ОСК жергілікті мәслихат депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындысын шығарды

884

0

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсыну және тіркеу қорытындыларын шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Республикада барлық деңгейдегі 216 мәслихат бар: 17-сі – облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының мәслихаттары; 36-сы – қалалық мәслихаттар; 163-і – аудандық мәслихаттар. Депутаттардын саны – 3276. Мәслихатқа тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шекараларындағы сайлау округтерінде сайлау алғаш рет саяси партиялардың партиялық тізімдері бойынша өтеді. Мәслихат депутаттарын сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді аумақтық сайлау комиссиялары қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауын дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың үлгілік күнтізбелік жоспарына сәйкес партиялық тізімдерді ұсыну 2020 жылғы 10 қарашадан басталып, 2020 жылғы 4 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталды», – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ерлан Дауылбаев.

Оның айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 12-бабының 2-1) тармақшасына сәйкес, 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауына қатысуға Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде белгіленген тәртіппен тіркелген 6 саяси партияға рұқсат берді. Аумақтық сайлау комиссияларына 5 саяси партиядан Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсыну туралы құжаттар ұсынылды.

Олар «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы»; «Nur Otan» партиясы»; «ADAL» саяси партиясы»; «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы»; «Қазақстанның Халық партиясы».

«Барлығы 840 партиялық тізім ұсынылды немесе орташа алғанда бәсекелестік бір орынға 3,9-ды құрады. Бұл ретте «NurOtan« партиясы мен «АDAL« саяси партиясы өңірлердегі барлық 216 мәслихатқа сайлау округтері бойынша тізімдерді ұсынды. «Ақ жол« Қазақстанның демократиялық партиясы – 175 тізімді ұсынды немесе барлық өңірлердегі округтердің 81 пайызын қамтыды. «Ауыл« халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 159 тізім немесе барлық өңірлердегі округтердің 73,6 пайызы. Қазақстан Халық партиясы – 74 тізімді ұсынды немесе округтердің 34,3 пайызын қамтыды»,- деді ол.

ҚР ОСК мүшесінің дерегінше, 17 округ бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарына 75 тізім (1392 кандидат) ұсынылды немесе бәсекелестік 4,4-ті құрады. 7 өңірде барлық бес партияның тізімдері ұсынылды. Оның ішінде 4 партия барлық 17 мәслихатқа тізімдер ұсынды. 36 округ бойынша облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына 134 тізім (1415 кандидат) ұсынылды немесе бәсекелестік бір орынға 3,7-ні құрады. Оның ішінде «NurOtan» (1031 кандидат) және «АDAL» (101 кандидат) партияларының тізімдері барлық өңірлерде берілді. «Ақ Жол» партиясы – 13 өңірде (168 кандидат), Қазақстанның Халық партиясы – 9 өңірде (61 кандидат), «Ауыл» партиясы 7 өңірде (54 кандидат). Аудандық мәслихаттардың 163 округі бойынша 631 тізім (5527 кандидат) ұсынылды немесе бәсекелестік бір орынға 3,9 құрады. Соның ішінде 4 партия барлық өңірлерде бар. Қазақстанның Халық партиясы 9 өңірде ғана тізімдерін берді.

«Партиялық тізімдерге 8334 кандидат енгізілді, оның ішінде 3721-і – әйелдер мен 29 жасқа толмаған адамдар. Яғни, 30 пайыздық квота сақталып отыр. Оның ішінде: – «Ауыл« халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 611 кандидат, соның ішінде 326 немесе 53,4%-ы әйелдер мен 29 жасқа толмаған адамдар; – «Nur Otan« партиясы – 6234 кандидат, соның ішінде 2527-сі немесе 40,5%-ы әйелдер мен 29 жасқа толмаған адамдар», – деді ол. Сонымен қатар Ерлан Дауылбаев аумақтық сайлау комиссиялары уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, мәслихат депутаты болып сайлану үшін партиялық тізімге енгізілген кандидаттарды Конституция мен Сайлау туралы конституциялық заңның талаптарына сәйкес келуі тұрғысынан тексеруді жүзеге асыратынын айтты.

