Ұлы Отан соғысы – халқымыздың тарихындағы ең ауыр әрі қаһармандық кезеңдердің бірі. Бұл сынақ тек майдандағы сарбаздар үшін ғана емес, тылда еңбек еткен миллиондаған азаматтар үшін де ауыр болды.Қолдарына қару алмаса да, олардың Жеңіске қосқан үлесі орасан зор еді. Осындай тыл ардагерлерінің бірі – Нұртай Штатбаев.
Соғыс басталған кезде ол белі қатаймаған бала болатын. Бірақ соған қарамастан 14 жасар Нұртай Штатбаев Жосалы теміржол бөлімшесіне жұмыс істеуге өзі сұранды.
Бөлімше бастығы арықша келген бозбаланы сынамақ болып:
– Егер шпалды көтере алсаң – аламын, – дейді.
Нұртай атамыз ауыр шпалды арқасына сүйеп, көрсетілген жерге сүйрелеп апарды. Баланың талпынысын көріп, бөлімше бастығы риза болады.
Осылайша теміржол рельстердің ақауларын тексеруші болып жұмысқа орналасты. Бұл – оған артылған үлкен жауапкершілік болатын. Өйткені аз ғана жарықшақтың өзі талай өмірді жалмайтын апатқа алып келуі мүмкін.
Жоғары жауапкершілігінің арқасында бір жылдың ішінде теміржол бақылаушысы болып жоғарылайды. 16 жасында ол құрамында қариялар мен әйелдер, қыздар бар бригаданы басқарады. Олардың еңбегі майданға азық-түлік, қару-жарақ, жаралыларды жеткізу ісінде аса маңызды болды.
Соғыстан кейін де тыл ардагері теміржолдан қол үзбеді. 1951 жылы Ақтөбе теміржол көлігі техникумының жанындағы техникалық мектепті бітіріп, білімін шыңдады.
1951–1955 жылдары ол Орынбор теміржолының Ордазы карьерінде жол бригадирі әрі тепловоз машинисі болып еңбек етті. Төзімділігі, тәртіптілігі мен техникаға жетіктігі оны үздік мамандардың қатарына қосты. Осындай адал еңбегінің нәтижесінде 1954 жылы КСРО Көлік министрлігі тарапынан «Үздік теміржолшы» төсбелгісімен марапатталды.
Ордазадағы тиеу бекеттерінің бірінде ардагер экскаватор машинисі Алексей Викторович Наставицамен танысты. Бұл адам ол үшін тек ұстаз ғана емес, жаңа өмір жолының бастаушысы болды.
Наставица басшылығымен Нұртай Штатбайұлы экскаваторды меңгере бастайды. Техникаға деген қызығушылығы артып, әрбір механизмнің жұмыс істеу қағидасын терең зерттеді.
1954 жылы ол экскаватор машинисі мамандығын ресми түрде алып шығады.
1955 жылы Төретам аймағында Байқоңыр ғарыш айлағының құрылысы басталады. Бұл құрылысқа қажетті құрылыс қиыршық тастары дәл осы Ордазыбалласт карьерінен әкелінді.
Нұртай Штатбайұлы ғарыш айлағының құрылыс жұмыстарына қатысып, сол тастарды экскаватормен тиеп, ауыр еңбек жағдайында – шаң, ыстық пен тоқтаусыз жұмыс ауысымдарында – тарихи міндетті абыроймен атқарды.
1955–1961 жылдары РКФСР-дің Чкалов облысы Павлов ауданындағы Каргалы машиналар мен тракторлар станциясында (МТС) экскаватор машинисі болып еңбек етті. Кейіннен Ордаза карьеріндегі №01086 әскери бөлімде қызметін жалғастырды. Оның техникалық білімі мен тәжірибесі әрдайым жоғары бағаланды.
1961 жылы Нұртай Штатбайұлы «Қызылордаводстрой» тресінің Қармақшы экскаватор бөлімшесінің ПМК-30-ында аға экскаватор машинисі қызметіне ауысты.Ол кезде елде суармалы егіншілікті, күріш және мал шаруашылығын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін арттыру міндеттері қойылған болатын.
Экскаваторшы мамандар қатты тапшы еді. Облыстық және аудандық газеттерде жастарды жаңа мамандықтарды меңгеруге шақырған хабарландырулар көптеп жарияланды. Осындай күрделі кезеңде Нұртай Штатбаев елге оралып көмекке келді.
