Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде халықты еңбекпен қамтуды көздейтін «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу, қосымша жұмыс орындарын құру және елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға жағдай жасау.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, бағдарлама аясында аймақта 276 инфрақұрылымдық жобаны орындау үшін 39,5 млрд теңге бөлінді. Қомақты қаражат әлеуметтік-мәдени, коммуналдық, инженерлік-көліктік нысандарды күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізуге, елді мекендерді абаттандыруға бағытталып отыр.
Бағдарлама шеңберінде, мысалы, биыл Қазалыда құны 3 млрд 11 млн теңгеден жоғары 42 жоба іске асырылуда. Аудан әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарасақ, жөндеу жұмыстарымен Әйтеке би кентіндегі №226 мектеп-гимназия, Қазалы қаласындағы «Шағала» лагері қамтылды. 1967 жылы пансионат ретінде бой көтеріп, кейін мектепке айналған нысан 1996 жылдан бері ешқандай жөндеу көрмеген. Жол картасының арқасында есік-терезесі, шатыры, жылу жүйесі мен электр желісі түгел ауыстырылды. Осылайша ғимарат өзгеше кейіпке енбек.
Бағдарламаға сәйкес Арал ауданындағы индустриалды-техникалық колледж ғимараты да бастан-аяқ жөнделуде. Екіқабатты нысан жұмысына жергілікті тұрғындар тартылған. Ал облыс орталығында 263 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде 255 шақырым автомобиль жолы мен көше, көпірлер жөндеуден өткізілуде. Аталған шаралар бойынша 2639 адам жұмыспен қамтылған.
Жалпы, өңірде жұмыспен қамтудың жол картасы орындалған соң жаңа нысандардың құрылысы арқылы 452 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Бүгінде 275 жоба аясында межелі тірлік басталып, 9714 жұмыс орны ашылды. Орташа еңбекақы 88 мың теңгеден жоғары.
Бағдарламаны іске асыру халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Олар – апатты және үш ауысымды мектептер санын азайту, өңірлерді газдандыру, сапалы жергілікті жолдар салу, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ таза ауызсумен қамтамасыз ету бағытындағы шаруалар.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<