«Бала күнімізде болмашыға мәз болып, шаттана беруші ек, ал қазір бізді бақытты ететін не бар осы?» дейміз. Бардың қадірін біліп, жоққа сабыр қылуды да ұмыт қалдырып жатамыз. Ал, біреу үшін қараңғылықтан арылып, таңның атқанын өз көзімен көру, жарқын әлемді сезіну арман. Туғанынан қос жанары көрмейтін Әкімжан Өміртайдың арманы да қарапайым. Ол әнші болуды армандайды және Әкімжанның өмір сүруге деген құштарлығы күшті. Ол көзбен көрмегенді жүрекпен сезінеді. Өмірді сүю, оның ғажабын сезіну арқылы кез келген сынақты күліп қарсы алады.
Жақында Әкімжан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» қолға алған «Арманыңа қанат қақ!» жобасының алғашқы кейіпкері атанды. Жоба ұйымдастырушылары «Жаңа жоба аясында біз аспандағы жұлдызды әпереміз, ойыңыздағы бар арман-тілекті орындаймыз деп құрғақ уәде беруден аулақпыз. Біздің мақсат – осындай кішкентай қалада үлкен жүректі жанның барын көрсету және оған қолдау танытуға шақыру» дейді.
– Тағдыр тауқыметін тартсам да, өнерден алыстамадым. Қоғамдық шараларда белсенділік танытуға тырысамын. Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» қолға алған жобаға қатысуға да алғашқылардың бірі болып ниет білдірдім. «Жанарым-ай» әнімен көпшілікке танылған Бекзат Молдабергеновпен кездесіп, бірге ән айттық, жоспарларыммен бөлістім. Маған қала кәсіпкерлерінің демеушілігімен су жаңа телефонды да сыйға тартты. Қуанышымда шек жоқ. Бастысы, шынайы көңіл, ниет, қолдауды сезіндім, – дейді Әкімжан.
Жазмыштың жазғанына жасымайтын қайсар жан осы қасиетінің арқасында өнерге деген ынтасын арттыра түсуде. Өзі зағиптар қоғамында музыкант қызметін атқарады. Кішкентайынан халық әндерімен сусындап өскен Әкімжан Шәмші әндері жанына жақын екенін айтты. Сондай-ақ, ол Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева, Тоқтар Серіков, «МузАрт» тобы, Қайрат Нұртастың орындауындағы әндерді де жиі тыңдайды екен.
Тағдыр ызғарына төтеп берген, енді ғана өнерге қадам басқан жастың алар асулары мен шығар шыңы әлі алда екені анық. Оған табиғи талантымен әлемді мойындатқан зағип әншілер дәлел. Мәселен, танымал опера әншісі Андреа Боччели футбол кезіндегі сәтсіз оқиғадан кейін көру қабілетінен айырылған. Бірақ оның жұлдызы бәрібір жанды. Атақты Рэй Чарльздің пианинода ойнау шеберлігіне кәсіби музыканттардың өзі таңдай қаққан. Төзім мен сабырды ту еткен бұл жандар көпке үлгі. Себебі, олар сабыр шыдамның сыналар шағы деп біледі.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<