Бұған дейін хабардар еткеніміздей, Қармақшы мен Қазалыдағы сапар Арал өңірінде жалғасты. Егер сіз аудан орталығына күре жолдан кірген болсаңыз, алдымен ең ұзын Абай атындағы көшемен жүресіз. Жергілікті халық бұл маңды «Жаңа ауыл» деп атайды. Ал осы үлкен көшеден қаз қатар өзек алып жатқан көп көше бар. Бұларға бұрын асфальт түспеген. Қазір бәрі басқа.
«Жол картасы» бағдарламасы биыл ел тұрмысына елеулі өзгеріс әкелді. Соның шарапаты еді бұның бәрі. Жұмыспен қамтудың тамаша үлгісі болған бағдарламаның арқасында Арал қаласында 33 көше жөнделіп жатыр екен. Жоғарыда айтқан «Жаңа ауылдың» көп көшесі осы цифр ішінде. Қазірдің өзінде 12 көше асфальтталған. Қалған көшелер де жақын арада дәл осылай теп-тегіс болмақ.
Айтпақшы аралдық кішкентайлар үлкендердің мазасын алып жүргенге ұқсайды. Не сұрайды дерсіз?! Не сұрасын?! Скутер сұрайды-дағы. Айнадай асфальтта скутермен сырғанақ ойнамақшы. Жол салынғалы бала біткеннің қуанышы үлкендерден асып тұр. Бүгінгінің боямасыз тіршілігін блакнотқа осылай түрттік де, аудан тіршілігін асықпай қарауға және жұмылып кеттік.
Биыл
600 мың
тонна
Жақсықылыш. Осы ауылға жақын қалсаңыз, бозғылттана тау көрінер. Тау деймін ау, тау емес еді ол. Тұз ғой. Кәдімгі қара тұз. Ал тұздың орнын ешнәрсе алмастыра алмас еді. Анау «погрузчик» деп аталар техника таудай үйілген ас атасын бері қарай тасиды. Өңдейтін цехқа. Иә, құрметті оқырман, әлгі республикадан бөлек, ТМД елдеріне тұз дайындайтын «Аралтұз» АҚ осында орналасқан.
Есіткеніміздей, мұнда 1925 жылы «Тұз» деп аталған шағын артель құрылған. Жақсықылыш қазір кент қой. Кенттің іргеқазығы осы байлықтың арқасында қағылыпты. Енді есептей беріңіз. Қанша жыл?! Ғасырға жуық ғұмыр кешіп келе жатқан өндіріс пен ел-жұрт бар мұнда. Дұрысы, 95 жылдық тарихы бар Жақсықылыштың.
5 мыңнан астам халқы бар кенттің басым көпшілігі тұз өндірісінде. «Аралтұзда» 1200 адам жұмыс істейді. Енді бір сүйіншілейтін жаңалық, жақында тағы бір тұз өңдейтін цех ашылмақ. Ол ашылса, үш жүзге жуық адам тағы жұмысқа тұрады. Ал кешегі індет қысқанда аудан ауруханасына қыруар қаржы жұмсаған кәсіпорынның мемлекет үшін маңызды екені айтпаса да түсінікті шығар.
– Пандемия кезінде 50 млн теңге қаржыны аудандық ауруханаға аудардық. Карантин кезінде де жұмыс жүріп, қызметкерлерімізді қысқартпадық. Биыл тұз өндіруде тамаша көрсеткіш көрсетеміз деген сенім бар. Құрылғыларының шыққан жеріне байланысты екі испан және бір украин цехы деп аталатын тұз өңдейтін 3 цех бар еді. Енді бұған қосымша тағы бір испандық үлгідегі цех тұрғызылуда. Жұмысшыларға жатақхана да салынады, – дейді кәсіпорынның әлеуметтік мәселелер жөніндегі вице-президенті Нағашыбай Әуесханов.
Жыл басталғалы 450 мың тоннадан әрі өнім шығарып, оның жартысынан астамын сырт елдерге экспорттаған өндіріс орны жыл соңына дейін 600 мың тонна тұз шығара ала ма?! Сенуге болатын сияқты. Әлі үш ай уақыт бар емес пе?! Солай.
