Сырдың суы мұздықтан бастау алады

838

0

Былтыр Сыр өңірінде суармалы егісте су тапшылығы қатты байқалды. Сыр маржаны – күрішке қатысты проблемалар шыға бастады.  90 күн суда тұрып өсетін дақылдың орнын басатын дақылдар егуді ұсынушылар қылаң бере бастады. Әрине, олар істің оңтайлысын толық түсінбеушіліктен деп білемін. Мен өзім Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының бұрынғы директоры, профессор С.Өмірзақовтың пікірін қолдаймын.

Әрине, Азиядағы ең ірі екі өзеннің бірі саналатын Сырдарияның бүгінгі жағдайы мәз емес. Әсіресе соңғы жылдары  судың азаюы қатты байқалуда. Дария деңгейінің төмендеуіне әсер еткен түрлі себептер бар. Солардың бірі, жоғарыдағы қырғыз, өзбек ағайындар суға сараңдық танытып, қажет уақытында бермейді, оған қоса ғаламдық экологиялық мәселелер, өзен суын жолай егістік пен өнеркәсіптер шектен тыс пайдалануда және мұнай өндірісінің қарқынды дамуы да әсер етпей қоймайды. Сырдария өзенінің ахуалы оның төменгі ағысындағы халықтың әлеуметтік жағдайына үлкен әсер етіп отырғаны анық. Бұған енді тек Президенттің тікелей араласуын қажет ететін сыңайлы.

Негізі әлемде ірі өзендердің барлығы дерлік трансшекаралық болып келеді. Сондықтан олардың жағдайы сол мемлекеттердің шешіміне байланысты. Бізге белгілі мәліметтерге сүйенетін болсақ, трансшекаралық маңызы бар Сырдария өзені басын Нарын мен Қарадария өзендерінің қосылған (Ферғана аңғары) жері Орталық Тянь-Шань сілемдерінен алып, Қырғызстан, Өзбекстан жерлерінен Түркістан облысы арқылы Қызылорда облысы жеріне өтеді де Арал теңізіне құяды.

Сырдария өзенінің жалпы ұзындығы – 2219 шақырым, Қазақстан жеріндегі ұзындығы (Түркістан, Қызылорда облыстары аумағында) – 1400 шақырым. Өзен ағынын реттеп, суын егістік (күріш, мақта, бау-бақша) пен шабындықтарды суаруға және суландыруға тиімді пайдалану үшін өзен бойында бірнеше бөгендер мен каналдар салынған. Жалпы өзен бойында 4 су қоймасы бар. «Тоқтағұл» (Қырғызстан), «Қайраққұм» (Тәжікстан), «Айдаркөл» (Өзбекстан), «Шардара» (Қазақстан). Кейбір мамандардың болжамынша, дария суын реттеуге арналған дәл осы жасанды су қоймалары салынғаннан кейін өзеннің суы азайып кеткен. Кейіннен Сырдария өзенінің Түркістан тұсынан «Көксарай» су реттегіші салынды, осыдан кейін Қызылорда өңіріне су мүлдем аз мөлшерде келуде. «Сағадағы су ішеді, аяғындағы у ішеді» деген сөз бекер болмаса керек.

Қазірдің өзінде дария суы Қармақшыдан төмен қарай сирақтан келіп тұр. Ал Кіші Аралға мардымсыз ғана су баруда.

Егер жылдан-жылға дария суы осылай азая беретін болса әупірімдеп отырған Кіші теңізден де айырылып қалуымыз мүмкін. Онымен қоса экологиялық, экономикалық ғана емес, халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлап, мемлекеттік, халықаралық деңгейдегі мәселелер туындайды.

Арал-Сырдария экология департаментінің талдау және бақылау бөлімінің мәліметтеріне қарағанда Сырдария өзеніндегі судың деңгейі биыл өте төмен. Оған қоса сапасы барған сайын нашарлап барады.

Қырғыз ағайын не дейді?

Ғалымдардың болжамдары бойынша, Қырғызстандағы мұздық-тардың көлемі  2025 жылы 30-40%-ке азайып кетуі мүмкін. Ол, өз кезегінде, Орталық Азиядағы өзендер суының 25-35%-ке азаюына алып келеді. Солай кете берсе 2100 жылы Қырғызстанның географиялық картасында мұздықтар жойылуы әбден мүмкін. Ал Қазақстанның, бүкіл өңірді көкөніс, бақша дақылдарымен қамтамасыз етіп отырған оңтүстік аймағы қуаңшылыққа ұшырап, шөл далаға айналуы мүмкін. Өйткені бұл өңірде басқа су көзі жоқ. Оған қоса Кіші Арал тартылып экология ушығады. Бұл бір ғана Қазақстанға емес, әлем елдеріне әсер етеді.

Гляциологтар мұздықтардың аз-аздап еріп, күндердің бір күнінде жойылып кететінінен қауіптенеді. Сондықтан Азиялық Тянь-Шань мұздықтарының мәселесі осы өңірдегі елдердің ешқайсысын толғандырмай қоймауы мүмкін емес.

Қырғызстан гляциологиялық стансасының жетекшісі Бақыт Ерменбаев мұздықтардың жыл сайын өте жылдамдықпен шегініп бара жатқанын айтып, көп жылдан бері мәселе көтеріп келеді. Ғалымның айтуынша, қыста қар аз жауып, жазда күн жылынғанда көлемі азая түседі.

