Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жылу маусымының басталуы қарсаңында Қызылорда қаласындағы бірқатар нысандарды аралады.
Дайындық жұмыстарының деңгейі сынақтан өтетін уақыт таяу. Сондықтан мамандар қаланы жылумен қамтамасыз ететін нысандарда пысықтау жұмыстарын жүргізуде.
Қазір жауапты науқанға әзірлік аяқталды. «Нұрлы жер», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» сияқты мемлекеттік бағдарламалардың қаржысы жұмсалып, қазандықтар, магистральді және кварталішілік желілер жаңғыртылды. Бұл ескірген желілердің үлесін азайтуға мүмкіндік берді.
Өңір басшысы алдымен «Қызылордажылуэлектрорталығы» оңтүстік бу қазандығының жылу маусымына дайындығымен танысты. Аталған бу қазандығының жылу энергиясын қаладағы 197 көпқабатты үй, 5 балабақша, 10 медициналық мекеме, барлығы 763 нысан тұтынады. Қазандық газбен жылытылады, оған резервтік отын ретінде 644 тонна мазут алынған. Бұл 10 қазан күні толық іске қосылмақ. Аймақ басшысы дайындық жұмыстарын дер кезінде аяқтап, қала тұрғындарын уақытылы жылумен қамтуды қатаң тапсырды.
Мұнан кейін облыс әкімі Ә.Бөкейхан көшесінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан УТ-15А магистральді жылу желілерін қайта құру жобасын назарға алды. Ұзындығы 1 жарым шақырымнан асатын жылу желісін «Авангард» ЖШС қайта жүргізуде.
– Пандемия уақытында біз тұрғындардың денсаулығына аса мән беруіміз қажет. Күн суытып келеді. Сондықтан қала халқына дер кезінде жылу беріп, олардың тұмау секілді ауруларға шалдығуының алдын алайық. Ол үшін мердігер мекеме осы жұмысты 10 қазанға дейін аяқтап, тұрғындардың тоңбауына жұмыс жасауы тиіс, – деді облыс әкімі.
Мұнан соң аймақ басшысы №15 автономды блокты-модульді қазандық жұмысын көрді. «Арай-2» шағын ауданында орналасқан «Қызылордажылуэлектрорталығына» қарасты қазандық 2015 жылы пайдалануға берілген, ол осы аудандағы 19 көпқабатты үйді жылумен қамтамасыз етеді.
Сырдарияның сол жағалауындағы үйлерге жылу беретін автономды блокты-модульді қазандық құрылысы да 15 қазанға дейін толық аяқталады деп жоспарлануда. Бүгінде сыйымдылығы 2 дана су қоймасының құрылыс-монтаж жұмыстары, қазандыққа қажетті жоғары қысымды газ және ауызсу құбырлары тартылды. Ғимараттың ішкі бөлмелері салынып, мұржалары монтаждалып, ішкі құбырлары тартылған. Келісімшарт бойынша құрылысты аяқтау желтоқсан айына белгіленгенмен, мердігер мекеме өкілдері жылу маусымының басталуына дейін жұмысты толық орындайтындығын жеткізді. Облыс басшысы қазандық құрылысын сапалы аяқтап, сол жағалаудағы 32 көпқабатты үй мен 2 әлеуметтік нысанды дер кезінде жылу жүйесіне қосуды тапсырды.
Облыс басшысы «Қызылордажылуэлектрорталығына» да барды. Орталықтың биылғы жылу маусымына негізгі жабдықтарын дайындауға «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 1022 млн теңге бөлінді. Осының арқасында 156 адам жұмысқа орналасты. Осы жерден тараған жылу энергиясын 995 нысан тұтынады. Оның ішінде 365 көпқабатты үй, 29 мектеп, 13 балабақша, 9 медициналық мекемені жылумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, қуаттылығы 113,2 мвт электр энергиясын өндіреді.
Аймақ басшысы 200 орынға арналған модульдік үлгідегі жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысымен танысты. Аурухана қазан айының соңына дейін толық іске қосылады деп жоспарланған. Аурухана соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жарақталады. Әкім пандемия уақытында емдеу мемекелеріне еш босаңсуға болмайтындығын ескертті.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<