Жасанды жаңбыр қуаңшылықтан құтқара ма?

1161

0

Қазір қалауын тапсаң, жаңбыр да жауады. Әлем елдері жаңа технологияны тығырықтан шығудың жолы ретінде қарастырғалы біраз жылдың жүзі болды. Жаңа Зеландия, Еуропа қос бүйірден қысқан қуаңшылықпен осылай күресіп келеді. Тіпті, қытайлықтар көлемі жағынан үш Испаниямен тең келетін «жаңбыр фабрикасы» құрылысын бастаған. Араб Әмірліктері де 50 градус ыстықта жасанды жаңбыр жаудырды. Кез келген эксперименттің тиімді тұсымен қатар ықтимал салдары бар. Ендеше, бұл мәселеде сарапшылар қандай тоқтамға келді? Тың тәжірибені елімізде пайдаға асыруға бола ма?

Бұлтты қалауына қарай пайдаланады

Байқағанымыздай, бүгінде жасанды жаңбыр құрғақ уақытта өріс суарып, тілсіз жау жайласа, өртті сөндіруге сеп. Тіпті, Қытай билігі құрғақшылықтың бетін қайтару әрі астық түсімін арттыру мақсатында ел аумағының 56%-де ауа райын жасанды жолмен басқаруға көшетінін хабарлады. Қолға алған жобаларының мақсаты – климаттық өзгерумен күресу, аймақтағы жауын-шашынның мөлшерін 10 миллиард текше метрге дейін арттыру. Ол Қытайдағы жылдық судың шамамен 7 процентін құрайды. Осылайша қытайлықтар «бұлтты қалауына қарай пайдаланатын» оншақты елдің қатарына енді. Жоба шеңберінде Тибет үстіртінде қатты отынмен жанатын мыңдаған камера орналастырылады. Жану кезінде ауадағы су молекулалары үшін конденсат ретінде жұмыс істейтін күміс йодид шығады. Соның әсерінен қар немесе жаңбыр себелей бастайды. Бұл тәжірибені қытайлықтар 2008 жылы ел аумағында өткен Олимпиада қарсаңында табысты іске асырған. Ғалымдар 2035 жылға қарай жоба құрғақшылықтың немесе арты селге айналатын қалың нөсердің бетін қайтаратын, өртті өшіруге септесетін, яғни, табиғи апаттардың алдын алуға көмектесетін күшке ие болады деген пікірде. Бір-екі жыл бұрын Қытай билігі  жобаның жүзеге асуына ықпал ететін құрал-жабдықтарға 168 млн доллар жұмсалды деген ақпарат жариялады. Тағы бір мысал, бұл технология Ресейдің Якутиядағы, Иркутск облысындағы және Красноярск аймағында болған орман өртін сөндіруге үлкен көмек тигізген. Ал, Араб елдері арасында Біріккен Араб Әмірлігі бұл мәселеге көп көңіл бөлуде. Бұған дейін елде бұлтқа тұз шашу арқылы жасанды жаңбыр жауды, алайда құрғақшылықты одан әрі қиындатты деген ақпар бар. Ендігі жерде Дубай электр қуатының көмегімен тұщы жаңбыр жаудыру жобасын қолға алып отыр. Құны 15 млн доллар тұратын жоба бұлттарды жауын-шашын етуді көздейді. Араб­тар химиялық қосылыстарды емес, бұлттағы электр разрядтары арқылы жаңбыр тудыруы мүмкін дрондарды пайдалануда. Нәти­же­сінде биылғы жаздың 50 градус ыстығында әр ауданда жауын жауа бастады. Әмірліктегі «Марказ әл-Асифа» ауа райын болжау порталы ұсынған мәліметке сай, сынақтарды Дубайдағы SANAD академиясы ұлыбританиялық Рединг университетінің ғалымдарымен бірге өткізеді.

Сондай-ақ, америкалық ғалымдар бұған дейін БАӘ жерінде бұлттың тұрақтап қалуы үшін тау жоталары қажет екенін алға тартқан болатын. Егер бұл зерттеулер шындыққа жанасса, ел басшылығы жасанды тау қыраттарын тұрғызуға да қаржы бөлуге қауқарлы.

Жарты миллиард керек

Озық тәжірибелерден біздің ел қалыс емес. Биыл отандық ғалымдар БАҚ-та ел аумағында жауын-шашынды көбейтуге қатысты зерттеулерін бөлісті. География ғылымдарының докторы, профессор Александр Чередниченконың ғылыми зерттеулері негізінде «Изменение климата Казахстана и возможности адаптации за счет доступных водозапасов облачности» монографиясы жарияланды. Зерттеу нәтижесі бойынша елдің солтүстік өңірлерінде ғана жасанды жауын-шашын жаудыруға мүмкіндік бар, ал қалған өңірлерде бұл көрсеткіш көңіл көншітпейді деген қорытынды шыққан. Өкініштісі, Аралды жасанды жауын-шашын жаудыру арқылы құтқару мүмкін емес. Бірақ бұл мәселе болашақта шешім табуы мүмкін деген болжам бар. Мәселеге қатысты құзырлы мекеме – «Қазгидромет» РМК ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрлан Абаев мынадай пікір білдірген.

