Қала қарбаласындағы бір тоқсан

602

0

Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті.

Сырдария ауданын алты жарым жылдай басқарған ол қазіргі қызметі өзіне екі есе зор жауапкершілік пен міндет жүктейтінін жеткізді. Ғанибек Қонысбекұлы қаланың қарбалас тірлігіне, қым-қуыт өміріне бірден білек сыбана кірісіп кетті. Содан бері арада үш ай өтіпті. Бірақ басқосуда сала-құлаш цифр тізіп, баяндама жасаған жоқ. Оның орнына қоғамның тамыр бүлкілін тап басып, боямасыз жеткізуге тырысатын журналистердің өзін тыңдауға уақыт бөлді. Әріптестеріміз екі сағат шамасында шаһардағы маңызды мәселелердің шетін шығарып, олардың орындалуында әкім командасына сенім артты.

Республикалық «Тіл сақшысы» газетінің бас редакторы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Сәдуақас Аңсат халқының басым бөлігі қазақ екеніне қарамастан өңірде мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты бірер түйткіл барын жасырмады.

– Мысалы, аялдамалардың атауы әлі күнге толық қазақшаланып біткен жоқ. Сырттан келгендер бізге сын көзбен қарайды. Мұны жөндеуге әбден болар еді. Жаңадан бой көтерген ғимараттардың маңдайшасын ағылшын, орыс тілінде жазып іліп қояды. Ата заңда қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде көрсетілсе де тірлігіміз мынау, – деді ол.

Ардагер журналист Айткүл Шалғынбаева қала әкімі жұмысының беталысын жоғары бағалады.

– Проблеманы шұғыл шешуге талпыныс көңілден шықты. Соның бір мысалы – насос қондырғыларын орнату арқылы аяқсу мәселесін шешудегі игі бастама. Дәл осы қарқынмен кейбір көпқабатты үй тұрғындарының ауызсуға зәрулігін де жолға қоятынына сенеміз, – деді ол.

Жиында «КБИ» мен «Шұғыла» шағын аудандарының аралығында теміржол өткелін салатын кез жеткені, «Сәулеттегі» асфальт жолдың жүргіншілер үшін қауіптілігі, мұнда балаларға арналған ойын алаңының жоқтығы, Белкөл кентіндегі қоқыс алаңының талай жылдан бергі өткір жағдайы экологиялық ахуалды ушықтырып отырғаны көтерілді.

Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрайымы Қаршыға Есімсейітова облыс орталығында Әдебиет үйін, ал «Ұстаз мәртебесі» газетінің бас редакторы Нұрлан Көбегенұлы Журналистер аллеясын ашуды ұсынды. Қала әкімі қаламгер қауымның тілек, пікірі бойынша тиісті мүмкіндіктер қарастырылатынын тілге тиек етті.

Дегенмен, су, тазалық, қоғамдық көлік мәселелері алдыңғы орында екенін шегеледі.

– Қалада 880 көше бар. Үш айда ой-шұңқырын түгел аралап шықтым. Әр түкпірде қоқыс жатыр. Соның жартысын тастайтын – тұрғындардың өзі. Бұл халықтың тазалық мәдениетінің өлшемі болса керек. Осы сияқты жәйттерге байланысты сананы ояту, мәдениетті көтеру бағытында сіздердің көмектеріңіз керек, – деді Ғанибек Қонысбекұлы.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<