Жас сарбаздар ант қабылдады

158

0

Біздің халық ежелден Отан үшін төккен тердің бағасын бағамдай білген. Оның ішінде қастерлі Отан – Ананы қорғау ең асқақ парыз, абыройлы міндет екенін жас сарбаздар да жақсы біледі. Ант қабылдау – Отаныңа, халқыңа адал болу, ел басына күн туса, оны ақтық демің қалғанша қорғау.

Осылайша, ант қабылдаған сарбаз – біздің ұлан-ғайыр жерімізді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған жаужүрек ата-бабаларымыздың ерлік жолын жалғастырушыға, елдің қорғанына, сенім арқалаған азаматқа айналмақшы. Бүгінде Отан алдындағы әскери борышын өтеуге шақырылған жас сарбаздардың салтанатты түрде ант қабылдау рәсімін өткізу дәстүрге айналған. Орныққан дәстүрден қалыс қалмайтын Ұлттық Ұланның 5547 әскери бөлім сарбаздары да Отанына, қазақ халқына деген адалдығын паш етіп, әскери анттарын қабылдады.

Отан үшін отқа түсер азаматтарымыздың өміріндегі бұл жауапты қадам жасау шарасына ант қабылдаушылардың ата-ана, туған-туыстары қатысты. Жауынгерлер қатарын ұлан байтақ жеріміздің түкпір-түкпірінен әскерге алынған жас сарбаздар құрады.

Жауынгерлік ту салтанатты түрде сап түзеп тұрған сарбаздардың нақ ортасына әкелінген соң шараның шымылдығы ашылып, жауынгерлер ант қабылдауға кірісті. Отан алдындағы борышын өтеуге асыққан азаматтардың дәстүрлі әскери ант қабылдауы – Отансүйгіштік және патриоттық сана-сезімді қалыптастыруды мақсат етеді.

Арнайы келген қонақтардың патриоттық рух беретін небір жалынды сөздер жауынгерлер жігерін жандырып, оларды одан әрі қайраттандыра түсті.

Әскери ант қабылдау – Отаныңа, халқыңа ақтық демің шыққанша адал болу, ел басына сын сағат төнсе, мойымай көтеру, қажет болса жан қию деген сөз.

Отан алдындағы борыштарын өтеу бақыты Қызылордада бұйырған жас сарбаздар үшін ендігі міндет – ел тыныштығын кірпік қақпай күзету, азаматтардың құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы күрес жүргізу.

Шәрін Тұрсынай,

5547 әскери бөлімі

Қызылорда қаласы