ПМК-30 ұжымы суару каналдарын қазып, жерді мелиорациялап, егістік алқаптарын тегістеумен айналысты. Жұмыстың ауырлығына қарамастан Э-652, Э-1252, Э-10011 экскаваторларын, Д-130 бульдозерлерін, скреперлерді шебер басқарды, жөндеуінде өзі қолға алды. Әсіресе, арқанды драглайн экскаваторларын шебер басқарып, нәзік сезімталдық пен дәл тепе-тендік талаптырын көрсетті.
Жұмысшы мамандықтардың еңбектегі ммаңыздылығын түсінген ардагер өзінің алғашқы бригадасын құрды. Оның құрамында Өтеш Құдайбергенов, Қазақбай Құрғанбаев және басқа да жас мамандар болды.
20-дан астам шәкірті Нұртай Штатбаевтың шеберлік мектебінен өтіп, ауыр техникамен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгерді.
Өтеш Құдайбергенов, Қазақбай Құрғанбаев, Батыр Төкманбетов, Балабек Штатбаев, Алтынбек Жүсіпов сияқты шәкірттері кейіннен жоғары білікті мамандарға айналып, өз бригадаларын құрды және саланың дамуына қомақты үлес қосты.
Бүгінде ардагердің ұлдары Ақылбек пен Бердібек те әке жолын қуып, экскаваторшы мамандығын игерді, жоғары шеберлікке қол жеткізіп, отбасы дәстүрін лайықты жалғастырды.
Нұртайды әріптестері «конструктор» деп атайтын. Ол экскаваторларды тек жүргізіп қана қоймай, машиналардың құрылымын жетілдіріп, ауыр дала жағдайларына лайықтап өзгерте алатын.
Көп жағдайда әріптестеріне драглайн экскаваторлардың жұмыс істеу ерекшеліктерін құштарлана түсіндіріп, ілулі шөмішті қалай тиімді басқару керектігін, ең терең қазба мен ең жоғары тиеу биіктігін қалай жетуге болатынын үйретті. Өзінің осындай үлгісімен шәкірттерінің техникаға деген қызығушылығын оятып, еңбекке құрмет пен кәсіби мақтаныш сезімін дарытты.
Көп жылғы адал еңбегі мен жоғары жетістіктері үшін Нұртай Штатбаев бірқатар мемлекеттік наградаларға ие болды:
КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен ол Бүкілодақтық социалистік жарыстардағы жетістіктері, ұлттық экономикалық жоспарларды орындаудағы еңбекқорлығы және егіншілік пен мал шаруашылығы өнімдерін өндіру мен мемлекетке өткізуді ұлғайту бойынша қабылданған міндеттемелері үшін Мәскеу, Кремльде «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
КСРО халық шаруашылығындағы жетістіктері үшін КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің (ХШЖК) Қола және Күміс медальдарымен марапатталды. Сондай-ақ арнайы шақыру бойынша Мәскеудегі ХШЖК-ға құрметті қонақ ретінде барды.
Жоғары еңбек үлгілері мен белсенді қоғамдық қызметі үшін «В.И. Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай Ерен еңбегі үшін» мерейтойлық медалімен марапатталды.
Ұзақ жылғы адал еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалімен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен алды. Сондай-ақ КСРО Мелиорация және Су шаруашылығы министрлігі мен Қазақ КСР жұмысшылары мен қызметкерлері кәсіподағы комитетінің шешімімен «Үздік жұмысшы» атағы берілді.
Нұртай Штатбаев бірнеше дүркін Социалистік жарыстардың жеңімпазы болды, 9, 10 және 11-бесжылдықтардың екпіндісі атанды, «КСРО Су шаруашылығы министрлігінің үздігі» және «Облыстың үздік құрылысшысы» атағын да иелнді. Сонымен қатар, мемлекет пен халық алдындағы ерен еңбегі үшін оған «Дербес зейнеткер» мәртебесі берілді.
Негізгі еңбек қызметімен қатар, Нұртай Штатбаев КОКП-ның белсенді мүшесі болып, Қызылорда облыстық еңбекшілер депутаттары кеңесінің депутаты болып сайланды.
Ардагер1991 жылдың қазан айында құрметті еңбек демалысына шықты.
Арада бір жыл өткен соң, 63 жасында өмірден озды.
Саналы ғұмырында Нұртай атамыз жұбайы Жібек Қәриқызымен бірге бес бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардан 14 немере мен 27 шөбере өрбіді.
Оның өмір жолы – еңбекке адалдықтың, шеберліктің, тәлімгерліктің және туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі.
Нұртай Штатбаевтың есімі халықтың жүрегінде мәңгі сақталмақ. Артында қалған ұрпағы атамыздың өмірлік ұстанымын үлгі етіп, абыройлы жолын жалғастырып келеді. Бұл – Нұртай атамыздың шын мәніндегі өлмес мұрасы.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы.





