Табиғат тағылықтан тозады

1786

0

…Өкінішке орай, асқар тауларымыз бен айдын көлдерімізді, ұлан-ғайыр даламызды ластап жатқан да өз азаматтарымыз. Көкжайлауға от жағып, қоқыс шашып кеткен де, Көбейтұздың батпағын шелектеп тасып, көлдің ортасында көлікпен ойқастаған да солар. Бір тұтам мүйізі үшін көзін мөлдіретіп киіктерді қырған да өзгелер емес. Қасиетті жеріміздің киесінен қорықпай, жат жұрттың да қолы бармас әрекеттерді жасап отырып, қалайша осы мекеннің иесіміз деп кеуде соға аламыз?!
Президенттің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласынан…

Жалған ұранмен көркейгеніміз шамалы. «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, Оны айтатын табиғаттың тілі жоқ» деп қоймалжың бояумен қатырып тұрып тақтайшаға жазсақ та, әдепсіз істен айылымызды жимай келеміз.
Жалпы, табиғаттың жанашыры да, жаналғышы да өзіміз. Әсіресе, кейінгісіне көбірек ұқсаймыз ба, қалай?! Бұрын да болған. Бүгінде оны бүлдіруге әуестенген топтың көбейгенін сіз де, біз де көбірек байқаймыз…


Көл жағасын «гүлдендірген» кімдер?

Бұл – коронавирус келмей тұрып көрген жайт. Дұрысы, екі жыл бұрын осындай көрініске тап болғанбыз.
Сол жылы әдепкідей жаз келгенмен бірден ыси қоймады. «Осы жаз болмайды-ау» деп жүргенімізде, шілде басталысымен «міне, саған жаз» дегендей күн күйіп сала берді. Температура 41 градус деп жай хабарлама келгенімен, кейбір жерлерде ыстық 50-ді көрсеткені өтірік емес.
Жә, бірді айтып, бірге кетіппіз. Мәселе басқа. Күн ысыған сайын, кепкен балықтай ауызымызды ашып, «туһ, шіркін, осындайда бір салқын суға сүңгіп алғанға не жетсін» деп армандайтынымыз бар. Шынымен, ондай ыстықта суға түсіп демалған бір ғанибет. Менің біршама уақыт бұрын көрген жайсыз көрінісім Қамыстыбас, жергілікті тұрғындар Қамбаш деп атайтын көл жағасында болды. Сол демалыс орнына барып, талай қызықтың (қызықтан гөрі шыжық деуге келіңкірейді) куәсі болғанбыз.


Есімде әлі. Тап-тар қуықтай сәкі деуден гөрі тауықтың кепесіне ұқсайтын отырар орнымызды қып-қызыл ақшаға жалдап алған соң, жан-жағымызға бажайлап қарай бастадық. Рас, көлдің суы мөлдір, тамаша екен. Демалыс күні болған соң, кісі қарасы тіпті көп.
Бірден айтайын, тазалық жайы көл маңында тайғанақтап тұрды. Абайлап жүрмесең, сусын мен сыраның бөтелкесіне шалынып құлап, етбетіңнен түсуің мүмкін. Кейбірі солай түсіп жатты да. Әр жерде шашылған темекінің тұқылы. Демалыстың төресі осы екен дей ме, мұнда келген кейбір жұрт масаңдау күйде жүрді. Мұндайға ескерту тақтайлар ілініп тұр, оған пысқырған пенденің қарасы жоқ. Барлығы демейін, кейбір кәсіпкерлер қызмет көр­сететін өз аймағын тап-тұйнақтай етіп қойған. Кейбірі дәретхана да тұрғызбаған. Тұрған күнде тым жақын орналасқан, кейбірі тіпті құлап жатыр.


Айтпақшы, адамдармен бір­ге көлге жақын ауыл­дардан кел­ген сиырлар да емін-еркін сай­ран салады мұнда. Елден қал­ған көкөністің қалдығы, қауын-қарбыздың қабығына дә­нік­кен мүйізділер сыртта тұрып кәдімгідей сарқыт дәметеді. Күлеміз-ау, бірақ бұл рас. Көзбен көрген дүниені қалай жасырамыз, ашығын айтқан бізді ешкім сөге қоймас.


Суы мөлдір әрі емдік қасиеті мол деп жоғарыда айтып кеттік. Бұрынғыдай жағалай тігілген ақ­шаңқан киіз үйлердің орнын кә­дімгідей демалыс үйлері мен аппақ шатырлар басқан. Келушілердің емін-еркін демалуына жағдай жасалған деуге болады, егер тазалық санатқа кірмесе. Кәуап дейсіз бе, сыра дейсіз бе, тамақтың түр-түріне тапсырыс берсеңіз де, қызметіңізге әзір. Бір айыбы, біз барғанымызда, осы тамақ қал­дықтарының дәл адамдар ор­наласқан жерге тау боп үйіп тастағанын көрдік. Ал, енді оның күн ысығандағы исі мұрныңызға келгенде… Қандай демалыс, қандай «тазалық» десеңізші!..
Барлығын бірдей кәсіпкерге не болмаса жергілікті билікке жаба салудан аулақпыз. Жағалауға кел­ген әр демалушы өз ауласындай таза қараса деген ниет біздікі. Айтпақшы, қайтар уақытта бізге қызмет көрсеткен кәсіпкер мен ондағы қызметкерлер өзіне тиесілі аймақты тазалап, қоқыстарды ар­найы көлікке артып жатты. Бұған да шүкір дестік.
Әй, өзіміз-ай…

