«Талапқа бағыну – тұтас ел алдындағы азаматтық борышымыз, саналы түрде басты ұстанымымыз болу керек»

747

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен пандемиямен күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен аймақтың экономикалық ахуалы жөнінде брифинг өтті. Өңір басшысы сындарлы шақтағы іс-шаралардың жүзеге асу барысын дәйекті түрде жеткізді.

Қатаң карантиндік шектеулер нәтиже бере бастаған сыңайлы. Шілде айының басында жүктеме инфекциялық стационарда – 85, провизорлық стационарда 87 процентке бір-ақ көтерілген еді. Бүгінде олардың бірінде көрсеткіш – 59, бірінде 49,7 процентке дейін төмендеді. Стационарлық төсек-орын жүктемесі соңғы аптада 34 процентке кеміді.

Коронавирус жұқтырған 2626 адамның 1769-ы немесе 67,3 про­центі жазылып шықты. Өкі­нішке қарай 7 науқастан айырылып қал­дық. Эпидемиологиялық маусым басталғанда 976 төсек-орын ұйым­дастырылса, қазір оның саны 2405-ке жетіп отыр. Қажеттілікке қарай қамдануға қауқар бар. Ол үшін 500 төсек-орын резерві дайын.

Індетке қарсы барлық күш жұмылдырылуда. Қолданыстағы 6 ПТР аппаратының қатары тағы 4-мен толыға түспек. Сол кезде күніне 1500-ге дейін сынама алуға мүмкіндік туады. Компьютерлік томограф, өкпені жасанды желдету аппараттарына қажеттілік мәселесі бюджет және демеушілер қаржысы есебінен шешіледі.

COVID-19 инфекциясына қар­сы күрес шараларына тартылған 2407 медицина қызметкерін қар­жылай қолдау үшін 4 айда 1 млрд 117,6 млн теңге төленген. Емдеу мекемелері түгелдей бірінші тип­тегі костюмдермен, қорғаныс құ­ралдарымен қамтылды. 26 түрлі қажетті дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры қалыптасты. «СК Фармациядан» жоспарлы дәрі-дәрмектің 100 проценті келді. Дәріханаларда 1 айға жетерлік дә­рі қоры қалыптасты. Бүгінгі күні сұра­ныстағы дәрілер сатылымда бар. Үйдегі стационар қағидасы бойынша 161 мобильді топ жұмыс істеп жатыр. 

Құзырлы органдар көлеңкелі дәрі-дәрмек саудасының 39 дерегін анықтаған. Ал 38 жеке және заңды тұлға санитарлық-карантиндік талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартылды.

Облыс әкімі кешенді шаралар нәтижесінде жағдай тұрақтала бастағанын жеткізді. Мысалы, 22 маусым күні жедел жәрдем қызметіне жүгінгендер саны 2120-ға дейін жеткен еді. Бір айда ол 1051-ге түсті. Сөйтіп, жедел жәрдемнің шақырту жүктемесі 52 процентке азайып отыр.

Пандемия кезінде бюджеттің тиынына дейін тиімді бағыттарға жұмсалуы тиіс. Президент тапсырмасына сәйкес қайта қарау нә­тижесінде 2,2 млрд теңге кө­леміндегі бюджет шығыны қыс­қарды. Қомақты сома форум, семинар, конференция сияқты көп­шілік шараларды өткізу, қыз­меттік көліктер, кеңсе заттарын сатып алу, іссапарға шығу үшін қарас­ты­рылған.

– Менің тапсырмам бойынша карантиндік шектеулерден кейін экономиканы қайта қалпына келтіру жөніндегі облыстық жоспар бекітілді. Соған сәйкес жергілікті жолдарды жөндеу, су және жылу жүйесін жаңғырту, энергиямен қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауыл шаруашылығын, әлеуметтік саланы дамыту бағы­тында шаралар жүзеге асырылады, – деді өңір басшысы.

Өңір экономикасын қайта қалпына келтіру мақсатында жаңа инвестициялар тартылуда. Оның 2-і Арал ауданында жүзеге асырыла бастады. Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін цех құрылысы аяқталғасын 150 адам жұмыспен қамтылмақ. Шикізат Арал мен Қазалы аудандарының түйе өсірушілерінен сатып алынады. Тұз өндіретін үшінші испандық цех 200-дей адамның екі қолға бір күрек табуына мүмкіндік бергелі отыр. Ал өнімін экспортқа, оның ішінде Қытайға жөнелтпек.