Тұздың арқасында тіршілік түтіні түзу ұшқан кентке биыл газ тартылды. Былтыр республикалық бюджеттен 700 млн теңгеге жуық қаржы бөлініп, Аралдан бері он шақырымнан аса құбыр жүргізілген. Кент ішіндегі 32 көше, барлығы 855 үйге газ трубалары келді. Шілде айының ортасынан бастап көгілдір отынды пайдаланған тұрғындар бек қуанышты.
– «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында кенттегі №19 орта мектепке жапсарлас 100 орындық оқу ғимараты салынуда. Осы жоба аясында спорт кешенінің құрылысы басталып, бұрын жол түспеген 17 көше дұрысталып жатыр. Алты көшеге жарықтандыру жұмысы да биыл басталады. Ауызсу барлық үйге тартылған. Емхана қызметі, балабақша, жаңа почта, интернет жұмысы толық өз қызметін атқарып тұр, – дейді кент әкімі Пазылбек Берсүгіров.
Айтпақшы, бір кездері Аралдың тұзы нашар деген әңгіме әр жерден шығып жүрді. Әлемжеліде шулағандар болды ғой. Қайдам, тұзды қолданып, дертті болған адам көрмедік әлі. Осындайда әлгі «ішің күйсе тұз жала» дейтін мәтелдің еске еріксіз түсетіні-ай…
Темір
жолдың
қара шаңырағы
Сексеуілге бардық. Аралдан әрірек Тербенбес тауының етегінде жатқан ел бұл. Ел деймін-ау, 13 мың халқы бар кент статусын иеленген жұрт. Былайынша, мына облыс орталығына жақын Тереңөзекпен бірдей.
Сексеуіл тіршілігі темір жолмен тығыздас. Ақ патшаның заманында қолға алынған Батыстан Оңтүстік Қазақстанға дейінгі темір жол жобасы тарихтан белгілі ғой. Алаш зиялысы Мұхамеджан Тынышбаевтың бұған тер төккенін әркім білуі тиіс.
Ол кезде Сексеуілдің аты басқа еді. Құмсай деп аталыпты. Неге Сексеуіл десеңіз, темір жол түскенде барлық паровоз көмірмен жүрді. Көмір болмаса, теңіз маңындағы томарлы сексеуілді жақты. Арнайы сексеуіл қабылдайтын база да болған мұнда. Арал маңы туралы жазылған көркем шығармаларда мұндай дерек бар.
Сексеуіл базасының атына осылай станциясы таңылған. 1905 жылы осы жерден құрылған Құмсай шеберханасы бүгінде үлкен тепловоз жөндейтін депоға айналған. Арада ғасыр асқан уақытта халық саны осылай өсіпті.
– Халықтың 60-70 проценті осында. Алғаш темір жол келгелі жұмысқа тартылған аталарымыздың немере-шөберелері бұл кәсіптен қол үзбеді. Сонда жұмыс істейді. Сонда дегеніміз қазір Сексеуілде темір жол қызметіне байланысты 14 мекеме бар. Біздің негізгі міндетіміз – вагон қозғалысын тоқтатпау. Мысалы, жүк таситын вагондарды Қарағандыдағы Қоскөл бекетіне, сондай-ақ Қазалыға дейін жеткізсек, жолаушылар пойызын Қандыағаш, Шалқарға дейін тасымалдаймыз. Сонау Шиеліден келген тепловоз осында ағытылып ауысып, жанармаймен жабдықталады. 146 машинист, оның 146 көмекшісі бар. Тасымал жұмысы үздіксіз жүріп отырады. Барлығы 418 адам табыс тауып отыр, – дейді Сексеуіл пайдалану локомотив депосының бастығы Жанкелді Төрединов.
Тағы бір қызықты дерек, Ұлы Отан соғысында еркек біткен қару алып, жауды құртам деп аттанғанда, паровоз біткен тоқтап қалмапты. Әйелдер жүргізген. Сенесіз бе, Сексеуілдің келіншектері пойызды тоқтатпай, тіршілік қалпын бұзбаған. Жергілікті халық өткен жылдарды солай еске алады.