Дерек пен дәйек

Сыр бойындағы табиғат бай­лығы баршылық. Мысалы, кіші Аралды қоспағанда 207 көл бар бізде. Осылардан 18 түрлі балық өндіріледі.
Балық түрін сыртқа экспорт­тай­тын біздің аймақ оны қорғауда да ішінара жұмыстар жүргізеді. Соның бірі – күріш егістіктерінде қалған майда шабақтарды құтқару. Салалық басқарманың сөзіне сен­сек, былтыр 27 тамыздан бас­тап, егін науқаны біткенше күріш­тік алқап пен бөлектенген канал­дар­да қалған 8,3 млн балық ша­бақ­тары құтқарылып, суға жібе­рілген. Бұлардың арасында жеке көл­дер­ді жалға алып, ондағы та­биғи байлықтарды көбейтумен айна­лы­сып отырғандар бар. Бұл жерде көл иеленуші кәсіпкерлердің балық қорын арттыруда еңбегі барын айта кетуіміз керек. Дәл қазіргі қыс айында олар өз көлдерінде ар­найы ойық ойып, көп балықтың қырыл­май, еркін ауа жұтуына жағдай жасап жүр.


Көл мен өзенді жағалай келіп, орман-тоғайға ойыссақ. Облыста мемлекеттік орман қоры жерінің жалпы көлемі 6,5 млн гектар. Оның 3,1 млн гектары орманды алқап. Ал осы орманды алқаптың 89 проценті сексеуіл ағаштарынан тұрады.


Сексеуіл демекші, аймақта орманды қорғау және өрттен алдын алу мақсатында сегіз шаруашылық мекемесі жұмыс істейді. Былтыр біздегі орман қорына 11,3 мың гектар ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілген. Соның 6,3 мың гектары Арал теңізінің құрғаған ұлтанына егілді. Бұның өзі дауылды күні көтерілген тұзға әжептәуір сеп.
Былтыр орман шаруашылығына жауапты мекемелер 290 рейд ұй­ымдастырыпты. Нәтижесінде ор­ман тәртібін бұзу бойынша 29 іс анық­талған. Оның үшеуі заңсыз сексеуіл кескендер. Иә, үкімет сексеуілді қалқайта алмай әлек, біз отындыққа қыршып жүрміз.
1 қыркүйектегі ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың халыққа арналған Жолдауында алдағы 5 жыл ішінде орман қорын көбейтіп, ағаш кө­шеттерін отырғызу жөніндегі тап­сырмасы бар. Соған сәйкес, об­лыстағы тиісті орындар арнайы кешенді жоспар қабылдап үлгер­ген. Енді алдағы жылдары Арал теңізінің құрғаған 213,1 мың гектар табанына 177,5 млн ағаш көшеттері егілмек.
Табиғат тыныштығын бұзатын­дар әлі де сиремей тұр. Нақты сан­дық мәлімет бар бізде. Об­лыс­тық орман шаруашылығы және жануарлар дү­ниесі аумақтық инс­пекциясы бер­ген жалпылама мә­ліметті сөй­летіп көрсек. Өңірде былтыр таби­ғатқа қатысты тәртіп бұзғандар аз болмаған көрінеді. Мысалы, инс­пекция тарапынан 265 рейд өтсе, соның барысында 672 табиғат заңдылығын бұзған­дар анықталған. 652 хаттама толтырылып, 146 іс сот органдарына жолданыпты. Кей­бір істі сот әлі де қарап жатқан көрінеді. Сондай-ақ былтыр 453 адам айыппұл арқалап, оны тө­леуге мәжбүр болған. Табиғатқа келтірген залал үшін кейбірі өте көп сомада шығынға батқан. Әрине, бұның ішінде сотты (киік ату) болып жатқандардан бөлек, жай табиғат заңдылығын сақтамау арқылы ұсақ құқық бұзушылық жасағандар да жетерлік.

«Жасыл экономикаға»
көшудің жағдайы
қалай?

Мемлекеттің «Жасыл эконо­ми­каға» көшу жөніндегі тұжырым­дамасында көрсетілгендей, қалдық­тарды басқару бағытында облыста негізгі 3 нысаналы индикатор бойынша жұмыс атқарылады. Оның біріншісі – қалдықтардың өңдеу үлесін арттыру.
Қазір өңірде әртүрлі қал­дықтарды тасымалдау, жинақтау, қайта өңдеу және жою саласында 40-тан астам кәсіпкерлік субъек­тісі жұмыс істейді.

