Елге инвестиция тарту мақсатында қолға алынып жатқан құс фабрикасы Жаңақорған кентіне жақын маңнан, дәлірек халықаралық автодәлізге қабаттас салынады. Мұны «Абдулла» шаруа қожалығы жүзеге асырады. Бүгін аудан әкімі Руслан Рүстемов инвесторларды қабылдап, жұмыстың барысын білді, оларды қолдауға байланысты тиісті орынбасарына тапсырма берді.
Жалпы, шаруа қожалығының иесі – елге белгілі елағасы Абдулла Тәжімбетов. Қазір оның қолқанат ұлы Әбілхан қасында көмекші. Ол Нұр-Сұлтанда тұрса да туған жері – Жаңақорғанға бүйрегі бұрып тұрады. Сондықтан фабриканың туған жерге салынуына ықпал етіп, қазір инфрақұрылымына қатысты құжаттармен айналысуда. Ал, желтоқсан айында фабриканың құрылыс жұмысын бастап, 2021 жылдың аяғына дейін нысанды пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
Бұл жоба ҚР Ұлттық банктің республикалық кеңесінде мақұлданды. Жобаның 2 млрд 888 млн 934 мың 729 теңгесі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы жылдығы 6 процент жеңілдетілген несиемен қаржыландырылатын болды. Ал, қалған 1, 2 млрд теңгесін инвестор өзі салады.
Құс фабрикасы ет бағытын ұстанған, жылына 3,5 мың тонна құс етін өндіруді көздейді. Сол үшін 12 құс ұстау орнын белгілеп қойды. Алдымен газ, су, электр энергиясы жүйесі, жол тарту мәселесі бірінші кезекке қойылып отыр және оны жүзеге асыру жолы аудан әкімімен келісілді. Бір қуантарлығы, жоба толық күшіне енгенде 120-150 жергілікті жұмыссыз азамат жұмысқа қабылданатын болады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<