Сырдың сәні – күміс дән

1014

0

Елдегі ағайын тағы бір мерейлі маусымды түйіндеді. Күнге шағылысқан күміс дән қамбаға құйылды. Жайлау төсін жайлаған төрт түлік те көңілімізді көкке көтеріп, бейнеті мол тірліктің өтеуін қайтарды. Сыр диқандары жылма-жыл мол табысқа негіз қалап келеді. Еңбекші жұрттың етене кәсібі – күріш дақылынан рекордтық өнімге қол жетті. Толайым табысқа кенелген жұртшылық орайлы істі жылдағыдай дәстүрлі «Алтын дән» мерекесімен қорытындылайды.

Биыл елдегілер өте жауапты кезеңмен бетпе-бет келді. Дүние жүзін дүрбелеңге салған пандемия көктем мезгілі келген уақытта біздің елімізге де өз салқынын тигізді.  Қандай қиын кезең болса да, мемлекет аграрлық салаға айрықша назар аударып, егін науқанын ойда­ғыдай өткізуге барынша қолдау көрсетті. Жанармай, ми­нералдық тыңайтқыш, тұ­қым мәселесі уақытылы шешіл­ді. Бұл елдегі ағайынның өз жұ­мысын ойдағыдай атқа­руына үлкен септігін тигізді. Нәти­же­сінде межелі егін көлемі толық орындалып, диқан қауы­мы оны күтіп-баптау ісіне кірісіп кетті.

Дария бойындағы дүйім ел су тапшылығы мәселесіне де алаңдады. Су мөлшері былтырғыдан едәуір төмен болды. Сондықтан суды ысырапсыз пайдалану мәселесіне баса назар аудардық. Су жүретін жолдар тазаланып, басқа да маңызды жұмыстар жүзеге асты. Тиісті агротехникалық та­лап­тарға мән берілді. Бұл егіннің бітік шығуына үл­кен әсер етті. Елдегілер ауыз­бірлік, ұйымшылдық пен жауап­кершілік арқасында сын сәт­терде сыр бермей, межелі істі ойдағыдай орындап шықты. Қысқасы, толайым табыс ерен еңбектің арқасында келді.

Соңғы жылдарда облыстың аграрлық саласында өрелі өзгерістер жасалып жүргенін жақсы білеміз. Күріш сор­тын жаңалау бағытында да игі істер қолға алынды. Об­лыс­тың шаруашылық құры­лымдары барлық дақылды агротехникалық талаптарға сай егіп, күтіп-баптау жұмыстарын өз мерзімінде жүргізді.

Халқымызда «Егінші – мәрт, жер – жомарт» деген сөз бар. Қандай да табыс өлшеусіз еңбек арқылы келеді. Бастысы, еңбекшілер сын сағатта үлкен жауапкершілік танытты. Ол кез келген қиындықты жеңуге септігін тигізді. Қамбаға құйылған әрбір дән ауылдағы ағайынның маңдай терінің арқасында  ысырапсыз жиналып алынды.

Айта кетейік, биыл күріштің әр гектарынан орта есеппен 61,8 центнерден өнім жиналды. Ел қамбасына барлығы 551,3 мың тонна Сыр маржаны құйылды.

Расын айту керек, ұзақ жылдар бойы күріш сорты жаңартылмай келді. Жергілікті ғалымдар осы мақсатта көптеген жұмыс жасады. Сорт шығару – бір күндік шаруа емес. Ол бірнеше жылға созылуы мүмкін. Алдымен тәжірибелік негізде егіліп, ғалымдардың назарында болады. Кейінгі жылдарда өңірде күріштің бірнеше сорты сынақтан өткізілді. Олардың арасынан «Сыр сұлуы» мен «Ай-Керім» сорттары мамандардың көңілінен шықты. Жергілікті шаруалар да олардың өңірдің климаттық жағдайына толықтай сай келетінін айтып жүр. Биылғы жылдан бас­тап облыстағы көптеген шаруашылықтар аталған сорттардың көлемін кеңейтіп, одан мол өнімге негіз қалап отыр.