– Жаңбырды жасау технологиялары өткен ғасырдың 40-жылдарынан бері белгілі және бүгінде әлемде жауын-шашын мөлшерін көбейту технологиясы бар. Алайда, бар бұлтты қолдана отырып жауын-шашын мөлшерін ұлғайтуға болады, яғни белгілі бір аймақта жауын-шашын болатынын алдын ала білген соң, сол бұлттардың санын арнайы технология көмегімен көбейтеді. Ал, жоқ бұлтты басқа жақтан алып келе алмаймыз. Ғалымдардың зерттеуі бойынша егер бар бұлтпен дұрыс жұмыс жасалса, онда жауын-шашын мөлшерін 10-15 процентке арттыруға мүмкіндік көбейеді. Қазақстанға келер болсақ, жаңбыр шақыру технологиялары республикалық көлемде қолға алынып жатқан жоқ. Алматыда және тағы да басқа қалаларда осымен айналысатын компаниялар бар. Бір сөзбен айтқанда, елімізде оның негізі қаланып жатыр, – деді орталық директоры.

Елдің құрғақ аймақтарында қолдан жауын жаудыруды маңғыстаулық кәсіпкерлер ұсынған болатын. Шаруалар қуаңшылықтан мал талғажау қылар шөп таппағанда ғылымның көмегіне жүгінуді жөн деп тапты. Бұл ретте климатты өзгерту технологиялары саласындағы халықаралық жоба бастаушысы Алтай Айнабек «Біз ауа райын басқара аламыз. Ол үшін қомақты қаржы қажет» деп қысқа қайырды. Тарқата айтсақ, ресейлік технологияның көмегімен ешқандай химиялық қосындысыз жауын шақыруға болады. Оның күшімен аймақта ылғалдылық артады, бұған қоса технологияның қоршаған ортаға зияны жоқ. Себебі, ол Бельгиядағы тексеруден өткен. Шетелде мұндай тәсілге жүгіну 10 миллионнан 50 миллион еуроға дейін бағаланса, біздегі сынаққа он есе аз сома – жарты миллиард теңге қаржы қажет. Халық жергілікті билік пен кәсіпкерлерден көмек күтеді және мәселенің түйінін тарқатуда жаңа технологияға басымдық беріп көрсек деген ойда. Еске сала кетейік, бұған дейін Үкімет резервінен құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлерге жем-шөп сатып алуға 3,6 млрд теңге бөлінді. Олардың қатарында Маңғыстау мен Қызылорда облысы бар.

«Табиғатқа қарсы келе алмаймыз»

Таяқтың екінші ұшы бар. Бұған дейін Еуропада, Қытайда және Үндістанда су тасқыны болды. Кейбір желі қолданушылары бұл оқиғаны Арабияда болған соңғы жаңбырмен байланыстырып отырғаны жасырын емес. Десе де, ғалымдар екі оқиғаны қиыстыруға негіз жоқ деп сендірді. «Қазгидромет» РМК ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрлан Абаев та «Бұл – тек табиғи процесс. Адам табиғат алдында әлсіз және табиғатқа қарсы келе алмайды. Себебі, жасанды табиғи апатты жасауға қатысты экс­перименттердің соңы қайғылы болуы мүмкін. Сондықтан оған ешбір ғалым тәуекел жасай алмайды» деді. Ресейлік ғалым, РҒА корреспондент-мүшесі Аркадий Тишков та табиғатпен «арпалысу» қауіпті екенін қаперден шығармауға шақырады және ол осы жылы тақырыпқа қатысты арнайы мақаласын да жариялады.

– БАҚ беттерінде БАӘ ғалымдары бұлттарға электр разрядтарын жіберетін дрондармен жаңбырды шақыру технологиясын сынап көрді деп хабарланды. Ресейде де жасанды жауын-шашын бойынша зерттеу ұзақ уақыт бойы жалғасуда және ол құрғақ аймақтар үшін маңызды екеніне дау жоқ. Бірақ, елдің орталық аймағында жасанды жаңбырға қатысты тәжірибе жасамас бұрын оң және кері әсерді асықпай, жан-жақты бағамдау керек деп есептеймін. Табиғаттағы барлық нәрсе бір-бірімен тығыз байланыста, тепе-теңдікті сақтау керек және оны жиі түрткілеудің қажеті жоқ. Мәселен, бір жерде су тасқынын тоқтатсақ, бір жерде өзеннің ағысы баяулауы мүмкін. Әлемнің көптеген елдерінде табиғи апат болып жатыр. Еуропада су тасқыны, ал бір жерде қорқынышты орман өрті өршіп, барды жоққа айналдырды. Осыны ескеру керек, – деді ғалым жазбасында.

Қасиетті Құран Кәрімде «Жаңбыр да жауар өлшеммен» делінген. Жаңбырға байланысты айтылған бұл мөлшер технология мен ғылым қарыштаған заманда да өзекті. Қалай десек те, бұл мәселеде «Жеті рет өлшеп, бір рет кесу» керек. Ғылым мен білім ұсынған жаңалықтың тиімдісін ескеріп, жасанды технологияның сенімдісіне қол созсақ ғана ұтамыз.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<