Пандемия және полиция пәрмені

525

0

Әлемді әбігерге салған індет кезінде погондылардың пәрмені күшейіп, оларға артылар жауапкершілік жүгі де салмақтана түсті. «Менің ойымша, елімізде коронавирусқа қарсы шайқаста алдыңғы шепте жүрген полиция, медицина қызметкерлері, әскерилер мен еріктілер – жеке монументке лайық адамдар», – деп Мемлекет басшысы да олардың сындарлы сәттегі ролін айқындап берген еді.

11 маусым күнгі мәліметке сенсек, пандемия басталғалы бері елде ішкі істер органдарының 7 мыңдай қызметкері коронавирус жұқтырды. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 27 әріптесін ажал тырнағынан арашалап қалу мүмкін болмағанын айтып отыр. Оның 12-сі – полиция, 10-ы – ішкі істер органдарының әкімшілік қызметкері, 5-і – әскери қызметкер. Қауіпті індетке қарсы ұжымдық иммунитет қалыптастыру мақсатында бүгінде сала өкілдерінің 93 проценті коронавирусқа қарсы екпе салдырды.

Иә, айтпай келген ауру біздің ғана емес, бүкіл әлемнің өмір сүру салтын өзгертіп, қалыпты тіршілік ырғағын бір-ақ сәтте басқа арнаға бұрып жіберді. Бұрынғы емін-еркін жүріс тыйылып, тәртіпке бағыну қажеттілігі туындады. Талай адам аядай бөлмеге тығылып, төрт қабырғаға телміруге мәжбүр болды. Жұмыстан шет қалғандардың ахуалын көргенде Абайдың «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын» дегені ойға оралды. Санаға түскен психологиялық салмақ өз кезе­гінде қылмыстың өршуіне жол ашты.

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, карантин кезінде отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі ушыққан. Соңғы бес жылда балаларға қарсы қылмыстар саны 30 процентке төмендегенімен биыл көрсеткіш күрт көтерілген. «Бұған адамдардың ұзақ уақыт үйде оқшаулануы және балалардың мектепке бармай, онлайн сабақ оқуы түрткі болды. Көп жағдайда қылмысқа отбасылық проблемалар, тұрмыстың төмендігі және ата-аналардың қоғамға жат өмір сүру салты себеп болды», – деді Е.Тұрғымбаев. Пандемия уақытында полицейлердің көбі блок-бекеттерге шығып, көшедегі санитарлық талаптың сақталуын қадағалауға жұмылдырылды. Тұрмыс­тық зорлық жайы осы себепті назардан тыс қалғанын министрдің өзі мойындап отыр. Республика көлемінде ішімдік ішу салдарынан кісі өлтіру көрсеткіші де едәуір жоғары болды. Әйтсе де, бұл қылмыстарды әшкерелеу, дәлелдеу сияқты қыруар жұмыстың сыртында тәртіп сақшыларының еңбегі жатқанын жоққа шығара алмаймыз.

Дегенмен, биыл бес айда аймақта криминогенді ахуалдың аздап тынышталғаны байқалады. Есепті кезеңде қылмыс саны 13 процентке төмендеді. «Қоғамдық орындарда, көшеде, мас күйінде, отбасы-ошақ қасында жасалған келеңсіздіктер саны азайды», – дейді облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шамшидин Амитов. Бірақ алаяқтарға тосқауыл қою қиын болып тұр. Жыл басынан бері осы санатта 409 қылмыс тіркелсе, соның 268-інде арам пиғылдылар «құрбандарын» интернет немесе әлеуметтік желіде тұзаққа түсірген. Сондықтан полиция халықты барынша сақ болуға шақырады.

Қоғам тыныштығының қорғаны – ішкі істер органдары қызметкерлерінің еңбегі бағалануы тиіс. Осы орайда 2021-2023 жылдар аралығында полиция қызметкерлерінің жалақысы өсетіні мәлім болды. Бірінші кезеңде әлеуметтік жағынан аз қамтылған сержанттар, кинологтар, учаскелік полиция көмекшілері мен күзет қызметкерлерінің жалақысы 15 проценттен 58 процентке дейін көтеріледі. Қалған қызметкерлердің жалақысы осы кезеңде 30 процентке артады. Министрлік әлеуметтік пакет кадрлық құрамның сапасын арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелін азайтуға ықпал ететініне сенімді.

Сала мамандары мемлекет қолдауының қайтарымы ретінде «менің полициям мені қорғайды» деген түсінікке лайық болуы қажет. Мемлекет басшысы айтқандай, олардан талап етілетіні – жұмыс тиімділігі мен халық сенімі.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<