Отандық шағын және орта кәсіпкерлік карантин кезінде айтарлықтай зиян шекті. Бір ғана Қызылорда облысы бойынша осы салада нан тауып жүргендер саны 90 мыңның үстінде еді. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, биыл бірінші тоқсанда соның 4,5 мыңнан астамы жұмысынан айырылды. 90 мыңның 2 мыңнан көбі мейрамхана, кафе-барларда еңбек етті. Эпидемиологиялық ахуал күрделенген тұста той бизнесі тоқырағанын ескерсек, көрсеткіштің едәуір кемігені жасырын емес.
Пандемия басталғанда онсыз да тоқтап тұрған тойға тыйым салынғанын қалайтындар жиіледі. Екіжылдық мораторийді Президенттің бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саин ұсынды.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамынша, жаһандық пандемия 2022 жылға дейін созылуы мүмкін. АҚШ ғалымдары вирустың таралу қарқынын ескере келе, COVID-19 алдағы 1,5-2 жылда тынышталмайтынын айтты. Егер адамдар жаппай ауырып қалса, ешқандай денсаулық сақтау жүйесі ауыртпалыққа төтеп бере алмайды. Қызметкерлер үйлену тойлары, мерейтойлар мен құдайы тамақтан кейін жұмысқа келетін болса, көптеген адамға жұқтырары анық. Ол кезде бізді ешкім қорғамайды, – дейді А.Саин.
Филолог Оралбек Өтеғұлов отбасылық салтанатты шаралардан бес жылға дейін бас тартуды жөн көреді.
– «Той жарыстырмайық, ой жарыстырайық» дегенді өткен ғасырда Ахмет Байтұрсынов та айтқан. Бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, Ахаңның осы сөзі әлі күнге өзектілігін жоғалтқан жоқ. Той туралы ел ішіндегі пікірлер әртүрлі. Көпшілігі сөз жүзінде қарсы болғанымен, іс жүзінде ерік-жігері жетпейді. «Той бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген мақал да сол халықтың ішінен шыққан. Бұл мәселенің әбден ушыққаны сонша, Президентке дейін жетті. Той өткізу форматын қайта қарау керектігі айтылды. Иә, той өткізу форматы моральдық тұрғыдан ескірген. Қаншама жас ақшасы болмағандықтан үйлене алмай жүр. Тойсыз-ақ некесін қидырып, бақытты өмір сүріп жатқандар қаншама?! – дейді ол.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіндегі «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты сұхбатында мәселеге бөлек тоқталған еді.
– Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технология заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті, осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуы тиіс, – делінген сұхбатта.
Карантин талаптары жеңілдетілгенмен, кейбір кәсіпкерлік субъектілері жұмысын бастаған жоқ. Бұл тізімде мейрамханалар да бар. Той-томалақ талай адамды асырап отырғанын ескерсек, оған мораторий жариялау туралы ұсыныстар көпшілікке ұнай қойған жоқ. Көпшілік дегеніміз – асаба, әнші, биші, фото-бейнеоператор, аспаз, даяшы, азық-түлік саудагерлері мен белгіленген орынды безендірушілер, тағысын тағы. Көрген боларсыз, бұлардың өзі – бір қауым ел. Оның сыртында банктен алған қыруар қарыз есебінен мейрамхана ашып, енді ғана аяққа тұра бастағандарды қайда қоярсыз?!
Пандемия кезінде Қызылордадағы «Кәусар» мейрамханасының да есігіне құлып салынды. Содан бері 30 шақты адам азын-аулақ нан пұлынан айырылды.
– Көбі студенттер, көпбалалы аналар болғандықтан басқа жерге жұмысқа орналаса алмайды. Оларға 42 500 теңге шамасындағы әлеуметтік көмек те берілген жоқ. Карантин талаптары жеңілдетілгеннің өзінде жұмыс бастай алмай отырмыз. Бұл – қаншама адамның күнкөрісіне зиян, – дейді мейрамхана басшысы Эльмира Оразалиева.
Кәсіпкерлік нысаны 350 адамға арналған. Төрт жыл бұрын ғана ашылған. Кейіпкеріміз «несиеден енді құтылдым ба?» дегенде тойхананың есігі тарс жабылды. Ол «демалыстың» тым ұзаққа созылғанын, жұмысты жалғастыруға рұқсат берілуі керек екенін айтты.
– Базарды ашты, ішінде адам қарасы көп. Антисанитария! Аурудың ошағы дерсіз. Тойханалар жабық болғанмен, той тоқтаған жоқ. Жұрт үйінде-ақ жасап жатыр. Оған қолына антисептик сеуіп, маска киіп барған кімді көрдіңіз? Ешкімді! Бізге жұмыс істеуге мұрша берсе, талапты бұлжытпай орындар едік. Мейрамхананы басқа мақсатқа пайдалануға мүмкіндік жоқ. Кафеге айналдыруға келмейді, қаланың шет жағында орналасқан, – дейді Э.Оразалиева.
Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының өкілдері осы сияқты 130-ға жуық бизнес нысанының егелеріне қызметті қайта бағыттауды ұсынған. Соның 10-нан астамы ұсынысты құп алыпты.
– Аралдағы «Ақниет», Қармақшыдағы «Алтын ғасыр» мейрамханалары киім-кешек саудасына көшті. Қызылорда қаласындағы «Ұлытау» тойханасы – шырын мен сусын, «Oрдa» мейрамханасы автоматтандырылған лаваш өндірісіне ден қойды, – делінген басқарманың мәлімдемесінде.
Тойханасын құс шаруашылығына, құрылыс материалдары дүкеніне, медицина орталығына айналдырғандар да бар. Алайда, пандемияның бизнеске әсерін анықтау мақсатында облыстық кәсіпкерлер палатасы жүргізген сауалнама нәтижесі басқаны көрсетті. Көбінің ынтасы болғанмен, жағдайы көтермейді. Бірі банк алдындағы қарызынан әлі құтылмаған. Тағы бірінің салық төлейтін шамасы жоқ. Айтпақшы, салық төлеу арқылы бюджетке үлес қосып отырған – осылар. «Мейрамханалардың жабылуы кесірінен шағын және орта бизнестегі көрсеткішіміз орталанып қалмай ма?» деген де қауіп бар.
Мәселенің тағы бір қырын жоғарыда келтірдік. Тойхана жабылғанмен, той жалғасып жатыр. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, 5 шілде мен 3 қараша аралығында карантин талабын бұзудың 785 дерегі тіркелді. Көбі – үйдегі құдалық, туған күн, құдайы сияқты жиындар. Бұл – рейдтік топтың нысанасына ілінгені ғана. Қалтарыстағының есебін ешкім білмейді…
Назерке Саниязова,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<