Талпынғанға табыс бар

865

0

Шиелі мен Жаңақорған аудандарында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында көптеген әлеуметтік ғимараттар жөндеуден өткізілуде. Олардың қатарында балабақша, мектеп, колледж ғимараттары бар. Ал Жаңақорғанда стадион қайта жасанып, елдің игілігіне айналатын күн жақын. Қазір қос ауданда да жұмыс қызу қарқын алған. Ең бастысы, игілікті іске жергілікті тұрғындар көптеп тартылған.

Қайта жасанған «Аққайың»

Биыл Шиелі ауданында аталған бағдарлама бойынша барлығы 21 жоба белгіленген. Бұл ретте 750-ден астам жаңа жұмыс орны құрылып, жұмыспен қамту орталығы арқылы 378 адам еңбекпен қамтылады деп жоспарланып отыр.

Бағдарлама аясында қайта жаңғыртылып жатқан нысанның бірі – «Аққайың» балабақшасы. Ғимарат іргесінің қаланғанына биыл 42 жылға жуықтады. Содан бері екінші мәрте күрделі жөндеу жасалып отыр. Бұл жолы ғимаратта көптеген өзгерістер жүзеге асады. Оған  93 млн теңгеден астам қаржы қаралған. Бас мердігер – «Сапақ» өндірістік кооперативі.

– Бөлінген қаржыға сәйкес тиісті жұмыстарды мамыр айын­да бастап кеттік. Әрбір күнді тиімді пайдалануға көңіл бөліп отырмыз. Күрделі жөндеу барысында едені жаңадан ауыс­тырылып, ауыз су және кәріз су жүйелері жаңар­тылады. Ғимараттың сырт­қы келбетіне де өзгерістер енгізіліп, оны металл-сайдингпен қаптауға назар аударып отырмыз. Балабақшаның ойын алаңы да ретке келтіріледі, – деді кооперативтің учаске бастығы Өркен Садық.

Мұнда аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 14 адам жұмысқа тартылған. Бұл азаматтар 85 мың теңге жалақы алады. Солардың бірі – Нұрсұлтан Баймағанбетовтің айтуынша, өзі жалақы алып, тұрмысын жақсарта түссе, құрылысқа араласу арқылы тәжірибесін де арттыра түскен. Кооператив мамандары күрделі жөндеу алдағы тамыз айына дейін толықтай аяқталуы тиіс, – деп отыр. Оған мүмкіндік бар.

Білім ордасының көкжиегі

«Сапақ» өндірістік коопе­ра­тиві аудан орталы­ғындағы №48 Ә.Қоңыратбаев атындағы орта мектеп ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарын да қолға алыпты. Бұл мақсатта 148 млн теңгеден астам қаржы қаралған. Мектепте электр жүйесі толығымен ауыстырылып, едені мен шатыры жаңартылады. Тапсырыс беруші – аудандық білім бөлімі.

Күрделі жөндеу жұмыстары барысында барлығы 42 адам еңбекпен қамтылады. Олардың 21-і аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы келді.

Ғимаратқа енген сәтте қарқынды жұмыс барысын байқадық. Әрбір еңбек адамы өзіне міндеттелген тапсырманы мүлтіксіз атқарып шығуға көңіл бөлген. Мамыр айында басталған жоба тамыз айында толықтай игеріледі.

Сондай-ақ, алдағы уақытта мектеп жанынан 300 балаға арналған қосымша ғимарат салу да жоспарланған. Өйткені, осы аумақта тұратын тұрғындар саны артып, білім ошағына келетін оқушы көбейген. Мектеп 464 балаға лайықталған. Қазір мұнда 800-ден астам бала білім алуға мәжбүр.

– Шиелі кентінде ха­лық саны өсіп келеді. Осы аумақтың өзінде қаншама тұрғын үй бой көтерді. Сондықтан мектепте аз­даған проблема туындады. Нәтижесінде мектеп жанынан қосымша ғимарат салу ісін қолға аламыз. Аудандық білім бөлімі тарапынан бұған байланысты жобалық-сметалық сараптама жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Қазір ол облыстық құрылыс басқармасының назарына ұсынылды, – деді аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Марат Ақпанбетов.  

Тарихы терең колледж

Жаңақорғанда аграрлық-тех­никалық колледжі ғи­маратына күрделі жөндеу жүріп жатыр.

Оқу орны қаншама жылдан бері ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандар даярлап келеді. Колледж орналасқан ғимараттың пайдалануға берілгеніне 2021 жылы алпыс жыл толады. Осы уақыт аралығында оған ешқандай күр­делі жөндеу жасалмаған екен. Ендігі кезекте колледж жаңа оқу жылына дейін өзгеше кейіпке еніп, білім алушы жастарды қабыл­дайды. Жоба құны – 500 млн теңге. Бас мердігер – «Нұр-Талап және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 

Құрылыс басында колледж директоры Жомарт Шәуеновті жо­лықтырдық. Ол бізді оқу орнының тыныс-тіршілігімен қыс­қаша таныстырып өтті.

– Бүгінде колледжде 500-ден астам студент білім алады. 189 адам қызмет атқарады. Олардың 84-і – педагог мамандар, 14 мамандықта 32 біліктілік бо­йынша білім береміз. Ғи­мараттың пайдалануға беріл­геніне 60 жылға жуықтап қалды. Сондықтан кейбір талаптар бойынша мүмкіндігіміз шектеулі еді. Енді жаңғыртылған білім ордасында жастар сапалы білім алуға қол жеткізеді, – деді ол.

Ал  мердігер серік­тес­тік шебері Қайрат Бек­тұр­ғановтың айтуынша,   құрылысқа  барлығы 126 адам тартылуы  керек. Оның жарымына жуығы жергілікті жұмыспен қамту орталығы арқылы келеді. Бүгінде олардың 20-сы келіп үлгерген.

Жаңақорғанда стадион жаңғырады

Аудан орталығындағы стадион осы кезге дейін талай сын тезіне түсті. Енді сол олқылықтың орнын толтырудың мүмкіндігі келді.

– Жаңақорғанда футболды кәсіби деңгейде дамытуға әбден болады. Талантты жастар аз емес. Ауданнан құралған команда облыстық біріншіліктерінде жеңімпаздар қатарынан көрініп жүр. Сондықтан жергілікті тұрғындардың өтінішіне құлақ асып, стадионды қайта жаңғырту ісін өте дұрыс шешім деп санаймын. Ауылдық жерлерде де талай талантты жастар бар. Осындай өрендердің сергектікті серік етуіне жағдай жасауымыз тиіс. Білуімізше, мұнда көптеген жұмыстар жоспарланып отыр. Алаңның өзі соңғы талаптарға сәйкес жөнделеді екен, – деді кент тұрғыны Асан Сарқұлов.

Аталған жобаға тапсырыс беруші – аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі. Бас мердігер – «Сапақ» өндірістік кооперативі.

– Қайта жаңғыртуға барлығы 260 млн теңгеге жуық қаржы қаралған. Біз жұмысты мамыр айында қолға алдық. Әрине, атқарылатын іс аз емес. Стадионда мың адамға арналған жанкүйерлер орны салынады. Сондай-ақ, футболшылардың ойын барысында демалатын бөлмелері ойластырылған. Мұнда жеңіл атлетикамен айналысатын жастарға арналған жүгіру жолы да жасалады, – деді өндірістік кооператив директорының орынбасары Сәбит Қарамырзаев.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

Шиелі, Жаңақорған

аудандары  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<