Түпкі мақсат – ауыл халқының табысын арттыру

490

0

«Достық үйінде» облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда аймақтың ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелері талқыланды. Облыстық  ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев жыл қорытындысы бойынша хабарлама жасады. Ол агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес қабылданған шаралар нәтижесінде сала тұрақты даму үрдісіне ие болып отырғанын атап өтті.

Биылғы су тапшылығына қарамастан облыс диқандары мол өнім жинады. Мал басы өткен жылмен салыстырғанда орташа есеппен 8 проценттей өскен. Облыс 2013 жылы балық, күріш және астық қалдығын ғана экспорттаса, бүгінде экспорттық әлеуеті артып, сыртқа шығарылатын өнім түрі 19-ға жетті. Барлық экспорттың 93%-ін құрайтын негізгі дақыл – күріш онға жуық мемлекетке жіберілуде. Басқарма басшысы бүгінде «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» заң жобасы әзірленіп жатқанын жеткізді.

Мұнан кейін қоғамдық кеңес мүшелері саладағы бірқатар өзекті мәселелерге қатысты өз ойларын ортаға салды. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру қорына бюджеттен қаржы бөліп  көрші облыстардан, тіпті көршілес республикалардан картоп сатып алынады. «Сол қаржыны жергілікті диқандарға беріп, олардан неге арзан өнім сатып алмасқа?» деген сұрақ қойылды кеңес мүшелері тарапынан. Мысалы, картоп егетін шаруашылыққа көктемде қаржының 30 процентін, жаз ортасында тағы 20 процентін беріп, қалған қаржыны өнім жиналғанда беру жолын қарастыруға болады. Бұл – Еуропа елдерінде кеңінен қолданылатын тәсіл. Кезінде Жаңадария, Іңкәрдария, Қараөзек ауылдары картоп егумен даңқы шыққан болатын. Сол дәстүрді жалғастыру қажет.

Басқарма басшысы біздің облыста картоп өсіру құны солтүстік өңірлермен салыстырғанда жоғары екенін алға тартты. Қазір картоп тұрақтандыру қорына толық жеткізілгеннен кейін ғана қаржысы төленеді. Алдағы уақытта жергілікті жерде картоп сатып алудың тәсілдерін енгізу жоспарлануда.

Кеңесте каналдарды, көпірлерді күтіп ұстауда проблема жетерлік екені айтылды. Оларға шаруашылықтар егелік жасай алмайды, бір-біріне сілтейді. Бірақ облыс күріш екпей отыра алмайды. Сондықтан бұл мәселені реттейтін жүйе керек.

«Қазсушар» мекемесі  облыстық филиалы басшысының орынбасары Жорабек Ерназаров бұл күрделі мәселе екенін атап өтті. Облыста 800-ден аса шаруашылық бар. Бір Жаңақорған ауданының өзінде олардың саны 300-ден асады. Бір каналдың бойында кем дегенде 6-7 шаруашылық орналасқан. Олардың арасында келісіммен жұмыс істеп жатқандар бар. Каналдар жүйесіне паспортизация жасау қажеттілігі күн тәртібінен түспейді.

Басқосуда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жағы  әлі де төмен болып отырғаны атап өтілді. Ірі қара өсіретіндердің арасында дүкеннің пакеттегі сүтін пайдаланатындар кездеседі. Сүт сауылмайды. Өйткені, оны өткізу жүйесі жасалмаған, сондықтан кооперациялар жұмысын жандандыру – бүгінгі күн талабы. Ал мал терісі қоқысқа тасталуда.

Осы ретте Т.Дүйсебаев кооперация жұмысын дамыту мақсатында Жамбыл облысындағы пилоттық жобаны өңірдің шаруашылықтары арасында насихаттау жұмыстары жүргізіліп, жұмыс алгоритмі әзірленіп жатқанын жеткізді. Бұл жоба жеке қосалқы шаруашылықтар үлесін ұлғайту жолымен ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған.

Кеңес отырысында облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев өзі басқарып отырған саладағы проблемаларды шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайынан хабардар етті.

Ыдырыс Тәжіұлы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<