Жақсылыққа жұмылған жігіттер

1551

0

Ап-ауыр оттегі баллонын арқалап ауруханаларды жағалаған бір топ жігітті көргенде «әп, бәрекелді!» дейсің. Елдің басына түскен қиындықты көтеруге иығын тосқан, өз уақытын аямай, еріктілер қатарына қосылған белсенді жас­тар бұлар. Солардың бірі – Рахымжан Мұсатай.

– Бұл – қоғам мүшесі ретіндегі міндетім. Мұндай қиын сәтте барлығымыз жұ­мы­лып, індетпен күреспесек, кейін «патриотпын, елімді сүйемін» деп айтқанның бәрі сенімсіз болады. Қуатты елдің ұландарының қандай екенін көрсеткім келеді, – дейді Рахымжан.

Еріктілер қатарында ол секілді ондаған, тіпті жүздеген жас бар. Олар 90 келілік оттегі баллонын арқалап, қажетті емдеу орнына жеткізіп жүр. Кейде санитарлық талап бойынша оларды таситын автобустарды аурухана алаңына кіргізбейді. Амал жоқ, талапқа бағынбаса да болмайды.

– Бізде Whatsapp желісінде еріктілерге арналған топ құ­рылған. Қай ауруханаға қанша баллон керегін сол жерде жазып отырады. Біз тапсырысты қабылдаймыз да тартып отырамыз. Бір күнде 15-20 баллонға дейін тасимыз. Оны толтырудың өзі қиын­дады. Мәселен, кеше «Квант» мекемесінде түгесіліп қалыпты, басқа бір жерге сілтеді. Ол жаққа барғанда да оп-оңай қолға түспеді. Елуінші болып кезекке тұрдық, – дейді ерікті жас.

Олар бүгінге дейін облыс орталығындағы барлық ауруха­наларға баллон жет­кізді. Қиындығы сол – уақыт тығыз, баллон қолыңды күй­дірер ыстық. Техник-элек­трик мамандығын алған жаңа­қорғандық ­Рахымжан облыстық жастар ресурс­тық орталығында жұмыс іс­тейді. Қазір барлық сақтық шараларын ұстана отырып, еріктілердің алғы шебінде жүр.

«Квант» ЖШС мекемесінен ор­талық автобусымен ауру­хана­ларға оттегі баллондарын жет­кізуге жұмылған жас­тардың ісіне сүй­сінесің. Облыстық жұқпалы аурулар, темір жол, фти­зио­пульмонологиялық аурухана және Қорқыт ата атындағы ҚМУ жатақ­ханасындағы прови­зорлық стационар арасында шап­қылап жүрген жігіттер еңбектері қайтып, жуық арада науқастардың барлығы жазылып шығатынына сенеді. Біз де сенеміз.

Дәулет ҚЫРДАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<