Жергілікті денсаулық сақтау ұйымдарының автопаркі толықты. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова 44 көліктің кілтін ұйым басшыларына салтанатты түрде табыс етті.
Пандемия кезінде медицина саласында жұмыс қыза түскені рас. Коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде ақхалаттылар жүрді. Ауру асқынғанда жедел жәрдем өкілдеріне тыным болған жоқ. Қоңырау шалушылар қатары көбейіп, жүктеме артты. COVID-19 ғаламның ортақ проблемасына айналған тұста оның маңызы артпаса, кемімек емес.
Аймақ басшысы жедел жәрдем қызметін орталықтандырудың арқасында Қызылорда қаласы мен аудандарда бір деңгейде қызмет көрселіп келе жатқанын жеткізді. Бүгінде облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы еліміздегі ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының бағалау рейтингінде алдыңғы орында тұр.
– Алыс елді мекендердің халқы сапалы, уақытылы көмектің қолжетімділігін анық сезініп отыр. Сондай-ақ, республикалық маңызы бар трассалардағы жол-көлік оқиғасында зардап шеккен жолаушыларға алғашқы көмек көрсетіп келеміз. Оны дер кезінде орындауда санитарлық көліктердің техникалық жағдайы әсер ететіні сөзсіз. Сапалы көрсеткіштерге тоқталсақ, биыл шақыруға кешігу көрсеткіші 2,5%-тен 1,9%-ке, жедел жәрдем тобының көз алдындағы өлім көрсеткіші 3,2%-тен 1,6%-ке азайды. Нәтижелі реанимация деңгейі 47,2%-тен 56,3%-ке көтерілді, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы 40 реанимобиль кілтін облыстық медициналық жедел жәрдем стансасына, Арал, Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Төретам бөлімдеріне үлестірді. Қармақшы мен Жалағашқа жылжымалы медициналық кешенді табыстады. Арал ауданаралық ауруханасына 2 реанимобиль көлігін «Аралтұз» акционерлік қоғамы алып берді.
Сала ардагері Тұрғанбай Маханов адам өміріне араша түсуде ақхалаттылардың ролі жоғары екенін айшықтады. Әсіресе, жедел жәрдем өкілдерінің әбжіл қимылы мен сапалы қызметі талайдың жанын сақтап қалуға сеп. Ол мемлекет қолдауы үшін ризашылығын жеткізіп, алдағы жұмысқа сәттілік тіледі.
Аймақтың денсаулық сақтау жүйесінде атқарылып жатқан ілкімді істер аз емес. Жергілікті тұрғындарға 2423 дәрігер, орта буынды 9528 маман қызмет көрсетіп келеді. 2016 жылдан бастап қажетті мамандықтар бойынша 91 резидентке облыс әкімінің гранты тағайындалды.
Сонымен қатар 2018 жылдан бастап М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетімен арадағы келісімге сәйкес өңір басшысының арнайы гранты бөлінді. Бүгінде жалпы тәжірибелік 100 дәрігер жергілікті бюджет қаражаты есебінен даярланып жатыр.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<