Ықтимал төтенше жағдайларға тастүйін әзірлік керек

482

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссия отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің салалық орынбасары, тиісті басқарма мен департамент басшылары және қала, аудан әкімдері онлайн режимде қатысты.

Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Атап айтсақ, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Мұса Қалдарбеков 2021-2022 жылдардағы ықтимал су тасқынының алдын алу, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тілеумбетов қыс мезгіліндегі жол қауіпсіздігі шаралары, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Руслан Қайрақбаев «Қызыл­орда су жүйесі» мемлекеттік комму­налдық кәсіпорны бойынша ауызсуды залалсыздандыру үшін қауіпсіз реа­генттерді пайдалану туралы баяндады.

Облыста су тасқынына қарсы жұмыстарға пайдаланылатын мате­риалдық-техникалық қорлар бойынша барлығы 161,2 тонна жанар-жағармай қоры және 118 700 дана қап сақтауда тұр. Сондай-ақ, 24 720 бау қамыс, 6 350 дана пашын және 4 510 қарабура мен өзге де қажетті материал қоры жасақталған.

Мұса Қалдарбековтың айтуынша, су басу қаупіндегі 5 елді мекені бар Қармақшы ауданы бойынша бензин және дизель отынының қоры небәрі 1,2 тонна ғана, ал, 1 қауіпті елді мекені бар Арал ауданында 5 тоннаны құрайды.

Қызылорда қаласы мен аудандарда тасқын су кезеңінде халықты көшіруге арналған 83 эвакуациялық жинақтау және 102 қабылдау пункті дайын­­дыққа келтірілген. Бүгінгі күнге ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» акцио­нерлік қоғамымен жасалған келісім-шартқа сәйкес, 1 тікұшақ дайын. Мұз жару жұмыстарына «Каздриллинг Компани»  жауапкершілігі шектеулі серік­тестігімен келісім-шарт жасалған. Қорғаныс бөгеттерін жөндеу жұмыс­тары бойынша өзен бойы жалпы ұзындығы 3,6 шақырымды құрайтын қауіпті деген 5 учаскеде жөн­деу-қалпына келтіру жұмыстары жүр­гізілді.

Облыс әкімі материалдық-техни­калық қорлар базасын жеткілікті мөл­шерде жинақтап, су басу аймақ­тарына жақын аумақтарға шоғырландыру жұ­мыстарын жүргізуді міндеттеді. Әсіресе, мұз ұстасу және көктемгі мұз жүру кезінде дария бойы бекітілген арнайы техникалары бар жауапты мекемелердің қауіпті учас­келерге кезекшілік ұйымдастыруын пысықтауды тапсырды. Сонымен қатар облыс көлемінде су тасқынының алдын алу мақсатында авариялық-құтқару қызметтері мен күш-құрал­дарының дайындығын үнемі әзірлікте ұстап, 2021 жылдың 30 қарашасына дейін қала және аудан әкімдіктерінің азаматтық қорғау қызметтері мен күш-құралдарының дайындығына және материалдық қорларына тексеру жұмыстарын ұйымдастырып, нәти­жесін баяндау қажет екенін ескертті.

Жиында жауапты басқармаларға биылғы 12 қарашаға дейін Арал, Қазалы, Қармақшы және Жаңақорған аудандары аумақтарында қауіпті болып анықталған 5 нысанның жөндеу жұмыстарының жоба-сметалық құ­жаттарын әзірлеу және қалпына келтіру жұмыстарына қаржы бөлуге облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына бюджеттік өтінім жолдау және қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.

Қыс мезгіліндегі жол қауіпсіздігі туралы баяндаған Мұрат Тілеумбетов облыс бойынша республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарда ықтимал төтенше жағдайларды жоюға барлығы 157 бірлік әртүрлі техника және 118 бірлік қуаттылығы әртүрлі автономды электр көздері әзірлікке келтірілгенін айтты.

Ал, республикалық маңы­зы бар жолдардағы қыс мезгілінде болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу мен олардың салдарын жою мақсатында 7,2 тонна бензин, 21,7 тонна дизель отыны әзірленсе, жергілікті маңызы бар жолдарға әзірленген жанар-жағармайдың қоры 2,7 тонна бензин, 7,5 тонна дизель отыны, 0,8 тонна мотор майын құрайды. Дайындалған инертті материалдар: 270 тонна тұз аралас құм, 49 тонна тұз, 466 тонна құм. Жалпы облыс аумағындағы 13 жылыту пункті жұмыс жасайды.

Республикалық маңызы бар автожолдардағы өзекті мәсе­лелердің бірі – «Қызылорда-Жез­қазған-Павлодар» авто­жолын­дағы байланыстың болмауы. Аймақта қар басып қалатын 4 учаске анықталған, оның жалпы ұзындығы 31 шақырымға жуық.

Облыс әкімі облыстық полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтанға жолдың жабылғандығы туралы дабылды ескерту алысымен, санатына қарамастан көлік құралдарының жолға шығуына қатаң түрде шектеу қоюды қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, жауапты сала басшыларына ауа райының бұзылы кезінде төтенше жағдайлар қатері туындаған жағдайда жолаушылар көліктерінің қалааралық бағытта жолға шығуына шектеу қоюды, 2021-2022 жылдардың күз және қыс айларында республикалық, облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көктайғаққа қарсы материалдар, жанар-жағармай және жылыту құралдарының жеткілікті қорын жасақтауды тапсырды. Мұнан бөлек, облыс аумағынан өтетін республикалық маңыздағы жолдар бойында жылыту пункттерінің өз деңгейінде жұмыс жасауын қадағалауды міндеттеді. Ал, қыс мезгіліндегі төтенше жағдайларда зардап шеккендерге дер кезінде шұғыл медициналық көмек көрсету үшін денсаулық сақтау нысандарын әзірлікке келтіру және күрделі метеожағдайдағы қарлы борандарда зардап шеккендерге көмек көрсету үшін азық-түлік, киім-кешек және жанар-жағармай материалдары қорын осы жылдың 30 қарашасына дейін жасақтау да маңызды міндет болып саналады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<