Тәуелсіздік – ел тілегі

1112

0

Қазақ елі тарихы үшін желтоқсан айының орны бөлек. Осы айда ата-бабамызға арман болған Тәуелсіздігімізді алдық. Тұңғыш Президентімізді сайлап, өз таңдауымызды жасаған тарихи оқиға да осы айда болды.

Отыз жыл адамзат тарих өлшемімен қас-қағым сәт болғанымен, Тәуелсіз Қазақстан үшін үлкен белес. Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдағы тарихынан тағылым іздеген адам жарқын да жаңа бастамалардың іске асқанын көретіні анық.

Осы жылдары халқымыз Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының жанына топтасып, толымды табыстар мен үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Шекарамызды шегендеп, мемлекеттігімізді мызғымастай етіп қалыптастырдық. Ішкі және сыртқы саясатта биіктерден көрініп, әлемдік қауымдастықта үлкен абырой-беделге ие болдық. Халықаралық күн тәртібін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын ірі орталыққа айналдық. Осының бәрі – Тәуелсіздіктің тартуы.

Тәуелсіздік алу бар ал оны қорғап қалу, баянды ету, келешек ұрпаққа аманат ету бір басқа. Осы орайда Ұлт Көшбасшысының 30 жылдық дамуды түйіндеп, жас ұрпаққа анықтап берген «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығы мен «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласы болашақ үшін үлкен тәлім деуге болады.

«Nur Otan» партиясы осы игі істерге өзінің қомақты үлесін қосып келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен құрылған партияның 20 жылдан астам уақытта Тәуелсіз Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық өркендеуін қамтамасыз етудегі рөлі жоғары.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесінің жоғары деңгейде өткізілуіне сырбойылық нұротандықтар да жыл бойы ерекше үлес қосып келеді. Партияның облыстық филиалының бастамасымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өту шеңберінде 16 қараша мен 16 желтоқсан аралығына «Тәуелсіздік – ел тірегі» тақырыбында іс-шаралар жоспары дайындалып, партияның аймақтағы барлық құрылымдық бөлімдері 9 мыңға жуық  азаматты қамтыған 300-ден аса түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырды. Айлық іс-шараға партия ардагерлері мен бастауыш партия ұйымдары, жасотандықтар мен мәслихаттардағы фракция мүшелері және көптеген партия жақтастары белсенді қатысты.

«Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығы мен «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласын партия белсенділерінен құрылған ақпараттық-насихаттық топтар толық ақпараттандырды.

Еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында өңірдің өсіп-өркендеуі мен әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосып жүрген әріптестеріміз партияның жоғары наградалары «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен және «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Бұл партияның орталық аппараты мен облыс басшылығы тарапынан берілген жоғары баға мен үлкен қолдау деп білеміз. Марапат басқа да әріптестерімізді алдағы уақытта жаңа белестер мен жеңістерге бастайды.

Баршаңызды Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтап, ел дамуы жолындағы қажырлы еңбектеріңізге табыс тілеймін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз мәңгілік болсын!

Ләйлә ТӨРЕШОВА,

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының

бірінші орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<