– Жылдың екінші жартысында Арал ауданында кальцийленген сода, Қызылорда қаласында шыны пластик құбыр шығаратын зауыттардың, Жаңақорғанда күн электр станциясының құрылысын бастау көзделген. Жыл соңына қарай 3 өндіріс орны іске қосылады. Олар – облыс орталығындағы шыны зауыты, Аралдағы кварц құмын байыту бойынша тау-кен байыту комбинатының бірінші же­лісі, Қармақшы ауданындағы құс фабрикасы, – деді өңір басшысы.

Брифингте сондай-ақ пандемия кезіндегі кәсіпкерлікті қол­дау шараларының, мемлекеттік ма­ңызды бағдарламалардың орын­далуы туралы сөз болды. «Жұ­мыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында құны 37 млрд теңгені құрайтын 276 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл 9299 жаңа жұмыс орнын құруға жол ашады. Бүгінде 6718 адам жұмысқа орналасты.

– Әлі 2500-ден астам адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар. Алайда, оған сұраныс жоқтың қасы. Жобалар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жаңғыр­туға, әлеуметтік нысандар, көшелер мен жолдар салуға, оларды жөндеуге бағытталған, – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы кәсіп бастауға ниетті жандар үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы үлкен мүмкіндік екенін айта келе, тұрғындарды осы мүмкіндікті тиімді пайдалануға шақырды.

Елдегі қиын жағдайға қара­мас­тан Қызылордада құрылыс қар­қы­ны бәсеңдеген жоқ. Жоспарлы 30 әлеуметтік нысанның 22-сі жыл аяғына таман салынып болады. Бүгінде 1406 пәтерлі 87 үйдің құры­лысы жүріп жатыр. Жыл соңында соның 74-і қолданысқа беріліп, мың­ға жуық адам жаңа қонысқа көшеді.

Қауіпті індетпен күрестің бір бағыты – ақпараттық-насихаттық жұмыс жүргізу. Осы орайда облыс­тық медициналық жедел жәрдем станциясының базасында call ор­талығы жұмыс істеп тұр. Коронавирус мәселесі бойынша қандай да бір сұрақпен қызылордалықтар 40-00-01 нөміріне қоңырау соғып, жауап ала алады. Ал жуырда ашылған «Сыр волонтерлары» орталығы қиындықты еңсеруге үлес қосып жүрген жаны жомарт жандардың жұмысын бір арнаға тоғыстырды.

– Құрбан айт мерекесінде құр­бандық шалу рәсімі онлайн фор­матта ұйымдастырылады. Сон­дық­тан жақындарымыздың аман­дығы мен саулығы үшін жер­лес­терімді көпшілік шаралардан бас тартып, жамағат болып жиналмай, отбасында атап өтуге шақырамын. Талапқа бағыну – өзіміздің ғана емес, тұтас ел алдындағы аза­мат­тық борышымыз, саналы түрде басты ұстанымымыз болу керек! – деді облыс әкімі.

«Талапқа бағыну – тұтас ел алдындағы азаматтық борышымыз,  саналы түрде басты ұстанымымыз болу керек»

Брифинг барысында өңір бас­шысы ақпарат құралдары өкілде­рінің сауалдарына жауап берді.

Оның желісі ендігідей сипатта өрбіді.

Сұрақ: Карантин кезінде ха­лықты әлеуметтік қолдау мақса­тында тағайындалған 42500 теңге төңірегінде түсініспеушіліктер то­ластамай тұр. Біржолғы төлем кім­дерге беріледі?

Жауап: Қосымша әлеуметтік жәрдемақы алу үшін 95038 қы­зылордалық өтініш бер­ді. Шілде айында соның 93273-не көмек көрсетілді. Бүгінде 37141 адамға автомат­ты түрде SMS жолданып, табысынан айырыл­ғанын растау жұмысы жүргізіліп жатыр.

Біржолғы төлем табысынан толық айырылған азаматтарға таға­йындалады. Олар:

1. Жалдамалы жұмысшылар, яғни ақысыз демалысқа жіберілген жағдайда (Өтінішті жұмыс беруші береді. Жұмыстан шығып кетсе, жұмыспен қамту орталығына хабарласу керек).