Мысалы, «Ибрайхан и К ЛТД» ЖШС жаяу жүр­гіншілер жолына арналған төсе­ніштер (брусчатка), «Smart Rubber» ЖШС автокөліктердің жарамсыз дөңгелегінен резеңке ұнтақтары мен тамшылатып суаруға арналған түтіктерін қайта өңдеу арқылы іске асырған. «Қызылорда қағазы» ЖШС күнделікті тұрмысқа қажет әжетхана қағазын жасаса, «ДаЖаЕр» ЖШС, «Август», «Аймырзаев», «Аян» жеке кәсіпкерлік субъектілері мака­ла­тура, картон, пластмасса, пластик қалдықтарын сұрыптап, жинақтау жұмыстарымен айналысып келеді.


Екінші индикатор – халықты тұр­мыстық қатты қалдықтарды жи­нау және тасымалдау қызметі­мен қамту. Бүгінде 800 мыңнан астам облыс тұрғынының 70,8%-і қал­дық­тарды тасымалдау қызметімен қамтамасыз етілген.
Тұжырымдаманың үшінші бөлігі – экологиялық және санитариялық талапқа сай келетін полигондар. Облыста 145 полигон болса, оның 7-уі экологиялық талаптарға сәй­кестендірілген. Біздіңше, бұл тым аз көрсеткіш. Қазір осы мақ­сатта бірқатар жұмыстар жүруде. Атап айтсақ, Жалағаш, Шиелі, Сырдария аудандарында тұр­мыстық қатты қалдықтар сұрыптайтын полигон құрылысын салуға жоба-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Ал Жаңақорған кентінде қалдықтарды орналастыру полигоны мен сұрыптау кешеніне арналған жер учаскесі белгіленіпті.
– Былтыр Арал қаласындағы полигон құрылысына облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, жұмысы желтоқсан айында бітті. Қазір теңгерімге қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Полигонның жылдық қуаттылығы – 37,8 мың тонна. 6,2 гектар жер учаскесі бар. Арал қаласынан 4 шақырым қа­шық­тықта орналасқан. Бұдан бө­лек, Қызылорда қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қалдықтарды сұрыптау кешені мен полигон құрылысы бітіп, іске қосылды. Жаңа полигон Белкөл кентінен 4 шақырымда ор­наласқан, көлемі 20 гектар. Мұнда жылына 60 мың тонна қалдық сұрыпталады. Қосымша жұмыспен 40 адам қамтылды, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу бас­қармасының бөлім басшысы Болат Бисенбаев.
Оның айтуынша, жергілікті тұр­­ғындарға қоршаған ортаны сақ­тау, оны ластамау мәдениетін қалыптастыру және арнайы мо­ниторинг жұмыстары жүргізіледі. Осы мақсатпен қоғамдық кеңес мүшелері, еріктілер және басқарма қызметкерлері бірлесіп, Жалағаш, Сырдария, Шиелі ауданының ел­ді мекендеріне бақылау жасап, бей-берекет орналасқан қоқыс орындарын тазарту мақсатында әкімдіктерге ұсыныс жасаған.

Бізге жетіспейтіні…

Қаладағы көліктің көбеюі, за­уыт, фабрикадан шығатын түтіннің зардабы жайлы күрделі жағдайлар жеткілікті. Сондай-ақ қоқыс өң­дейтін зауыт салу сияқты мәселе де Үкімет тарапынан қолдау ар­қылы жүзеге асатын жұмыс. Ал қарапайым тұрғындар, яғни біз, табиғатқа жанашырлықпен есте сақтайтын кейбір ұстанымдар бар.


Мысалы, табиғатты таза ұстау, қоқыс тастамау, т.б. туралы мәде­ниетті әркім өзінен бастаса, сол жетіп жатыр. Шыны керек, қо­қысты әудем жерде тұрған жә­шікке тастауға ерінеміз кейде. Тіпті, шайнаған сағызды отырған үстелдің астына жапсыру тек бізде ғана бар шығар.


Әркім өз ауласын таза ұстаса болғаны. Сол арқылы, көршіңізге, тіпті, жақын дос-жаранға да үлгі боласыз. Көгалдандыруды көптеп қолға алса, бұл іс оңға басары анық. Ағаш отырғызу – жұтқан ауамызды тазалау деген сөз.
Достармен табиғатқа тыныс­тауға шығып, тағылыққа бой алды­ратынымыз бар. Ішкен-жеген та­мақ қалдығы, босаған бөтелке, жыр­тылған пакеттер. Жайратқан күйі жан-жаққа кетеміз. Бұл жайлы жаныңдағы досың саған үндемейді, сен де оған біліп тұрып жақ ашпайсың. Ал табиғатта тіл жоқ. Лас күйінде қала береді.


Полиэтилен пакеттерді қолда­ныстан алып тастау керектігі жиі айтылады. Бірақ, дүкенге бар­ғанда алған заттың барлығы осын­дай пакетке салынатыны анық. Полиэтиленнің қайта өңдеуге жара­майтынын не жоя алмай­тыныңды білсек те қолданыстан шығара алмай келеміз. Қағаздан жасалған пакеттерді пайдалану жайлы ма­мандардың көп айтуы осыдан болса керек.
Ал енді сізге сұрақ. Біз жай ғана осыларды істеп жүрміз бе?!


Ержан ҚОЖАС

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<