Айтпақшы, теңіздің балығын паровоз пешіне де жаққан-мыс. Кәдімгі балық. Бұрын біз естімеген бұл оқиға Ресейге артқан балықтар күн райынан бұзылғанда паровоз пешіне жағып құртқан деседі. Ілгеріде балықшылар мұз үстінде ау салып жүріп, түйесіне де осы майда шабақты берген көрінеді. Ауыр жылымды тарту үшін түйе алға қозғалуы тиіс қой. Арал балықшылары жылым тартар алдында түйе алдына осындай майда балықты тастай беретін көрінеді. Оны жеймін деп төрт түліктің төресі алға ұмтылған. Әдіс осылай жүзеге асқан. Түйе жарықтық та мұз үстіне шөп шықпайтынын білсе керек. Құдай берген түйсік қой. Сораң мен жантақтан тарылғанда артына жеккен шанасын сүйрете, одан қалды, жылымды тартып, алдына түскен балықты шетінен кертіп жей беріпті.
Қазақ еліндегі теміржолшылар тарихында қара шаңырақ саналатын Сексеуіл жайлы біздің дерек осындағы локомотив жөндеу депосымен толыға түседі. 250 адамнан астам жұмысшысы бар депо тепловоздарға жөндеу қызметін көрсетеді.
– Былтыр депоға біраз жөндеу өткіздік. Ал мынау «Эвалюшн» деген тепловозың. Былайынша маркасы ТЭ33А-0209 деп аталады, – деді депо ішін таныстырып жүрген техникалық директор Нұрлан Бөлеков. Жаңа үлгідегі тепловоздың іші-сыртын айналып жүрген біз жұмырына 7 тонна дизель кететін бүгінгі отарбаның сұлбасына сүйсіне қараймыз.
– Жөндеу сапасы жылма-жыл жақсарып келеді. Бұрынғы жіберілген кемшілік пен қателіктер – өзімізге сабақ. Өйткені, темір жолда тәртіп болмаса өзіңе де, өзгенің де өміріне қауіп төндіресің. Былтырғы жылмен салыстырғанда мұндай шығындар 50 процентке азайған, – дейді ол.
«Қамқор Локомотив» ЖШС филиалы болып саналатын жөндеу депосы жылда қайырымдылық шараларынан тыс қалмайды. Мектеп пен емханаға көмек беріп, аз қамтылған отбасыларға демеушілік жасауда алда тұр. Қызметкерлердің айлық жалақысы жылда өсіп тұр, одан бөлек, түрлі сыйақы марапаттар жиі ұйымдастырылады.
Сондай-ақ Сексеуіл кентінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен 300 орындық мектеп салынуда. Одан бөлек, 40 төсектік аурухана құрылысы да жүріп жатыр.
– Қазір жұмыс істеп тұрған үш орта мектеп, 280 орындық мемлекеттік балабақша бар. Жеке балабақшадан тағы үшеуі бар. Мәдениет үйі мен емхана халыққа қызмет етіп тұр. Алдағы жылы кентке газ кіргізу ойымызда бар. Сондай-ақ кентішілік көшелерде жөндеу кезегі келіп тұр. Бірақ газ кіргізіп болған соң ғана ол көшелер жөнделеді. Олай етпесек, газ жүргізу кезінде кейбір жерлерді қайта қазуға тура келеді, – дейді кент әкімі Сексен Төрешов.
Айта кету керек, 300 орындық мектеп темір жолдың келесі бетіндегі тұрғындар үшін тұрғызылып жатыр. Темір жол өткелінен өтуде қиындыққа ұшыраған халыққа бұл сүйіншілейтіндей жаңалық болғаны рас. Ал ауыл жігіттері асарлатып, өз күштерімен қаржы жинап, жаңа мешіт тұрғызуды қолға алған. Бүгінде бірінші қабаты бітіп, екінші қабатының кірпішін өріп жатқан сексеуілдіктер күн қабағы түспей тұрып, мешіт еңсесін тіктеп алмақ.
Ал біздің аудандардағы сапарымыз әрі қарай жалғасатын болады.
Қуат ШАРАБИДИНОВ,
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы».
Арал ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<