2. Жеке (жеке практикамен айналысушы) кәсіпкерлер (Өтінішті өздері береді. Зейнетақылық, әлеу­меттік жарналар сұралмайды. Кә­сібінің карантинге байланысты тоқтап қалғанын аудандық штаб немесе салық органдарының өкіл­дері анықтайды).

3. Фрилансерлер (Өз қызметін қандай да бір міндеттемелерсіз, ақылы түрде ұсынушылар. Олар да өтінішті өздері жолдайды. Тек бір шарт – осы жылдың 6 айында бір рет болса да зейнетақы жарнасын аударуы керек).

4. Өз бетінше жұмыс істеп жүргендер (Жұмысы тоқтап қалған жағдайда).

Сұрақ: Облыстың жылу беру маусымына дайындығы қандай?

Жауап: Дайындық бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Тұтынушыларды электр және жылу энергиясымен, газ және сумен қамтамасыз ететін коммуналдық кәсіпорындарды жөндеу – 43, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандары мен автономды қазандықтарды жөндеу жұмысы 36 процентке орындалды. Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған көпқабатты тұрғын үйлердің жылу маусымына 25 проценті дайын.

Әлеуметтік саладағы 1185 нысан үшін қажетті қатты отын – 39,5 мың, сұйық отын – 26 мың тонна. Тұрғындарға 163,6 мың тонна көмір керек. Бұған қоса, қала және аудан халқы үшін көмір бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында кәсіпорындармен тікелей келісім­шарт жасау бағытында жұмыс атқарылуда.

Мемлекеттік «Нұрлы жер», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында инженерлік желілер қайта жаң­ғыртылып, көпқабатты тұр­ғын үйлер күрделі жөндеуден өткі­зі­луде. Қысқа әзірлік мәселесі тұ­рақты бақылауда және жоспарлы жұмыс мерзімінде аяқталады.

Сұрақ: Өңір диқандарын су тапшы­лығы қатты алаңдатып отыр. Мәселе шешімін таппаса, егістіктің 50 про­центінен айырылып қалуымыз мүмкін екені айтылып жүр. Бұл бағытта қандай шаралар қабылдануда?

Жауап: Облыс бойынша 184,7 мың гектар жерге егін егілсе, соның 89,6 мыңы – күріш алқабы. Бүгінде каналдар арқылы егіске күнделікті секундына 404 текше метр су алынуда. Өткен жылмен салыстырғанда Нарын-«Сырдария» каскадының су қоймаларындағы су көлемі 4,4 млрд текше метрге аз. «Шардарада» 2,3 млрд текше метр көлемінде ғана. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегіден 1,1 млрд текше метрге кем. Сырдария өзені арқылы төменге секундына 520 текше метр су тасталып, былтырғымен салыстырғанда 180 текше метрге аз болып отыр.

Бұл сумен қамтамасыз ету ісіне кері әсерін тигізіп, нәти­жесінде барлық ауданның егіс ал­қаптарында су тапшылығы бай­қалуда. Бүгінде 1853 гектар күріш егісіне су жетіспейтіні, 405 гектар егістің мүлдем сусыз қалғаны анықталды.

Осындай қиындықпен бет­пе-бет келген диқандардың жай-күйімен жуырда Сенат де­пу­­таты Мұрат Бақтиярұлы, орын­ба­сарларым мен салаға жауап­ты мамандар таныс­ты. Күрделі жағ­дай күнделікті бақылауымда. Жауапты азаматтарға тікелей жұмыс ұйымдастыруды және су тапшылығының алдын алу бағы­тында жұмыс істеуді тапсырдым.

Егіс алқаптарын тұрақты сумен қамтамасыз ету мақсатында Үкімет басшысына Экология, гео­логия және табиғи ресурстар ми­нистрлігіне қазірден бастап 10 тамызға дейін «Шардара»  су қой­масынан төменге секундына 550 текше метр су тастауға тапсырма беру туралы жедел ұсыныс жолдадым. Ол оң шешімін тауып, бүгіннен бастап тиісті су көлемі жіберіле бастады. Ендігі міндет – осыны тиімді пайдаланып, егістікті су тапшылығына ұрындырмай алып шығу. Аудан әкімдері мен тиісті сала басшыларына осы бағытта нақты тапсырмалар бердім.

