Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Болат Өтемұратов қорының» өкілдерімен кездесіп, «Қорқыт Ата» халықаралық әуежайының жаңа терминалын салу мәселелерін талқылады.
Кездесуге аталған қор директоры мен өкілдері, облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Райғаниев, Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев, тиісті басқарма басшылары, «Қорқыт Ата» әуежайының директоры Константин Ни қатысты.
Аймақ басшысы жаңа әуежай терминалын салудың маңызын атап өтті. Жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен қор басшылығына ризашылығын білдірді.
– Әуе көлігі кешенін дамыту – кез келген мемлекеттің экономикалық саясатының басым міндетінің бірі. Өңірдегі осындай маңызды жобаның бірі – «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалының құрылысы. Әуежай халықаралық мәртебеге ие. «Болат Өтемұратов қоры» біздің ұсынысымызға қолдау көрсетті. Жобаны қайырымдылық аясында іске асыруға ниет білдірді. Әкімдік өз тарапынан жобаны жүзеге асыруға көмек көрсетуге дайын, – деді облыс әкімі.
«Astana Property Management» ЖШС директоры Дәурен Өтемұратов жобаның жол картасымен танысып, талқылануы тиіс бірқатар қосымша мәселелер бар екенін айтты. Тараптар алдағы уақытта жобаны толық зерттеп, қор өкілдерінің Сыр өңіріне сапары барысында қосымша талқылайды. Арнайы жол картасы әзірленіп, қол қойылмақ.
Айта кетейік, 26 қазан күні облыс әкімдігі, «Қорқыт Ата әуежайы» АҚ және «Болат Өтемұратов қоры» Қызылорда қаласында «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалын салу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Қор жобаны толық қаржыландырады, құрылыс жұмыстарының басталуы 2022 жылға жоспарланған.
Құрылысы аяқталған соң жаңа заманауи әуежай халықаралық стандарттардың барлық талабына сәйкес келеді. Қайта жаңғыртудан кейін әуежай сағатына 300 жолаушыға қызмет көрсете алады. Бұл – қазіргі жолаушылар ағынынан екі есе көп.
Бүгінде «Қорқыт Ата әуежайы» АҚ арқылы аптасына 21 рейс жүзеге асырылады. Оның ішінде Нұр-Сұлтанға 8, Алматыға 13 рейс қатынайды. Бұл рейстерді «Air Astana», «Qazaq Air» және «Fly Arystan» авиакомпаниялары орындайды.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<