Урустам Қабылбековтың «Мұздықтарды сақтауда бөлінудің еш керегі жоқ. Бірігіп жол іздейік» – дегені әлем елдерінің құлағына жетсе екен деймін. Себебі, оның зардабы ертең тек бір елдің ғана емес, әлем халықтарының тағдырына әсер етуі әбден мүмкін. Бұл тек Орталық Азияға емес, бүкіл әлемге экологиялық қауіп төніп тұрғанын көрсетеді. Оған бір дәлел – Арал апаты.

Осы Урустам Қабылбековтың бастамасымен түйткілге дүние елдерінің көңілін аудару үшін Қырғызстанда «Мұздықтардың әлемдік аллеясын» ашу мәселесі көтерілген екен. Бастаманың бір тарауында Қырғызстанның биіктігі 5621 метр болған Түркістан қырқасындағы мұздыққа Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың, Сары-Жаз өзенінің бойындағы мұздыққа (5576 м.) Иса пайғамбардың, Алай қырқасындағы мұздыққа (5539 м) Мұса пайғамбардың, Сары-Жаздың бойындағы тағы бір 5361 м биіктіктегі мұздыққа Будданың есімдерін беруді ұсынған еді.

Шынтуайтында су Қырғызстан үшін ондай проблема емес, олар мұздықтың етегінде отыр. Қанша су ішем десе өз еркінде. Ал біздер үшін ол – ауадай қажет дүние. Сондықтан біздің ел болып, халық болып, мемлекет тарапынан бұл мәселеге бей-жай қарауымызға болмайды.

Қырғызстанның солтүстігінде Қазақстанмен шектесетін Тянь-Шань тауларында 6 мыңдай мұздық бар. Жалпы алғанда, барлығының саны – 6771. Жалпы көлемі – 8 мың 47 шаршы шақырым, яғни, Қырғыз елі территориясының 4,2%-ін құрайды.

Мұздықтардың жыл сайын еріп тұруы – заңды құбылыс. Бірақ кейінгі қырық жылда жер шарында жылдан-жылға үдей түскен климаттың жаһандық жылынуы олардың көбірек еруіне әсер етуде. Мұның үстіне осы жылдардағы адамның араласуымен болып жатқан технологиялық үрдістер мұздықтардың еруіне өзінің қомақты үлесін қосып келеді.

Назарбек Байжігітовтың айтуынша (Қырғызстан) қазір елде бұрынғыдай кәсіпорындар көп емес, сонда да қыс айларында Бішкек аспанын қара түтін қаптап тұрады. Бұл, негізінен, көшеде қаптап жүрген, түтіні будақтаған ескі автокөліктерден. Орта есеппен, Бішкектегі екі үйдің бірінде осындай көлік бар. Сондай-ақ бір кезде қаланың шетіне салынған жылу-электр стансасы және жер үйлердегі қала халқы көмірді пайдаланады. Білесіздер көмір тозаңы және көмірқышқыл газ – мұздықтардың дұшпандарының бірі. Қырғызстанның бірнеше жерінде көмір жер астынан емес, үстінен қазылып алынады. Олардың ірісі – Қара-Кече көмір кені. Бұл – Тянь-Шаньның төменгі сілемінде.

Қырғызстанның вице-премьері Тайырбек Сарпашев «Қырғызстан ретінде емес, әлем көлемінде шара қолданылуы керек. Әйтпесе 20-30 жылдан кейін болашақ ұрпаққа қатты қиын соғады» дегенді айтады.

Қалай болғанда да судың да сұрауы бар.

Оразхан АЙДАРОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы

Арал мен Сырға алаңдау

Сұлу Сырдың жағасын көп кеземін,

Қайран, Сырым сырқатыңды сеземін.

Аралымды Аруынан айырмай,

Көршілерім тапса екен-ай тез емін.

Қазір қайда, қайда қазір кісілік,

Түсінісу, достық деген түсінік?!

Сырсыз теңіз сахараға айналса,

Сезу қиын оның соңын түсініп.

Тәжік, қырғыз, өзбек – бізге бауырлар,

Сіздерде де бүйрек пенен бауыр бар.

Арал жайы бар әлемге белгілі,

Ол тартылса тіршілік те ауырлар.

Бауырластар, барлап жайды бағала,

Аралға дейін Сырдың бойын жағала…

Сырқаттанған Сыр-Анаға су қажет,

Сіздер сонау отырсыздар сағада.

Сіздер жақта «тоқсан» түрлі тоған бар,

Су қоймалар, тосқауыл мен тоғандар…

Сіздерден де басқа осы құрлықта,

Сыр бойында өмір сүрген қоғам бар…

Сырсыз олар қалай өмір сүреді,

Су емес пе тіршіліктің тірегі?

Ағайындар, келіңдер оң шешімге,

Сіздерге осы тәмам жұрттың тілегі…

Қаратау – Арал арасы,

Халықтың көп қарасы…

Қоныстанған ежелден,

Қазақтың қара баласы…

Бұл туралы біреудің,

Тарихқа болмас таласы.

Біздер үшін бұл жердің,

Аса тым қымбат бағасы.

Құтты мекен болған жер,

Қашаннан Сырдың жағасы…

Орталығы белгілі –

Қызылорда қаласы.

Арал мен Сыр сарқылса,

Қу тақыр боп тартылса,

Айналмай ма ағайын,

Сахараға даласы.

Оның беті аулақ!

Ойланайық!..

Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<