Жаңақорған ауданында макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсім бар. Өнеркәсіп өнімдерін өндіру, құрылыс, тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша ілгерілеу байқалып отыр. Сондай-ақ негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі артып, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі жоғарылады.
– Жыл басында аудан бюджеті 14,2 млрд теңге болып бекітілсе, қазір 27,4 млрд теңгеге жетті. Бұл қосымша кіріс көзін анықтау, республикалық және облыстық бюджеттен даму трансферттері есебінен артты. Өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда өнеркәсіп өнімдерін өндіру 11,5, өңдеу өнеркәсібі 8,7, құрылыс жұмыстары 1,6, тұрғын үйлерді пайдалануға беру 2,9 пайызға ұлғайды. Мұндай көріністер ауыл шаруашылығы, бөлшек сауда бойынша да байқалып отыр, – деді аудан әкімі Мажит Самитов.
Қазір аудан тұрғындарының 52 пайызы газбен қамтамасыз етілген, 8 елді мекен «көгілдір отын» игілігін көруге мүмкіндік алды. Енді олардың қатарына биыл Сунақата, Еңбек, Екпінді, Қожамберді, Ақжол, Ақсуат, Өзгент ауылдары қосылады. Сол арқылы халық санына шаққанда газдандыру көрсеткіші 65 пайызға артады. Сырдария өзенінің батысында жатқан 8 елді мекенді газбен қамтамасыз ету үшін Қожакент ауылына дейінгі аралықта жоғары қысымды газ құбырын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жоба демеушілік есебінен әзірленді. Ол «ҚазақГазАймақ» акционерлік қоғамының 2026-2030 жылдарға арналған инвестициялық жобасы шеңберінде алдағы жылы басталмақ.
Оған қоса Бесарық елді мекенінің тұсынан автоматты газ тарату станциясы мен Түгіскен елді мекеніне дейін жоғары қысымды газ құбырын тарту және ауылішілік газ желісін салу жоспарланып отыр. Бүгінде демеушілер есебінен 30 млн теңгеге жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Нәтижесінде Түгіскен, Келінтөбе, Қаратөбе, Қандөз, Қалғансыр, Қашқанкөл, Көктөбе, Бесарық, Кеңес, Бесарық бекеті, Манап, Талап бекеті, Аққұм секілді 13 ауылда тұратын 19 мыңнан астам тұрғын газ пайдаланады.
– Ауданда 1333 шақырым электр желісі жүргізілген. Кейінгі үш жылда 9,4 млрд теңгенің 22 жобасы әзірленген. 2003-2024 жылдары 7 жоба жүзеге асты. Оған қоса Жаңақорған кентіндегі желілерді жаңғыртуға көңіл бөлінді. Манап, Сунақата, Құттықожа, Екпінді, Әбдіғаппар, М.Нәлібаев, Ақсуат елді мекендеріндегі жұмыс биыл толық аяқталады, сосын өзге де елді мекендерде жалғасады. Айта кетерлігі, аудандағы 35 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Ендігі кезекте кенттегі бірқатар тұрғын үйді толыққанды ауызсумен қамтамасыз ету үшін қосымша су тарату станциясы мен желілерін салуға жоба әзірленді.
Аудандық маңызы бар 192 шақырым жолдың қанағаттанарлық деңгейі 96,4 пайызға жеткізілген. Қазір 2 автомобиль жолына орташа жөндеу жүргізілуде. Содан кейін көрсеткіш 98,4 пайызға жоғарылайды, – деді аудан әкімі.
Оның айтуынша, Жаңақорған кентінен тұрғын үй салу үшін жер учакесінің кезегінде 13 мыңға жуық адам тұр. Бас жоспарға сәйкес «Саяжай-1» аумағына инженерлік инфрақұрылым жүргізуге 6,9 млрд теңгенің 4 жобасы әзірленген. Биыл республикалық бюджет есебінен қаралған 400 млн теңгеге аумақты электрмен жабдықтау қолға алынады. Бүгінде мемлекеттік сатып алу шаралары жүргізілуде, жұмыс жақын уақытта басталады.
– Су тапшылығының алдын алуға баса мән беріліп отыр. Күріш егетін ауылдық округтерде кезектілік кестесі жасалған. Вегетациялық кезең басталғаннан су жетпейтін танаптарға 11 насос қойылды. Оған қоса қашыртқыдан суды қайта пайдалану ұмыт қалған жоқ. Каналдарды тазалау тұрақты атқарылуда. Жерасты суын тиімді пайдалану арқылы тау беткейдегі шаруашылықтар бақша егісінің көлемін едәуір арттырды, 100 гектарға жуық алқапқа су үнемдеу технологиясы енгізілді. Былтыр 1,5 мың гектар күріш танабы лазерлі тегістеуден өткізілсе, ол биыл 4 мың гектардан асып отыр, – деді аудан басшысы.
Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы тұрақты жаңартылып келеді. Апатты жағдайдағы және үш ауысымдық мектеп мәселесі толығымен шешілген. Денсаулық сақтау саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету деңгейі жоғарылады. Бұл ауру көрсеткішінің төмендеуіне оң әсерін тигізіп отыр. Осындай байыпты бастамалар, жаңашыл істер мәдениет және спорт саласында да бар.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»






