Жұмыс нәтижесі сапасымен бағаланады

1257

0

Қызылорда қаласында биыл 9 білім нысаны жөнделіп жатыр. Ал «Бәйтерек» шағын ауданында жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, қала көшелерінде жылу жүйелері де жаңартылу үстінде. Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аталған нысандардағы жұмыстың жай-күйімен танысты.


Ж.Қизатов атындағы №23 орта мектеп «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы шеңберінде күрделі жөндеуден өткізілуде. Білім ошағы 1985 жылы салынған. Одан бері ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілмепті. Бүгінде есік-терезе ескіріп, қабырғаның сұрқы қашқан. Ауызсу, кәріз, жылу жүйелерінің де тозығы жеткен. Мердігер мекеме тамыз айының соңында жұмыс толық аяқталады деп отыр. Қала әкімі барлық жұмыстың сапалы әрі жылдам орындалу керегін ескертті.


– Ең бастысы, істеріңізде сапа болсын. Құрылыс материалдарының әрбірі талапқа сай болған жөн. Бұған дейін күрделі жөндеу көрмеген білім ошағы бұл. Мемлекет дағдарысқа, қиын жағдайға қарамастан қаражат бөліп жатыр. Сол себепті, берілген мүмкіндікті пайдаланып, ел игілігіне жұмыс істейік. Әрбір тиын тиімді пайдаланылсын. Артымыздан жақсы сөз ерсін. Шындап келгенде, бұл мектептің жөндеуіне бөлінген қаржыға 400 орындық бір мектеп салуға болады. Жұмыстарыңыз қада­ғаланып отырады. Арнайы комиссия келіп тексереді, – деді қала басшысы.


Мұнан соң Нұрлыбек Машбекұлы Қ.Мұхамеджанов атын­дағы №1 мектеп-гимна­зия­сында болды. Жапон мемлекетінен халықаралық жобалар грантын жеңіп алған білім ошағының шатыры ауыстырылуда. Жөндеу жұмыстары грант қаржысына жүргізілуде. Айта кетейік, бұл грант есебінен 72 млн теңге бөлініп, қала бойынша 3 білім ошағы жөнделіп жатыр.

Сонымен қатар, Нұрлыбек Нәлібаев №173 орта мектептегі жұмыстармен танысты. Айта кетейік, қалада 54 мектеп бар. Бүгінде барлық білім ошағының жағдайы зерделеніп, 12 жобаның сметалық құжаттары дайындалып, бюджетке өтінім берілген.


– Мектептердің жағдайы зерттелді. Біреуінде есік-терезе, бірінде шатыр ауыстыру керек. Одан бөлек, «Бәйтерек» шағын ауданында «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша 600 орындық білім ошағы бой көтеріп жатыр. Келер жылы пайдаланылуға берілмек. Бұл аумақтағы балалар әл Фараби шағын ауданы мен Досан ауылындағы мектептерге қатынап оқиды. Аталған бағдарламамен 4 мектеп, 1 балабақша жөнделсе, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Ақсуат ауылдық округіндегі №143 орта мектепке күрделі жөндеу жүргізілуде. «Арай», «Саяхат», «СПМК-70» шағын аудандарына мектеп қажет. Оны біз жеке кәсіпкерлер арқылы шешу жолдарын қарастырып жатырмыз, – дейді қалалық білім бөлімінің міндетін атқарушы Парасат Жаңабергенов.


Қазір қала көшелерінде жол жөндеу жұмыстары да қызу жүргізілуде. Мәселен, И.Журба көшесінен бөлек жаяу жүргіншілер жолы да жаңартылуда. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында жол жөндеу жұмыстарына 30 адам, жаяу жүргіншілер жолын салуға 14 адам қосымша жұмыспен қамтылған.


– Қазір арнайы комиссия жұмыс істейді. Лаборатория зерттеуге келеді. Жұмыс сапасыз болса, қабылданбайды. Қайтадан істейсіз. Екі рет жол салғаннан бір рет сапалы жұмыс істеген сізге де, бізге де қолайлы. Қаланың шет аймағында бір емес екі көше қайта жасалып жатыр. Бұл кәсіпкер шығындалды деген сөз. Сондықтан, ісіміз мығым, тірлігіміз тиянақты болсын, – деді қала әкімі нысан басында.


Шет аймақтар да шеттетілмейді. Темір жолдың арғы бетіндегі М.Көкенов атындағы көшеде жаяу жүргіншілер жолы заманауи үлгіде жарақталуда.
Қыс шананы жаз сайлауға кіріскен қала басшылығы осы күні жылу жүйелері құбырларын да ауыстыруда. Іргелі істің бір парасы А.Тоқмағамбетов көшесінде басталып кеткен. Десе де, мұнда жұмысшылар саны аз болғандықтан баяу жүруде. Қала әкімі бұл жеңіл қарайтын мәселе емес екенін айтты. Естеріңізде болса, өткен жылу маусымында да қиындықтар болған еді.


– Тендерден ұтып алған соң, жұмыс істеу керек. Кәсіпкерлердің жұмысына кедергі болып тұрсыз. Бұл көшенің бойында сұлулық салондары, қызмет көрсету орындары, дүкендер жиі салынған. Алыс ауыл емес, орталық көше, қаланың жүрегі. Сондықтан 24 сағат үш ауысыммен жұмыс істеңіздер. Тез әрі сапалы жұмыс болсын. Барлығын қазып, жайратып тастауға да болмайды. Бір бөлікті қазып, құбырды ауыстырып болған соң келесі бөлікті қазып әрі қарай жұмыс істеу керек. Адам қауіпсіздігін назарда ұстап, жауапкершілікпен жұмыс істеңіздер, – деп тапсырды Н.Нәлібаев.


«Қызылорда жылу электр орталығы» мекемесінің жылу жүйелері филиалының басшысы Бақытжан Молдимановтың айтуынша, бұл жердегі құбырлар кемінде 25 жыл қызмет атқарған. Көнерген соң қажетті жылуды жеткізуде мәселе туындайды әрі апаттық жағдайлар жиілейді. Ал жаңа құбыр – Қарағандыдан әкелінген сапалы тауар. Ол 30 жылға жарамды деп отыр мамандар.


Биыл қала бойынша 7 ша­қырым жылу құбыры ауыстырылады. Ал «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы шеңберінде 6 жобада 193 адам жұмыспен қамтылды. Барлық жұмыс 1 қазанға дейін бітіп, сынақ жұмыстары жүргізіліп, 15 қазанға дайын отыруымыз керек. Біздің меже – осы, – дейді Б.Молдиманов.


Дәулет ҚЫРДАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<