Сұрақ: Пандемия кезінде көптеген жұмыс орны босап қалғанын естіп жүрміз. Осы ретте «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша қанша жұмыс орны ашылады?

Жауап: Бағдарлама аясында биыл 276 жобаны жүзеге асыру жоспарланып, бүгінгі күні соның 275-і іске асырылуда. Жоба аясында 9299 жұмыс орнын ашу көзделсе, 7768-і немесе 83,5 проценті ашылды. Әлі 1500-ден астам жұмыс орны бар. Бірақ халық арасында, әлеуметтік желілерде жұмыссыздық мәселесі жиі көтеріледі. Жоғарыда айтқа­нымдай, бізде жұмыс орындары бар. Алайда оған сұраныс болмай тұр.

Жұмыс сұраушылардың басым бөлігі ұсынғанымызды ауырсынып, жеңіл жолмен ақша тапқысы келеді. Шын мәнінде жұмысқа мұқтаж адам еңбекті ауыр, жеңіл деп бөлмеуі керек. Сондықтан жер­лестеріме осы мүмкіндікті тиімді пайдаланайық дегім келеді.

Сұрақ: Жаңа оқу жылы таяп қалды. Осы ретте қашықтан оқыту мәселесіне дайындығымыз қалай және мектепке 1 сынып оқушылары қалай қабылданады?

Жауап: Жаңа оқу жылы 243 мектепте қашықтан оқыту форматында басталады. Шалғайдағы шағын жинақты 50 мектепте балалар дәстүрлі форматта оқиды. Бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының өтініші бойынша мүмкіндікке қарай қатаң санитарлық шараларды сақтай отырып, кезекші сыныптар ашылады деп күтілуде.

Бүгінде білім беру ұйымдарын жаңа оқу жылына дайындау жұмысы жүйелі түрде жүргізілуде. Қашықтан оқыту форматы бойынша оқушылар мен педагогтардың электронды құрылғылармен, интернетпен қамтамасыз етілуіне мониторинг жасалды.

18-22 тамыз аралығында 18 мың мұғалім үшін онлайн курстар ұйымдастырылады. Компьютері жоқ 300 мұғалімге кәсіподақ есе­бінен техникалық құралдар бері­леді.

Балаларды 1 сыныпқа қабыл­дауда медициналық анықтамалар уақытша талап етілмейді. Ата-аналар мектепке балалардың құ­жаттарын екі түрлі жолмен өткізе алады. Біріншісі – қағаз жүзінде мектепке тапсыру, екіншісі – «egov» порталы арқылы.

1 сыныпқа құжат қабылдау 1 тамызда аяқталады. Қазіргі күні 16207 баланың құжаты қабылданған. Облыстық білім басқармасының ақпараттық анализі бойынша биыл 19 мыңға жуық оқушы мектеп табалдырығын аттайды.

Сұрақ: Ресми ақпарат көзде­рінен білгеніміздей, жедел жәрдем қызметіне түсетін шақырулар саны екі есе азайған. Індетпен күрес шараларының қазіргі ахуалына тоқталып өтсеңіз…

Жауап: Иә, шақырулар саны екі есе азайды. Эпидемиологиялық ахуал күрделі уақытта, шілде айының бірінші онкүндігінде тәулігіне 2500-ден астам шақырту түсіп, жүктеме екі есе артқан еді. Осылайша жедел жәрдем қызметіне жалпы жүгінушілер көрсеткіші 2,5 есе (2500-ден 1000-ға), дене қызуы көтеріліп хабарласушылар саны 5 есе (573-тен 100-ге) пневмония бойынша қоңырау соғушылар саны 6 есе (246-дан 45-ке) төмендеді. Қазір тәулігіне шамамен 1000 шақырту түсуде.

Сұрақ: Эпидемиологиялық аху­ал кезінде денсаулық сақтау саласында маман жетіспеу­шілігі сезілді. Тапшылық саланың нақты қандай бағыттарында байқалды?

