызы зор. Өкінішке орай, бүгінге дейін отандық өндіріс мұндай санаттағы қондырғыларды шығармайды. Ал, шетелдік өндіріс орындарына қымбаттығына орай тапсырыс жоқ.
Аймағымыздағы ауыспалы егіс жүйесі элементтерінің талаптарға сай болмауына байланысты, күріш егісіне берілетін судың көп бөлігі тиімсіз, яғни 50%-ға жақын мөлшері есепсіз қашыртқыға тасталуда. Сондықтан күріш алқаптарында су ресурстарын рационалды пайдалануды қамтамасыз ету үшін атыздарға су беру, қашыртқылау және үнемі есепке алуды құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету күрделі мәселе болып отыр.
Институт ғалымдары күрішті суару кезеңінде қажетті су реттегіш құрылғыларын жасап, өндірістік жағдайда көрсетіліп, Сырдария ауданының «Шаған-Жер» және Жалағаш ауданының «Ер-Әлі» шаруашылықтарының күріш атыздарына орнатып, сынақтан өткізді. Бұл автоматтандырылған құрылғылар күріш атыздарына су беруді, есепке алуды және қашыртқылауды тәулік бойы қамтамасыз етеді. Сонымен қатар сушының жұмысын жеңілдетіп, еңбек өнімділігін арттырады және құрастырылуы мен басқарылуы оңай құрылғының бағасы да қолжетімді.
Сонымен, қазіргі су тағдырына және оның ықпалынан орын алатын егін шаруашылығына қатысты ғылым мен нақты еңбек арасындағы үйлесім ерекше мәнге ие болып отыр. Өйткені, судың, яғни Сырдария өзенінің тағдыры – Сыр елінің тағдыры. Бұл орайда белгілі ғалымдар мен мамандар, тікелей жұмыс жасап отырған өкілдер пікір-пайымын, дәлел-дәйегін ұсынады, тәуір тұжырым жасалады деп ойлаймыз.
Қ.Бегалиев,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты,
Ж.Байманов,
техника ғылымдарының
кандидаты, доцент
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<