Жауапты маусымның жауапкершілігі қатаң сұралады

477

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бірқатар мәселелер бойынша кеңейтілген жиын өткізді. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары мен онлайн режимде қала, аудан әкімдері қатысты.

Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Алдымен өңір басшысы аймақтағы жылу беру жұмыстарының барысын бағамдап, 1 қазан күнгі «Қызылордаэлектржылуорталығы» мекемесінде өткен көшпелі штаб отырысында айтылған тапсырмалардың орындалуын таразылады.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаевтың айтуынша, бүгінгі күнге 816 тұрғын үйдің 799-на жылу берілген. Сондай-ақ, 1064 әлеуметтік нысанның 1048-і жылумен қамтамасыз етіліп отыр.

Көмір бағасын қалыпты жағдайда ұстау үшін әкімдік және көмір сатумен айналысатын өңірлік операторлар арасында меморандум жасалды. Нәтижесінде, бүгінгі күні облыс тұрғындарын көмірмен қамтамасыз ету көрсеткіші 88 пайызға жеткен.

Облыстағы жылу беру жағдайын нақты көру үшін облыс әкімі аппаратының инспекторлары қала мен аудандарға барып, жағдайды бақылаған. Осының нәтижесіне қарай облыс әкімі қысқа дайындықтың әлі де көңіл көншітпейтінін алға тартып, жауапты сала басшыларына қатаң ескерту жасады. Мәселен, Қазалы ауданы Тасарық елді мекеніндегі №238 мектептегі жылу қазандығының жарылуы, Ақсуат ауылдық округіндегі №100 орта мектептің әлі де жылуға қосылмағандығы, №9 балабақшаның қазандық ғимараты жарылып, бу қазандығына зақым келгендігі анықталған. Сондай-ақ, денсаулық сақтау нысандарының көмірмен қамтылмағаны да сынға ұшырады. Облыс әкімі кемшіліктерді 10 күн ішінде жойып, мәселені шешудің жолдарын қарастыруды тапсырды. Берілген есеп пен нақты жағдай арасындағы айырмашылық өткір айтылды.

– Жылу беру маусымына дайындықтарыңыз көңілден шықпайды. Мәселен, Арал ауданындағы көмір қоймасы бос тұр. Қазалы ауданы бойынша тұрғындарға қажетті 16 мың тонна көмірдің тек 69 пайызы, Жалағаш  ауданы бойынша қажетті 17 мың тонна көмірдің 65 пайызы ғана жеткізілген. Қармақшы ауданында да көмір тапшылығы сезілуде. Сырдария ауданына қажетті көмірдің 63 пайызы, сұйық отынның 76 пайызы ғана әкелінген. Шиелі және Жаңақорған аудандарында жылу беру жұмыстары бүгін басталды. Ал, облыс орталығында орналасқан 4 қоймада көмір жоқ. Әлеуметтік желілерде Наурыз, Махамбет, Сабалақ елді мекендерінің тұрғындары көмірдің жоқтығына шағымдануда. Сондықтан, қала, аудан әкімдері олқылықтарды тез арада шешіп, жағдайға нақты талдау жасап, нәтижесі бойынша есеп бересіздер! – деді облыс әкімі.

Жиында жылу беру маусымында тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға уақытылы жылу беру ісінде тиісті жұмыстарды өз деңгейінде орындауда енжарлық танытқан басқарма басшысы Ерлан Жаңабаевқа ауызша ескерту жасалды.

– Қала және аудан әкімдіктері, тиісті сала басшылары, Сіздер әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің жылумен, электр энергиясымен, газбен, сумен тұрақты қамтамасыз етілуіне, халыққа сапалы көмірдің қажетті көлемде уақытылы жеткізілуіне жауапты екендеріңізді қайта ескертемін. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының жылу беру маусымына 100 пайыз дайынбыз деген мәлімдемесі іс жүзінде көрінбейді. Бүгіннен бастап барлық әлеуметтік нысандар мен аудан, қаладағы көмір қоймаларын аралап, 10 күн мерзімде жылу беру маусымының өту барысы туралы баяндайсыздар!

Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері берілген тапсырмалардың мерзімінде орындамауына байланысты жауапты орынбасарларының тәртіптік жауапкершілігін қарасын, – деді ендігі сөзінде облыс әкімі.

Сондай-ақ, қала, аудан әкімдері облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасымен бірлесіп, өңірдегі көмір жеткізуші кәсіпкерлермен жұмыс жасап, тұрғындарды қажетті көмір қорымен қамтамасыз етуде шұғыл шаралар қабылдау керектігін ескертті.

Кеңейтілген отырыста облыс бюджетінің игерілу барысы да қаралды. Бұл ретте облыстық қаржы басқармасының басшысы Елена Шаврованың есебі тыңдалды.

1 қазандағы мәлімет бойынша,   облыс бюджетінің түсімдері 102,5 пайызға орындалған. Шығындар жоспары 99,7 пайызға игерілген. Жұмсалмаған қаржы көлемі 852 миллион теңге, оның ішінде 213 миллион теңге үнемделген қаржы болса, түрлі себептермен 639 миллион теңге игерілмеген.

Облыс әкімі салалық басқармалар мен қала және аудан әкімдерінен бөлінген қаржының игерілмеу себебін сұрады. Әсіресе, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша бірнеше ауданда жұмыстар толық жүргізілмегендігін қатаң сынға алып, жұмысты тез арада реттеуді ескертті. 

Жоспарланған қаржы оның ішінде республикалық бюджет қаражаты 100 пайыз игерілуі қажет. Сондай-ақ, жұмсалмаған ақшаны қайтару немесе қайта бағыттау бойынша жұмыстар жауапты министрлікпен бірге үйлестіріліп, барынша пысықталуы тиіс. Облыс әкімі басқарма басшылары, қала және аудан әкімдеріне жыл аяғында бюджетті игеруде төмен көрсеткіш орын алса, лауазымды тұлғаларға тәртіптік шара көрілетінін және қатаң түрде назарға салды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<