Жауап: Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес биыл 170 дәрігерге сұраныс бар. Оның 46-сы – аймақтық, 26-сы – анестезиолог-реаниматолог, 8-і – неонатолог, 8-і – психиатр, 5-і – фтизиатр, 5-і онколог, 4-і – балалар хирургі, 5-і – офтальмолог, 3-і – инфекционист, 3-і – балалар невропатологы, 3-і – оториноларинголог, 3-і – реабилитолог, 3-і – дерматовенеролог, 3-і – патанатом, 4-і – травматолог, 3-і – нефролог, 2-і – пульмонолог, 2-і – кардиолог, 2-і – акушер-гинеколог, 2-і – хирург дәрігер, 2-і – дәрігер-лаборант, 2-і – терапевт, 1-і – уролог, 1-і – эндоскопист дәрігер.

Сұранысты реттеу үшін 18 жас маман медицина ұйымдарына, оның 7-і елді мекендерге жолданды. Бұдан бөлек, провизорлық ста­ционарларға 5 интерн, 1 резидент (жоғары оқу орнын толық аяқта­маған) уақытша жұмысқа қабылданды.

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министр­лігінің мемлекеттік тапсырысы негізінде меди­циналық университет түлектерін бөлу хаттамасы бойынша алдағы уақытта облысқа қосымша 123 жас маман келеді деп күтілуде. Облыс әкімінің гранты негізінде медицина мамандығы бойынша білім алып жатқан резиденттерден 15 жас дәрігер осында қызмет атқарады.

Осы сәтті пайдалана отырып, дәрігер мамандарды аймағымызға келіп, медицина саласының дамуына үлес қосуға шақырамыз.

Сұрақ: Елде жарияланған карантин мерзімі тағы екі аптаға ұзартылды. Шектеу мерзімі аяқ­талғасын тұрғындардың қауіп­сіздігі үшін қандай шаралар қабыл­данады?

Жауап: Өте орынды сұрақ. Ең басты байлық – адам денсаулығы. Ресми шектеу шаралары аяқталған соң да өңір тұрғындарының қауіп­сіздігі үшін кейбір талаптарды сақтап қалуымыз керек. Жауапты мамандармен ақыл­даса отырып, тиісті құжаттарды рәсімдейміз.

Жерлестерімді өзіміз бен жа­қындары­мыздың қауіпсіздігі үшін сақтық шараларын қатаң орын­дауға шақырамын.

Осы жылдың наурыз айында «COVID-19» коронавирусының пан­демия ретінде жариялануына байланысты Президент Жар­лығымен елде төтенше жағдай ре­жимі жарияланды. Сол екі айға жуық мерзімде қатаң шектеу шаралары мен карантиндік та­лаптар күшейтілді. Дер кезінде қабылданған шешімнің арқасында пандемияның алғашқы толқынына төтеп бере алдық.

Шектеу шаралары жеңілдетіл­ген бойда ел арасында сақтық шараларына мән бермеу, мамандардың кеңесіне құлақ аспау, карантиндік талаптарды бұзу жағдайлары күрт көбейді. Мұның нәтижесін көрдіңіздер. Індет жұқтырғандар саны артып, соңы қайғылы жағ­дайларға ұласты. Көпшілігіміз жақындарымыз бен туыстарымыздан айырылдық.

Байқасаңыздар, адам көп жиналатын басқосулар мен сауық кеш­тері, мерекелік шаралардың ке­сірінен індет әлемнің барлық түк­пірінде, әсіресе, Еуропа елдерінде өршіп тұр. Мысалы, Португалия сәуір айының соңында төтенше жағдай тәртібін алып тастаған еді. Науқастар саны күрт артып, 24 маусымнан бастап карантиндік шектеу шараларына қайта оралды. Испанияда локдаунды алып тастағаннан кейін арада бір ай өткенде тағы да шектеу шаралары енгізілді. Себебі бұл елде де коронавирус инфекциясын жұқтырғандар көбейген. Италияда да жағдай осындай.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Пандемия – шын мәніндегі соғыс. Бү­кіл әлем пандемияға қарсы со­ғыс жариялады», – деген болатын. Сол себепті бұл соғыста індетке қар­сы вакцина пайда болған­ша меди­циналық маска, қолғап кию, оқшаулану, әлеуметтік арақашық­тықты сақтау, антисептик пайдалану – біздің басты қаруымыз.

Осы орайда ұжымдық, дәстүрлі мерекелер мен басқосулардан, той жасау, құдалық, ас беру секілді көпшілік шаралардан індетті толық жеңгенге дейін бас тарту қажет.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<