Қызылорда облысынан жыл басынан бері 13,9 млн долларды құрайтын 38,9 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталды. Ол былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 116,7 процентке артты. Шетелден балық, күріш, бидай қалдығы, қамыс өнімдеріне сұраныс жасалды. Облыста өндірілетін өнімдер Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Әзербайжан, Моңғолия, Тәжікстан, Украина, Түркіменстан, Өзбекстан, Грузия, Қытай, Польша, Германия, Литва және Ирак мемлекеттеріне жөнелтілуде.

Сондай-ақ, Германиядан біздің жерде өсетін қамыс өсімдігіне сұраныс артты. Оларда қамыс үйлердің шатырына арналған тоқыма себетін жасауға пайдаланылады. Бұл өнім биыл алғаш рет экспортқа шығып, осы күнге дейін 122,1 тонна жіберілген.

Дарияның төменгі сағасындағы біздің өңір үшін су жағдайы жылма-жыл өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан аграр­лық салада тың өзгерістер жасау қажет. Облыс басшылығының тікелей тапсырмасымен биыл әртараптандыру мәселесіне назар аударылды. Көптеген дақылдарға тәжірибелік негізде сынақ жүргізілді. Сондай-ақ, бұрыннан егіліп жүрген кейбір дақыл түрлерінің көлемі арттырылды.

Жаңа дақылдар облыстың климаттық жағдайына сәйкес келуі тиіс. Бұл орайда қант құмайы мен сояны атап өтуге әбден болады. Кейінгі жылдарда жергілікті ғалымдар қант құмайын сынақтан өткізе бастады. Одан жиналған өнім де көңіл көншітерлік. Оған қоса соя дақылының тиімділігіне көз жеткізіп отырмыз. Жергілікті шаруалар оны өсіру тәсілдерін де меңгере бастады. Биыл 240 гектар соядан 263, 70 гектар қант құмайынан 31 тонна өнім жиналды. Жүгері көлемі 1700 гектарға жуықтады.

Осылайша әртараптандыру бағыты жаңа жолға түсе бастады. Өнімділік дең­гейін арттыру мақсатында күздік бидайды ылғал сақтағыш аквагельді пайдалану арқылы егу ісі қолға алынып, одан оң нәти­жеге қол жетті. Әрине, бұл бағытта әлі де тиісті жұмыстарды жүргізетін боламыз.

Айта кетерлігі, биыл облыс бойынша 184,2 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде дәндi дақылдар 99,9, майлы дақылдар 5,7, малазық­тық дақылдар 61 мың, картоп, көкөнiс, бақша 17,6 мың гектарға орналастырылды. Негізгі дақыл – күрiш 89,5 мың гектарға егілді.

Агротехникалық талаптарға сәйкес жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде мол өнімге негіз қаланды. Күздік бидайдан 9,5, жаздық бидайдан 4,6, дәндік жүгеріден 2,2 мың тонна дән қамбаға құйылды.  Сондай-ақ, картоптан 66 590, көкөністен 112 806, бақшадан 193 484 тонна өнім жиналды. Майлы және малазығындық дақылдардан да жиналған өнім межеленген деңгейден шықты.

Аграрлық сектордың маңызды саласы – мал шаруашылығында да өсім бар. 1 қазанға дейінгі мәлімет бойынша өңірде 352,6 мың ірі қара, 761,9 мың қой мен ешкі, 153,8 мың жылқы, 53,2 мың түйе және 124,8 мың құс тіркелген. Облыста 3500-ге жуық құрылым ата кәсіпті өркендетіп отыр. Асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуға, өнімділік пен өнім сапасын арттыруды субсидиялауға биыл жергілікті бюджеттен 2432,1 млн теңге қаралған. Қазірге дейін 700-ден астам шаруашылыққа тиісті субсидия төленді.

Облыста бордақылау алаңының саны арта түсті. Мұндай жұмыспен айналысатын 20 орын тіркелген. Онда 12 мың бас ірі қараны бордақылауға мүмкіндік бар.

Міне, биыл Сыр елінің еңбеккерлері осындай нәтижелі көрсеткішпен «Алтын дән» мерекесіне жетіп отыр. Ел ырзығы мол болғай!

Шахмардан ҚОЙШЫБАЕВ,

облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<