Нәтижесінде, партиялық тізімдерге енгізілген кандидаттардың Конституцияның және Сайлау туралы конституциялық заңның талаптарына сәйкес келетіні анықталды. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 104-бабына сәйкес саяси партиялар ұсынатын партиялық тізімдерді тіркеуді аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады. Партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялар саяси партиялардың қаражатынан жергілікті атқарушы органдардың шотына партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен жалақының бес еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізеді.

Саяси партиялар сайлау жарналарын енгізді. Партиялық тізімдерді тіркеу 2020 жылғы 10 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18-00 де аяқталды. Барлығы 832 партиялық тізім тіркелді, оның ішінде:- «Nur Otan» партиясы» – 216; «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» – 158; «ADAL» саяси партиясы» – 215; «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы» – 174; «Қазақстан Халық партиясы» – 69», – деді Ерлан Дауылбаев. Оның айтуынша, партиялық тізімдерді тіркеу туралы мәліметтер саяси партия ұсынған кандидаттар мен олардың жұбайлары декларациялаған кірістер мен мүлкі туралы мәліметтердің анықтығын тексеру үшін уәкілетті мемлекеттік органға жіберілді. Саяси партия ұсынған кандидат пен оның зайыбы (жұбайы) декларациялаған кірістер мен мүлік туралы мәліметтердің анықтығын мемлекеттік кірістер органдары партиялық тізім тіркелген күннен бастап он бес күн ішінде тексереді. Бұл ретте «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда партиялық тізімді тіркеу туралы шешімнің күшін жоюдың немесе партиялық тізімге енгізілген адамды осы тізімнен шығару туралы шешім қабылдаудың негіздері көзделген.

«Мәселен, аумақтық сайлау комиссиясы мынадай жағдайларда партиялық тізімді тіркеуден бас тартады немесе тіркеу туралы шешімнің күшін жояды: саяси партия партиялық тізімді ұсыну қағидаларын бұзған, тіркеу үшін қажетті құжаттарды ұсынбаған жағдайда; партиялық тізімді ұсынған саяси партия, ол ұсынған кандидаттар, оның сенім білдірілген адамдары сайлау алдындағы үгітті тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін, сайлау күні не соның алдындағы күні жүргізген кезде; сот кандидаттың және (немесе) оның сенiм бiлдiрілген адамдарының басқа кандидаттың ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн, оның iскерлiк беделiн түсіретін жалған мәлiметтердi тарату фактiсiн анықтағанда; бүкіл партиялық тізімнің елу пайызынан астамын құрайтын адамдар партиялық тізімнен шыққан жағдайда; сот партиялық тiзiмдi ұсынған саяси партияның немесе оның сенiм бiлдiрiлген адамдарының сайлаушыларды сатып алу фактiлерiн анықтаған кезде. Осы Конституциялық заңда белгiленген өзге де жағдайларда партиялық тізімді тіркеуден бас тартады немесе тіркеу туралы шешімнің күшін жояды», – деді ҚР ОСК мүшесі.

Сонымен қатар ол аумақтық сайлау комиссиясы партиялық тізімге енгізілген адамды осы тізімнен шығару туралы шешімді мынадай жағдайларда қабылдайтындығын айтты.

«Партиялық тізімге енгізілген адам кандидатқа Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда қойылатын талаптарға сәйкес келмеген; кандидаттың немесе оның зайыбы (жұбайы) декларациялаған кірістері мен мүлкі туралы мәліметтерді ұсынуы кезінде Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес мәліметтердің анық еместігі анықталған; партиялық тізімге енгізілген адамның өзінің сайлау алдындағы науқанында лауазымдық немесе қызмет жағдайын пайдалануы анықталған; партиялық тізімге енгізілген адам сайлау алдындағы үгітті партиялық тізімді тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін, сайлау күні не соның алдындағы күні жүргізген; партиялық тізімге енгізілген адамның немесе оның сенім білдірген адамдарының сайлаушыларды сатып алу фактілерін сот анықтаған жағдайда; осы Конституциялық заңда белгіленген өзге де жағдайларда партиялық тізімге енгізілген адамды тізімнен шығару туралы шешім қабылдайды», – деді Ерлан Дауылбаев.


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<