Қазан айының үшінші жексенбісі – Орман шаруашылығы қызметкерлері күні. Қызылорда облысында орман шаруашылығы саласы 1934 жылдың 1 наурызында бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облыстық агро-орман шаруашылығының құрамында болған Қызылорда, Қазалы, Шиелі учаскелік шаруашылықтар негізінде ұйымдастырылған.
Бұл кезеңде орман көлемі 6 млн 623 мың гектар, орманды алқап 5 млн 222 мың гектарды құрап, оның құрамына Қазалы, Қармақшы, Қарсақпай (Тереңөзек), Қызылорда, Жаңақорған әкімшілік аудандары кірген. 1934 жылдың 1 шілдесінен бастап сол кезде таратылған Түркістан орман шаруашылығының учаскесі енгізіліп, қосымша Түркістан, Созақ және Арыс әкімшілік аудандарының орман жері қосылды. Осының нәтижесінде мемлекеттік орман қорының көлемі 9 млн 268 мың гектарға дейін көбейді. Түркістан, Шиелі, Қызылорда өндірістік, Қазалы, Қармақшы, Қарсақпай (Тереңөзек) орман шаруашылығы учаскелері жұмыс істеді.
Аймақтың орман шаруашылығы жиі-жиі құрылымдық өзгерістерге ұшырап отырған. 2002 жылы бұл салада кезекті қайта құру-ұйымдастыру жүргізіліп, облыстық орман, балық және аңшылық шаруашылығы Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігінен Ауыл шаруашылығы министрлігіне берілді. Орман мекемелері Үкімет қаулысына сәйкес 2003 жылғы 1 қаңтардан бастап, бұрынғы Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнен облыстардың коммуналдық меншігіне берілген.
Биыл орман шаруашылығы саласының құрылғанына 86 жыл толып отыр. Кәсіби мерекені Сыр еліндегі сала мамандары толымды жетістіктермен қарсы алды. Өңірде мемлекеттік орман қоры жерінің жалпы көлемі 6,5 млн гектар болса, оның 3,1 млн гектары орманды алқапты құрайды. Облыс ормандары өзіндік табиғи кешен және маңызды егіс-топырақ қорғаныштық, климат түзуші, су қорғау, санитарлық-гигиеналық, рекреациялық және басқа да қорғау-әлеуметтік функцияларды орындайды. Қазір табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты Қызылорда, Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған орман мекемелері жұмыс атқарады. Көлемді арттыру бойынша жыл сайын орман өсіріледі, оның ішінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанына егілуде. Дүниежүзілік банк заемы және Ғаламдық экологиялық қордың гранты есебінен, Оңтүстік Корея Республикасының қаржыландыруымен «Арал теңізінің құрғап қалған ұлтанында фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізу» жобасы жүзеге асырылып, 13,3 мың гектар жеріне сексеуіл егілді.
Жалпы Тәуелсіздік жылдары теңіздің құрғаған ұлтанына сексеуіл және басқа галафитті өсімдіктер көшеттері отырғызылды. Қазір учаскелердегі екпелер табиғи өсіп көбеюде.
Биыл өртке қауіпті маусымда облыс аумағында орман және дала өрттерінің алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіліп, ол бойынша жұмыстар атқарылуда. Орман өртін болдырмау үшін мекемелерде 9 дана өрт сөндіру автокөлігі бар 54 тұрақты өрт сөндіруші қызмет атқарады. 488 шақырым жаңа өрт жолағы, жасалып, 3229 шақырым ескі өрт жолағы жасалып, қалпына келтіріліп, аншлагтар мен паннолар орналастырылды. Өрт қадағалау мұнаралары орнатылып, кезекшіліктер ұйымдастырылған.
Биыл республикалық бюджет есебінен зақымдалған 12 мың гектар сексеуіл алқабына химиялық залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.
Президент Жолдауындағы орман қорына 2 млрд және елді мекендерге 15 млн ағаш көшетін отырғызу туралы тапсырманы жүзеге асыру үшін тұқымбақтар көлемін ұлғайту бойынша тиісті шаралар қабылдануда.
Басқарма сала ардагерлерімен тығыз байланыста. Ардагерлердің бастауыш ұйымы жұмыс істейді.
Орман шаруашылығы саласы, табиғи ортаның тұтастығын сақтау, экологиялық және ресурстық әлеуетті тұрақтандыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береді.
Сала мамандарына аймағымыздың табиғатын қорғауға, орман көлемін ұлғайтуға қосқан үлестері үшін алғыс айтып, игі тілектестік білдіремін.
Бауыржан Шаменов,
облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<